Өнегелі өмір иесі

Өнегелі өмір иесі

«Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» демекші, адамзат баласы үшін ата-анадан құнды өмірде ешкім жоқ шығар. Асқар таудай әке, мөлдір бұлақтай ана, жайқалған құрақтай бала — отбасының негізгі өзегі. Отанның өзі отбасынан басталатындығын ескерсек, қоғамдағы әрбір әулеттің еліміз үшін қосар үлесі зор. Ал олардың арасындағы әулетті, сәулетті, дәулетті отбасылар қашанда өзгеге үлгі болуы тиіс. Олар – қоғамның айнасы іспеттес. Шаңырақ бүтіндігін осы күнге дейін сақтап, соңынан ерген тұяқтарын аяққа тұрғызып, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірген Нұғмановтар отбасы бүгінде көпке үлгі.

Тарих беттерін парақтап, өткенді біраз еске алар болсақ, сонау 1916 жылғы зұлматты заманда Жақыпбек деген болыс болған екен. Жақыпбек құралайды көзге ататын інісі Жақыпберді екеуі ел бастаған Ұзақ пен Жәмеңкеге көмектесіп, қол жинап, патша жендеттеріне қарсы шыққан ел ішіндегі беделді азаматтар болған деседі. Біз әңгіме еткелі отырған Нұғмановтар отбасының отағасы Нөкербан сол Жақыпбектің ұлы Нұғманның отбасында қазіргі Кеген ауданының  Шырғанақ ауылында 1930 жылдың 5-ші желтоқсанда дүниеге келіпті. 1932 жылы ел басына күн туған шақта, қуғын-сүргін салдарынан ата-анасының құшағында шекара асып, Қытайға жер аударылған екен. Жат елге барған соң да Нөкербанды тағдыр маңдайынан сипай қоймаған. Небәрі екі жасында анасынан, ал үш жасқа толар-толмасында әкесінен айырылған. Тұл жетім қалған баланы тоғыз жасқа дейін әжесі Бүбіәйім бағып-қағып, тәрбиелепті. Тоғыз жасында әжесі де дүниеден өтіп, белі қатпаған жасөпірімге қорған болар ешкімі қалмайды. Тағдырдың басына салғанына мойынсұнбасқа амалы қалмаған Нөкербан байлар мен көпестерге малай болып күнін көрген. Еңсесін түсірмей, еңбектеніп нәпақасын тауып жеген. Осы кездерде оның сауат ашуына мол мүмкіндіктер туған. Себебі, бай балаларына арнайы мұғалімдер келіп сабақ оқытқанда босағада отырған Нөкербан ұстаздың үйреткендерін жерге жазып, хат тани бастаған екен. Осындай талпынысының арқасында бағы жанып он екі жасында мектеп табалдырығын аттапты. Өзінің зеректігі мен алғырлығының арқасында сегіз жылдық мектепті төрт жылда үздік бітіріп, Қытай заңына сәйкес 16 жасқа толысымен азаматтық борышын өтеуге әскер қатарына алынады. Өз борышын абыроймен атқарған оған кейін екі ағасының орнына екі жылдан төрт жыл тағы да әскери қызмет атқаруына тура келеді. Осы алты жылдың ішінде әскери-медициналық госпитальда жұмыс істеуге мүмкіндік алып, медицина саласына қызығушылығы сонда артады. Сыртқат жанның дертіне дауа болып, ауруынан айықтыратын ізгілікті мамандықты жаны сүйіп жиырма бес жасында техникумға оқуға түсіп, фельдшер мамандығын игеріп,  үздік бітіреді.

Дана халқымыз: «Адам өз өміріне екі нәрсені таңдауда қателеспеуі керек: біреуі –жар таңдау, екіншісі –мамандық таңдау» деп бекер айтпаған. Жанына жақын мамандығын таңдаған Нөкербан ағамыз жар таңдаудан да жаңылмай, отбасын құрды. Өзінен он жас кіші, небәрі он бес жастағы Тұрсынхан апамызбен бас қосқан. Тұрсынхан апамыз туған ата-анасы мен бағып-қаққан ата-анасы бар екі отбасының ортасында еркелеп өскен зерек те еңбекқор қыз болыпты. Отбасына бірден судай сіңіп кетіпті. Нөкербан атамыздың білімге құштарлығы, оқуға деген ынтасының арқасында Үрімжі қаласында білімін жетілдіріп, Тибет медицинасын меңгеріпті. Алтын инемен және шөп дәрілермен емдеу ісін жоғары деңгейде игерген. Сол кездері Құлжа өңірінде безгек (малерия) ауруымен күресетін мамандар даярлайтын медицина институтының филиалы ашылған екен. Өз ісіне мығым, еңбекқор Нөкербан Нұғманұлын сол институттың бастығы етіп тағайындайды. Білікті басшы жас мамандарды оқытып қана қоймай жазғы демалыс уақыттарын тиімді өткізуге тәрбиелеген. Ауыл-ауылды аралап халыққа қызмет етіп, безгекке қарсы күрес жүргізген. 1957 жылы Үрімжіде өткен медицина қызметкерлерінің съезінде «Безгекпен күрес бағыттары» атты баяндамасын жасап, сол  баяндама шеңберінде Қытайдың жер- жерінде «Нөкербан Нұғманұлының берген бағыттарымен жұмыс істеу керек» деген қаулы қабылданған екен. Осы еңбегі жоғары бағасын алып, Нөкербан Нұғманұлына «Қытай Халық Республикасының медицина қызметкерлерінің үздігі» деген атақ беріліп, кеудесіде жарқырата орденін қадапты. Сол жылдары білікті маманның дәрігерлік кеңестері мен ғылыми мақалалары ҚХР «Денсаулық» атты журналында жарық көріп тұрыпты.

«Пәлен жерден пайда бар, өз еліңдей қайда бар?! Жақсы жігіт жер шолып, ақыр түбі айналар» деп дана халқымыз айтқандай қаншама атақ, абырой арқалап жүрсе де Нөкербан атамыздың бар ойы туған топырағына оралу еді. Туған елдің топырағын басып, ауасымен еркін тыныстап жүруді армандайтын. «Әкем сенің төсіңде атын тұңғыш ерттеген, анам сенің төсіңде тамыр жайып көктеген» деп Мұхтар Шаханов жырлағандай ата-бабасының тамыр жайып көктеген, өзінің кіндік кесіп, өмірге келген жеріне 1963 жылдың 19-шы мамырында Алла сәтін салып оралады. Нөкербан атамыз отбасымен алдымен Қызылорда облысына қарасты Жалағаш ауылына көшіп келеді. Келген бетте аудандық ауруханаға жұмысқа тұрып, мамандығы бойынша қызметін жалғастырады. Осы жылдың 13-ші желтоқсанында қасиетті Жетісу өлкесінің кіндік қаны тамған Шырғанақ ауылына қоныс аударады. Туған жеріне орнығып, ұрпағын өрбітіп, зейнеткерлікке шыққанша денсаулық сақтау саласында үздіксіз қызмет атқарады. Терапевт, фельдшер, хирург, травматолог, аудандық дизенфекциялау орталығының бастығы, бірнеше ауылдар мен аудандарда орналасқан медицина мекемелерінің бас дәрігері және басқа да қызметтерді абыроймен атқарып, елдің алғысын  арқалайды. 1989 жыл мен 1992 жылдар аралығында республикалық  басылымдарда «Алтын ине жанға араша», «Алтын инемен 600 түрлі ауруды емдеуге болады» атты тақырыптарда мақалалар жазып, оқырман назарына ұсынып отырған. Сырқатына ем іздеп үйіне келген науқастарды да қонақ етіп, емдеп, бетін қайтармаған екен. Паралич болып қалған науқастарды аяғынан нық тұрғызатын қасиеті болған. Талай ел басылым беттерінде Нөкербан атамызға алғысын жариялапты.

Нөкербан Нұғманұлы жанұясына ерекше көңіл бөлген жан. Тұрсынхан анамыз екеуі өмірге он үш ұрпақ әкеліп, өсіріп, жеткізген. Қазақта: «Ұл тәрбиелей отырып-жер иесін тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып-ұлтты тәрбиелейміз» — деген дана сөз бар. Ұлдары әкеге қарап өссе, қыздарына анасынан үлгі алған. Барлығы да білімді, мәдениетті, ұлтжанды, еңбекқор болып өсті. Мерейі тасыған отбасында тәрбие алған ұрпақтары әкелерінің ұлағатты өсиеттері мен өнегелі істерін санасына сіңірді. Нөкербан атамыз тек медицина саласының майталманы ғана емес әрі тарихшы, ақындық өнері де бар шежіре кеуде азамат болған. Ол кісі қазақ жерін жаудан қорғаған батыр бабаларымыз туралы тәуелсіздіктен кейін ең алғашқылардың бірі болып қалам тартқан азамат. Әлмерек бабамыз туралы «Әлмерек Абыз – Батагөйші батыр!» тақырыбында бірінші болып игі істерге мұрындық болған. Өмірден өтер алдында көзі көрмей қалса да тарихи тағылым беретін құндылықтарды өскелең ұрпаққа жеткізуін тоқтатпаған. Нөкербан Нұғманұлы 1999 жылы 17 қаңтарда дүниеден озған.

-Небәрі он бес жасымда Нүкенмен отбасын құрған едік. Өмірлік жарыммен қырық бес жылдай қол ұстасып ғұмыр кешіппін. Аллаға шүкір ұрпақ өсірдік, мағыналы өмір кештік. Әу баста оң мен солымды танымай босаға аттаған маған өзге отбасына сіңіп кету өте қиын болды. Осы сәтте отағасы көп демеу көрсетіп, отбасылық өмірге бейімдеді. Маған «мектептегі біліммен шектеліп қалуға болмайды, сен жоғары білім алуың керек» деп медицина институтына оқуға түсуіме себепші болды. Алтын инемен, шөп дәрілермен емдеуді үйретті. Нүкен науқастарды емдегенде қасында үнемі мен көмекшісі болатынмын. Ал, отбасында ұл-қыздарымызға жақсы әке бола білді. Бала тәрбиесін бірінші орынға қоятын. Білім ұрпақтың өмірде адаспайтынын үнемі айтып отырушы еді. Бәрін біліп айтқан екен,- деп жарын еске алады Тұрсынхан ана.  Иә, өнегелі отбасынан үлгілі ұрпақ өседі. Осындай өнегелі тәрбиенің арқа­сында балаларының ешқайсысы ата-анасын жерге қаратпай, ардақты әке есімін абыроймен алып жүр. Әкеге қарап өскен ұлдары Әлмұрат, Елмұрат, Мұрат, Нұрлан, Елдос, Алмасбек пен ана қасиетін бойына сіңірген қыздары Гүлғасыл Эльмира, Нұргүл, Жарқынай, Гауһар, Елгүл, Кенжегүл  бүгінде отбасылы азаматтар. Әр қайсысы еліміздің әр саласында табанды еңбек етіп, ел экономикасының өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосып келеді. Ал, Тұрсынхан анамыз осы ұл-қызынан сүйген елу немересі мен отыздай шөбересінің қызығын қызықтап отырған мәуелі бәйтерек. Кезінде отағасы айтып кеткендей он үш баласы он үш отау иесі болып, әрқайсысы зулаған көліктерімен анасының аяғын жерге тигізбей аялап бағуда. Бақыт деген осы емес пе?!

Биыл Нөкербан Нұғманұлының өмірден өткеніне 20 жыл толып отыр. Салмақты да сабырлы мінезімен, мейірбанды қалпымен қайырлы ғұмыр кешкен атамыздың нұр бейнесі ұрпағының жүрегінде мәңгі сақтаулы. Ұрпақтары әкелерінің артында өшпестей мұра етіп қалдырған нақыл сөздерін санасына түйіп, жазған шығармаларынан нәр алып келеді. Ғибратты ғұмыр кешкен әкелерін үнемі еске алып, Құран бағыштап, Алладан медет сұрайды.

Перизат Нұрқаева,

«Талғар».