Отбасы – елдің тірегі

Отбасы – елдің тірегі

Мемлекет мерейінің биік болуы қашанда отбасының ынтымақ-бірлігіне тікелей байланысты. Келешегіміздің жарқын болып, алға қойған мақсаттарға жетудің кепілдігі де жанұядағы өзара түсіністік пен татулық тамырының тереңге бойлауында екені анық. Отбасы – қоғамның алтын діңгегі. Елін, жерін сүйетін азаматты қалыптасыратын орта ол – жанұя. Себебі, Отан – отбасынан басталады. Елбасы да өзінің кезекті Жолдауларының бірінде: «Халқымыздың әлеуметтік жағдайын дамытып, азаматтардың бақуаттылығын арттырумен бірге, мемлекеттің іргетасы – берік отбасы, үлгілі шаңырақтан басталатынын» қадап айтқан болатын. Жанұялық құндылықтарды нығайту мақсатында елімізде «Отбасы күні» мерекесін енгізіп, түрлі бастамаларды қолға алып жатыр. Қоғамның негізгі мақсаты – адамдарды бақытты ету, ал мұның өзі терезесі тең, берік отбасына байланысты. Жеке адамның бойындағы ар-ұятын, ақыл-ойын, адамгершілігін, мәдениеттілігін тәрбиелеуде отбасының орны ерекше. Сондықтан да, отбасылық құндылықтарды насихаттау мақсатында аудаымызда түрлі шаралар ұйымдастырылып келеді.

Соның бірі – Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен «Отбасы-елдің тірегі» атты тәрбиелік шарасы. Бұл шараны аудандық Аналар кеңесі мен «Ауыл әйелдері» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған. Тәрбиелік шара сайыс түрінде өтіп, оған қатысқан отбасылар үш кезең бойынша өнерлерін ортаға салды. «Тегіңді білу-тектілік» деп аталатын сайыстың бірінші кезеңінде отбасылардың бірі бейнеролик арқылы өздерін таныстырса, енді бірі сахналық көрініс арқылы отбасының құрылуын суреттеді. Одан кейінгі кезең «Өнерліге өріс кең» деп аталып, әрбір шаңырақ бар өнерлерін паш етті. Бірі би биледі, бірі ән салды. Ал, «Қонақ күте білеміз бе?» деп аталған сайыстың үшінші кезеңінде отбасылар ұлттық тағамдар әзірлеп әкеліпті. Барлығы да тіл үйіріп, қазылар мен залға жиналған көрерменнің жоғарғы бағасын алды. Бұл күнгі игі шараға қатысып отырған «Кәусар» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Найля Үмбетова, аудандық «Нұр Отан» партиясы төрағасының орынбасары Мейрамгүл Ермағанбетова, аудандық қоғамдық келісім бірлестігінің төрайымы Жұмақыз Бұтабаевалар сайыс барысында отбасылардың сахналық киімдеріне, таныстыру шеберлігіне, өнеріне, қонақ күту ерекшеліктеріне жете мән беріп, сайысты қорытындылады. Игілікті шараға қатысып, белсенділік танытқан талғарлық Абасалы Исмайлов пен кеңдалалық Қайрат Сірекбаевтың отбасын «Алғыс хаттармен» марапаттап, бағалы сыйлықтарын табыс етті.

Перизат НҰРҚАЕВА,

«Талғар».