«АУЫЛ АМАНАТЫ» ЖОБАСЫ ЕЛГЕ НЕ БЕРЕДІ?

«АУЫЛ АМАНАТЫ» ЖОБАСЫ ЕЛГЕ НЕ БЕРЕДІ?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылға дейін халықтың табысын арттыру тапсырмасының арқасында ауыл тұрғындарының жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайызды құрайтын жеңілдетілген несие алуға, кооператив құру және техниканы лизингке ресімдеу кезінде көмек алуға мүмкіндігі пайда болды. Осы бағдарлама аясында «Аманат» партиясы үкіметпен бірлесіп, «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыруда.

«Аманат» партиясының «Ауыл аманаты» жобасын таныстыру мақсатында Талғар ауданына Нұр-сұл­тан қаласынан арнайы іс-сапармен бір топ партия мүшелері келді. Олар тамыздың 29 күні ауданымызға қарасты Қайнар, Нұра, Еламан сынды бірнеше ауылды аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Топ мүшесі Ұланбек Нұрманов: «Бұл жоба 2019 жылы Жамбыл облысында бастау алып, өз нәтижесін көрсетіп отыр. Ауыл халқының жан басына кірісі басында қырық мың теңге болса, осы бағдарламадан кейін 90 мың теңгеге көтерілген. Түрлі саладағы шаруашылық дамып, тұрмыс сапасы жақсарды», – деп қарапайым халықты бұл жобаға сенім артуға шақырды. Бұл бағдарлама 2023 жылдан 2025 жылға дейін жоспарланған. Мал шаруашылығы, егін шаруашылығы, қызмет көрсету, құс шаруашылығы сынды бірқатар салаларды қаржылан­дырады. Азаматтық жасқа толған, зейнет жасына жетпеген әрбір Қазақстан азаматының ол несиені алуға мүмкіндігі бар. Отбасында отырған аналар, жұмыссыз жастар, кәсіп бастағысы келетін жеке тұлғалар да өтінім бере алады. Алайда мемлекет қызметкерлерінің бұл жобаға қатысуына мүмкіндігі жоқ екен. Сауда-саттық пен құрлыста жүрген азаматтарға да берілмейді.

Топ мүшелерінің бірі – Нұрлан Дулатовтың айтуынша, бұл жобаның осыған дейін жүзеге асырылған жобалардан артықшылығы бар. «2,5 пайыздық жеңілдікпен несие беру – ауыл шаруашылық техникасы мен құралдарын лизгингке ресімдеу, кооперативке арналған инвестициялық субсидиялар беру және ауыл шаруа­шылығы саласындағы білікті мамандардың кеңесін алу», – дейді. Тіпті, құжат жинағанда да халық аудан, облыс орталықтарына сабылып, әуре болмайды. Арнайы мамандар өздері келіп, бизнес жоспарын жасауға, құжат жинау жұмыстарына да көмектесетінін айтты. Жобаның мақсаты – ауыл шаруа­шылығы тауарын өндірушілерді жан-жақты қолдау, ауыл тұрғындарын агробизнеске барынша тарту, азық-түлік қауіпсіздігі және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты мәселелерді шешу. Кәсіпкерлікті дамытуды мақсат еткен бұл бағдарламада несие алудың өз алғышарт­тары бар. Мысалы, сіз банк алдында берешегіңіз бойынша «қара тізімде» болмауыңыз керек. Міндетті түрде үйіңізді кепілдікке қоясыз. Арнайы мамандар үйіңізді бағалап, сізге беретін несиенің мөлшерін сол жылжымайтын мүлкіңіздің құнының сексен пайызына ғана туралайды. Бірақ мемлекет алдындағы берешегіңізді уақытында қайтара алмасаңыз, баспанаңыздан бас тартуыңызға тура келетіні айтпаса да белгілі. Осы жоба аясында жүргізген шаруашылығыңыз шатқаяқтап, зиян шексеңіз, мемлекет ешқандай көмек көрсете алмайды екен. Сақтандырған компанияңыз арқылы өзіңіз шешімін табуыңыз керек болады. Онсыз да қарыз қыспағындағы қазақстандықтарды бұл жоба аяғынан тік тұрғыза алады ма? Басы таудай болып басталатын осындай қайырымды істің аяғы қылдай болып, халықтың қамы үшін бөлінген қаржының «тістегеннің аузында, ұстағанның қолында» кететіні де өтірік емес.

Десе де, ауыл халқы бұл жобаға үлкен қызығушылық танытты. Алайда ауылдарда жайылымның жоқтығы, үй құжаттарының дұрыс еместігі сияқты бірқатар түйіткілді мәселелер көтерілді. Сондай-ақ халық осы бағдарламаға арнайы мамандарды көптеп тартып, оқыту-түсіндіру жұмыстарын тереңірек жүргізуді сұрады. Ауыл ақсақалдары «мемлекет бөлген халықтың ырыздығы жемқорлардың жемсауына түсіп кетпей, мақсатты жеріне жұмысалсын» деп ашып айтты.

Зорагүл Әбдіқадір