АТА ЗАҢ – ЕЛ ТІРЕГІ

АТА ЗАҢ – ЕЛ ТІРЕГІ

Биыл Ата заңымыз – ел Конституциясына 27 жыл. Терең тарихымыз бен жарқын болашағымыздың алтын арқауы, тәуелсіздігіміздің төлқұжаты болған Ата заңымыз 1995 жылы демократиялық зайырлы елдің заңы болып қабылданды. Елдің амандығы мен іргеміздің бүтіндігін бекемдеп, айнымас айбынымызға айналды.

Бірнеше рет өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, тіпті де кемелдене түскен Конституциямыз біз көксеген жаңа Қазақстанның даму бағдарын айқындап берді. Ия, біз үшін Ата заң – қазақ елінің әлемдік өркениетке қарай қарыштай қадам басуының алғы шартын жасап берген жасампаз құжат. Сондықтан да Конс­титуция күні біз үшін қасиетті күн.

Айтулы мерекеге орай аудан әкімі Әбдіханов Қайдар Әлиханұлы Талғар жұртын құттықтап, әр азаматты отансүйгіш, білімді, ел үшін еңбек етер адал перзент болуға шақырды. Ата заң күніне арналған салтанатты шарада аналар кеңесінің төрайымы Нұрбатырова Айтжамал Әбдірешқызы да құттықтау сөзін сөйледі. Елінің ертеңіне тұтқа болар азамат тәрбиелеп отырған әрбір ананың атынан «ертеңгі ұрпағымыз тәуелсіз, болашағымыз нұрлы болсын!» деп тілегін білдірді. Жастар атынан сөз алған Айдар Нұрсұлтанұлы да:«Ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен келген тәуелсіздіктің тұғырын бекемдеп, туын биіктету – борышымыз. Жастар – ел болашағы. Осындай абыройлы мідетті арқалаған біздер білімді, тәрбиелі боуымыз керек», – деп ойын жеткізді. Мерекеде ауданымыздың әр саласында өз жұмысын мүлтіксіз атқарып жүрген қызметкерлер марапат­талды. Жиын соңына қарай Бексұлтан Көлбаев ағамыз отты жырдан шашу шашты. Аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары бойыңды шымырлатар рухты әндер орындап, көпшілікке тамаша мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Биыл Ата заң мерекесі тағы бір оқиғамен ерекшеленді. Ардақты Ата заңымыздың арнаулы күнінде Семей полигоны жарылысынан зардап шеккен ардагерлерді еске алу үшін орталық саябақта белгітас қойылды.

Семей ядролық сынақ полигоны ардагерлеріне арналған тарихи ескерткіштің ашылуына аудан әкімдігі тікелей қолдау білдірген. Белгітастың ақ жаулығын аудан әкімі Қайдар Әбдіханов пен Алматы облысы бойынша «Семей ардагерлері мен мүгедектері» қоғамдық бірлестіктің төрағасы Нұрлыбай Қожекенұлы бірлесіп ашып, қастерлі белгіні елге көрсетті.

Салтанатты жиында Семей полигонында қызмет еткендерге «Алғыс хат» пен арнайы төсбелгі табысталды. Бүгінде Талғар қаласында сол қасіреттің куәгері болған 16 адам ғана қалған. Жиналғандар енді Семей полигоны сынды сынақтар болмасын деген ізгі тілекпен тарқасты.

​ Зорагүл Әбдіқадір