ДӘРІГЕРЛЕРДІҢ ҚАТЕЛІГІНЕН АЯҒЫНАН АЙЫРЫЛҒАН АЗАМАТ СУДА ЖҮЗУДЕН АЛДЫНА ЖАН САЛМАЙ ЖҮР

ДӘРІГЕРЛЕРДІҢ ҚАТЕЛІГІНЕН АЯҒЫНАН АЙЫРЫЛҒАН АЗАМАТ СУДА ЖҮЗУДЕН АЛДЫНА ЖАН САЛМАЙ ЖҮР

Өткен айдың соңына таман Ақтөбеде паражүзгіштердің республикалық жарысы өтіп, сол жарыста Талғар ауданына қарасты Қызылту ауылының тұрғыны Чакер Темірғалиұлы Смағұлов жүлделі 1-орынды иеленген болатын. Мүгедектігіне қарамастан дүбірлі додаларда үздік шығып жүрген азаматпен жолығу мені қызықтыра түсті. Соның сәті жақында ғана түсіп, белгіленген уақытта межелі жерге келіп жеттік. Жеткенімше көз алдыма қолына балдақ таянған азаматты елестетіп келген едім. Алайда қарсы алдымнан жайраңдай шығып, ылдым-жылдым қимылдап жүрген жігіт ағасын көрген шағымда аңтарылып қалдым. Қимылы ширақ, қонақжай, қазақы пейілмен бізді өз бөлмесіне қарай бастай жөнелді. Кіре берістегі қабырғада медальдың неше атасы самсап ілініп тұр. Ұсынған орындыққа жайғасқан соң әңгімемізді бастап кеттік.

– Чакер бауырым, Ақтөбеден жүлделі оралғаныңды естіп жатырмыз. Құтты болсын!

– Рақмет. Бұйырғанын олжаладық қой. 400 метрлік қашықтықта еркін жүзуден алтын медаль иелендім.

– Өзіңізге 60 жасыңыз құт болып кірген сияқты. Осы Ақтөбеге сапарыңыздың алдында Алматыда өткен ардагерлер арасындағы Қазақстанның төртінші чемпионатында да бірнеше жүлдені бір мезетте қанжығаңызға байлапсыз…

– Иә, ол жарыс мамыр айының орта тұсында болып еді. Бұл чемпионат коронавирусқа байланысты екі жылдай тоқтап қалған болатын. Жарысқа әлемнің 6 елінен 193 спортшы қатысты. Жарысқа негізінен дені сау адамдармен қатар мүмкіндігі шектеулі 10 спортшы қатысты. Сегіз жүз метр мен төрт жүз метр қашықтықтағы жарыста алтын медаль, жүз метр қашықтықта – күміс, елу метр қашықтықта қола медаль иелендім.

– Дені сау адамдардың өзін артқа тастап кететін сәттеріңіз мол екен. Сонда осыншалықты күшті қайдан аласыз?

– Оның еш құпиясы жоқ. Спортты сүйе біл. Содан соң тынбай жаттығулар жаса. Бары – осы.

– Қай жарыста да қанжығаңыздың майланбай қалған сәті болмапты. Додаларда топ жарып жүрген азаматтың өмірі оқырмандарды да қызықтырары сөзсіз. Сол себепті өзіңіздің өміріңіз жайында айта отырсаңыз.

– Сарқанд ауданындағы Садовод деген ауылда туып-өстім. Жастайымнан спортқа деген қызығушылық бойымды билеп алды. Ауылда спортзал деген атымен жоқ еді. Мектеп ауласында көп-көрім спорт алаңы болды. Сол алаңда жаз күндері футбол ойнаймыз. Қыс мезгілдерінде шаңғы тебеміз. Талдықорғанда оқып жүрген спортсмен ағаларымыз бізді осы алаңда спортқа баулитын. Турникке тартылдырады, жүгіртеді. Олардың ережесі бойынша алаңға кірген әрбір бала жиырма айналым жүгіріп шығуға тиіс болатын. Содан кейін турникке тартылу, отырып-тұру, жерге етпеттей жатып, қолмен жұмыс жасау секілді жаттықтыруларды жасауға міндетті едік. Олай етпеген жағдайда алаңға кіру жоқ. Сол себепті де алаңға кіргісі келген балалар мұндай жаттығудан қашып құтыла алмайтын. Соның арқасында біз шымыр болып жетілдік. Мектебімізде жалғыз физрук мұғаліміміз болды. Негізінен шаңғышы еді. Қыстың күндері шаңғы тебуді сол мұғалімімізден үйрендік. Өзі бастап жол жасап отыратын. Біз артынан ілесеміз. Күніне бір шақырымнан, он шақырымға дейін жүріп қайтамыз. Бала болсақ та шаршау дегенді білмейтін едік. Спортқа деген әуестігім осылайша қалыптасты.

– Орта мектепті бітірген соң өміріңіз қалай қалыптасты?

– Мектепті бітіргеннен кейін әскер қатарына алындым. Ауылда жүргенде айналысқан спортым маған ол жақта көп көмегін тигізді. Турникте, брюсте ойнаудан кәдімгідей тәжірибем бар болатын. Учебкада жүргенімде менің спортқа бейімділік қабілетімді байқаған командирлерім бірден Удмуртиядағы сержантарды даярлайтын мектепке жіберді. Ол жақта алты ай оқып, аға сержант атағын алдым. Әскердегі қызметім жаман болған жоқ. Әскерден аман-есен келгеннен соң ғой осындай жағдайға тап болғаным.

– Сонда аяғыңыздан қалайша айрылып қалып жүрсіз?

– Бәрі де төтеннен орын алды. Байқаусызда аяғыма оқ тиді. Аудандағы ауруханаға барғанымда олар менің аяғыма гипс салып берді де жібере салды. Арада күндер өткен сайын аяғымның ауырғаны үдей түсті. Дәрігер болса, басылады дегеннен арыға бармайды. Ауру басылмай, асқынып бара жатқан соң аудандық аурухана мені облысқа жіберді. Мұнда келіп қаралғанымда бәрі тым кеш болып шықты. Жарақатым іріңдеп, сүйекті де шіріте бастаған екен. Шіріген сүйекті тазалағаннан пайда болмаған. Бір аяғымның кесіліп тасталғанын отадан кейін ес жиғанда бір-ақ білдім. Ол кезде бар-жоғы жиырма бір жаста едім. Өмірді енді бастадым ба деген шағымда осындай күйге түскенім ішімді өрт болып жандырды. Аурухана төсегінде таңылып, төбеге тесірейіп қараймын да жатамын.

– Әрине, кеше ғана сап-сау жүрген адамға бір мүшесінен айырылып қалу оңай тимесі анық. Өзіңді осындай қиын сәттерден мойытпай қандай күш алып шықты?

– Аурухана бөлмесінде Ұлы Отан соғысы кезінде батальон командирі болған бір қарт майдангер жатты. Менің жан күйзелісімді сезген қарт майдангер маған көп көмектесті. Өзінің жан беріп, жан алысқан майдан шебінде көрген-білгендерін, басынан кешкендерін айтып, бар өмірімнің алда екенін есіме салып, көңілімді көтеруге тырысатын. Таңертеңгілік алты жарымда сол кездері радиодан «На зарядку становись!» деген бағдарлама берілетін. Соны қосып қояды да: «Балам, тұр. Сендей жап-жас жігітке шалжиып жату жараспайды», – деп, мені орнымнам тұрғызып, жаттығулар жасауға мәжбүрлейтін. Алғашында басым айналып, қиналып та жүрдім. Шаршаған сәттерімде сәл демалдырып алады. Содан кейін жаттығуларды қайта бастаймыз. Бөлменің ортасына орындық қойып, содан ары-бері секіртеді. Етпетімнен жатқызып, қолыммен кеудемді көтеріп-түсірткізеді. Осылайша, бірте-бірте өзіме келе бастадым. Ешкімнің көмегінсіз жүріп-тұруға дағдыландым. Соның арқасында өмір сүруге деген талпынысым оянды. Менің мұндай халімді көрген емдеуші дәрігерлерім: «Сен осы қалпыңнан таймасаң, әлі-ақ жүгіруден чемпион атанасың», – дейтін. Дәрігерлердің айтқаны айдай келді десем болады.

– Алғашқы протезді аяғың жатырқаған жоқ па?

– Протез аяқпен көп қинала қойған жоқпын. Ең әдепкіде кеңес өкіметі тұсында жасалған ауыр протезді кидім. Тері, ағаш, темірден жасалған протез 8 келідей болатын. Ауыр болса да соған үйренуіме тура келді. Протезді кие жүріп, спортымды, жаттығуларымды тоқтатпадым. Менің осындай өлермен әрекеттерімді көрген қоғам белсенділері, депутаттар демеушілер тауып беріп, 2 миллион теңге тұратын Талғар ауданына қарасты Белбұлақ ауылындағы медициналық орталықта жасалатын еуропалық үлгідегі заманауи протезді алуыма көмектесті. Протез жасайтын зауыт екіншісін көмек ретінде тегін берді.

– Жалпы өзіңіз суда жүзу спортына қай уақыттан бастап келдіңіз?

– Суда жүзу спортына 2013 жылы келдім. Оның алдында осы протез аяғыммен Алматы облысының командасында футболға қатысып, қақпашы болдым. Балаларды да қақпашы болуға үйреттім. Бірнеше чемпионаттарға қатыстым. Облыстық чемпионаттан екі кубок алдым. 18 команданың арасынан «Ең үздік қақпашы» атағына да ие болдым. Аяғымда протез бар екенін ұмытып кететін сәттерім де болған. Аяғмының протез екенін білген кейбір жігіттер: «Қалай секіріп жүрсің?», – деп те таңданатын. Оларға мен: «Қақпаға бағытталған доп маған ет болып елестейді», – деп өзімнің барыс жылғы екенімді қалжыңдай білдіретінмін. Кейінірек облыстық спорт клуб өкілдері мені шақырып алып: «Спорттың қай түрлерін жақсы көресің?» – деп сұрады. «Бокс пен футбол», – деп едім, спорттың мұндай түрлері өздерінде жоқ екенін айтып: «Суда жүзуге қалайсың?» – деді. Өзімнің бала кезден судан шықпайтынымды айттым. Содан олар мені ЦСК-ның бассейн залына алып барды. Біраз әрлі-берлі жүзгенімді көріп, өздеріне алатынын айтты. «Жатпай-тұрмай дайындаламыз. Екі айдан кейін облыстық чемпионатқа қатысасың», – деді. Тренерім демалу, жүзу тәсілдерін үйретті. Екі ай бойы тынымсыз жаттығудан өттім. Соның арқасында облыстық чемпионатта екі түрлі қашықтықтағы жарыстан 2013 жылы чемпион атандым. Осыдан кейін жарыс жүлдесінен қол үзгенім жоқ. 2013 жылдан 2021 жылға дейінгі Алматы облыстық чемпионаттарда он дүркін чемпиондық жүлдені қанжығама байлап үлгердім. Екі дүркін Қазақстан чемпионы болдым.

– Жаттығуларды қайда жасайсыз?

– Өз үйімнің ауласында турник, штанга, брюс деген секілді барлық құрал-жабдықтарым бар. Күнделікті алты жарымнан сегізге дейін жаттығулар жасауды дағдыма айналдырғанмын. Қала берді өзім жұмыс істейтін мектептегі спортзалда жаттығамын. Кешке жақын бір жарым-екі сағаттай бассейнге барамын.

– Жаттығатын бассейніңіз қай жерде?

– Қазір Гүлдала ауылындағы жекеменшік бассейнге барып жаттығамын. Мені ол жердегілер танып алған. Жатығуларымды тегін жасауға жағдай да жасап беріп отыр. 1,5 – 2 сағаттай уақытым осында өтеді.

– Қазіргі кезде тек суда жүзу спортына ғана қатысып жүрсіз бе?

– Мүмкіндігім болса өзге спорт жарыстарын құр жібермеймін. Биылғы жылы осы Алматыда республикалық фестиваль өтті. Соған турникке тартылудан қатыстым. Турникке жиырма алты рет тартылғаным үшін Алматы әкімшілігі жүз мың теңге сыйлық берді.

– Отбасыңыз жөнінде де қысқаша айта кетсеңіз…

– Жиырма бес жасымда қазіргі қосағыммен үйленгенмін. Бір ұл, бір қызымыз бар. Жеті немеренің атасымын. Қызылту ауылындағы мектепте жұмысшымын. Жас кезімде әкем агроном болуға итермелеп еді. Оны аяқтамай тастап кеттім. Есіл-дертім спорт жағы болды да тұрды. Алайда бұл саладағы оқу орнына тапсыруға мұрша болған жоқ. Қазір жасым алпысқа келді. Солай бола тұрса да Спорт академиясына тапсырсам ба екен деп те ойлап қоямын.

– Ыңғайсыздау болса да ішімде бірдеңе түрткілеп «сұра» деп қоймай отыр. Атыңыз құжатыңызда «Чакер» екен. Қазақшаға ұқсамайды…

– Бұл өзі кеңес өкіметі тұсындағы өкілетті органдарда орыс тілділердің кесірінен туындаған жағдай ғой. Әйтпесе өзімнің азан шақырып қойған атым – «Шәкір». Осыны кейінгі кездері де жөндемек болып бірнеше рет әрекет жасап көрдім. Алайда түк шықпады. Шаршаған соң қолымды бір сілтедім.

– Қаншама тағдырдың талқысы да шаршата алмаған өзіңізді еліміздегі бюрократия шаршатқан болып шыққаны ма?

– Бір жағынан солай десек те болады…

– Өзіңіздің балаларыңыздың ішінде жолыңызды қуып, спортты серік еткені бар ма?

– Ұлым бокс пен кикбоксингке қатысқан. Отбасылы болғаннан кейін үзбей қатысуға мұршасы болмай жүр. Таңертең жұмысқа кетіп, кешке бір-ақ оралады үйге. Әзірге немерелерім әлі кішкентай. Құдай қаласа, спорттық жасқа жеткенде соларды баулымақ ниетім бар.

– Ниетіңізге жете беріңіз, Шәкір бауырым! Әрқашанда амандықта жолығайық!

 

Сұхбаттасқан
Кенжеғали ҚОШЫМ-НОҒАЙ