ӘКІМДІК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ МЕН ПОЛИЦЕЙЛЕР ФУТБОЛДАН ӨЗАРА МЫҚТЫНЫ АНЫҚТАДЫ

ӘКІМДІК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ МЕН  ПОЛИЦЕЙЛЕР ФУТБОЛДАН  ӨЗАРА МЫҚТЫНЫ АНЫҚТАДЫ

​Шағын футболдан Талғар ауданы әкімінің кубогы мен 1-жүлделі орынды бірнеше команда арасынан үздік шыққан Талғар аудандық бұқаралық-спорттық іс-шаралар өткізу орталығының жігіттері иеленді. Бұл команда шебер ойынымен қарсыластарын басым ұпаймен жеңіп шықты.

​Талғар ауданы әкімінің жүлдесі үшін шағын футболдан мемлекеттік қызметкерлер арасында жуырда жарыс өткізілген болатын. Шараның басты мақсаты – мемлекеттік қызметкерлерге денешынықтыру және спортпен шұғылдануға жағдай жасау, олардың спорттық шеберлігін арттыру, салауатты өмір салтын насихаттау.

​Іс-шараға 80-нен аса қызметкер қатысты. Жарысты аудан әкімі Қайдар Әлиханұлы Әбдіхановтың өзі ашып берді. Теңбіл доп додасына қатысқан 9 команда арасындағы жарыс қызу, әрі тартысты өтті. Әділ-қазылар алқасы жарыс жеңімпазы ретінде Талғар ауданы әкімдігінің қызметкерлерінен жасақталған командаға 2-орынды, ішкі істер басқармасы жігіттеріне 3-орынды берді. ​Сонымен қатар жарыста нәтижелі ойын көрсеткен спортшыларға жекелей номинациялар да берілді. Атап айтсақ, «Үздік қақпашы» номинациясын Асылбек Арыс, «Үздік қорғаушы» номинациясын Данияр Шалымбаев, «Үздік ойыншы» номинациясын Қайсар Ахмет сынды жігіттер жеңіп алды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге кубок, медаль, грамота және сыйлықтар берілді.

Кенже СЕРІКБАЙҰЛЫ