ШІЛДЕНІҢ ШІЛІҢГІР ЫСТЫҒЫНАН БАЛАНЫ ҚАЛАЙ ҚОРҒАЙМЫЗ?

ШІЛДЕНІҢ ШІЛІҢГІР ЫСТЫҒЫНАН БАЛАНЫ ҚАЛАЙ ҚОРҒАЙМЫЗ?

Жазда демалысқа шыққан балалар ауылдағы ата- әжелерінің үйлеріне барады. Суға шомылады, күнге күйеді. Қалада қалған балақайлар да далаға шығып, күн ұзақ аулада ойын қызығына батады. Күннің астында ұзақ жүруге болмайтынын бәріміз жақсы білеміз, бірақ, неге екені белгісіз, жаз мезгілінде осы қауіпті естен шығарып аламыз. Тек күнге күйген дене ауырсынғанда ғана түрлі крем, дәрі-дәрмек іздей бастаймыз. Күн көзі балаға айтарлықтай қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан жаз айларында баланы ыстықтан қалай қорғауға болады деген сауалға жауап іздеп, педиатр-дәрігер Нұрзат Әлғазықызымен сұхбаттастық.

— Шілденің шіліңгір ыстығынан баланы қалай қорғау керек?

— Ең әуелі күн көзінен қорғау керек. Өйткені тым ыстық немесе тым суық ауа балаға өте зиян. Егерде денеге өткен ыстықтан баланы сақтамасаңыз, басы айналып, жүрегі айнып, дене қызуы 40 градусқа дейін көтеріліп, мұрнынан қан кетуі мүмкін. Кей жағдайда қалшылдап, дірілдеп кетеді.

— Осындай жағдайға ұшыраған жағдайда ата-ана дәрігерге жеткенше қандай әрекеттер жасау керек, соны айтып өтсеңіз.

— Баланы дереу көлеңке, салқын жерге жатқызыңыз. Салқын суға малынған шүберекпен денесін сүртіп шығыңыз. Салқын, бірақ мұздай емес су ішкізіңіз. Егер ол жаңа туылған сәби болса, қайнаған суды бөлме температурасынан сәл төмендеу етіп, жиі-жиі ішкізіңіз. Нәрестенің ағзасы тым әлсіз, сондықтан күн сәулесін тез қабылдайды. Тағы бір халықтық медицинаның тәсілімен бөлісе аламын. Оны өзім де қолданып, нәтижесіне көз жеткіздім. Кәдімгі шашыратқы шөбін шамалы мөлшерде алып, суға қайнатасыз. Сәбидің денесі тоңбайтын, жылымшы етіп, ваннаға отырғызып, үстінен құясыз. Жасына қарай күніне екі-үш рет шомылдыруға болады. 6 айға толмаған сәби айналадағы ауа өзгерісін тез қабылдайды. Баланың көлеңкеде болғаны дұрыс. Арбада жатқан балаңыздың күн астында қалып кетпеуін, арбаның бетін жұқа жабынмен жауып, оны үнемі тексеріп отыруыңыз қажет. Егерде бала арбасы күн сәулесінің астында қалып кетсе, арба қызып, іші шамадан тыс ысып кетуі мүмкін. Ал ойын баласы қамсыз күннің астында ұзақ жүрмесін. Сондай-ақ, көліктің ішінде де баланы қалдырмаңыз. Металлдан жасалған автокөлік тез қызатындықтан, ыстық денеге өтіп кетеді. Әлі ақыл тоқтатып үлгермеген баланы мүлде қараусыз қалдырмаған дұрыс.

— Ал жаз айында бала-шағасымен көл жағасына демалуға шығатын ата-аналарға нендей кеңес бересіз?

— Егер жаз айларындағы демалыста өзен, көлдердің жағасында демалуға ниеттенсеңіз, балаңызды күн көзінен қорғай біліңіз. Бірақ керемет қорғаныс беретін алуан түрлі жарнамадағы спрей, жақпа майларды бала денесіне жолатпаңыз. Химиялық қоспалар біріне жақса, бірінде аллергия пайда болуы мүмкін. Күн сәулесі ағзаға пайдалы болғанымен, ұзақ уақыт күннің астында болу зиянды. Ішке түсіп кететін ыстық терінің сыртқы ортадан қорғап тұратын қабатын күйдіріп, түрлі пигментті дақтардың пайда болуына әсер етеді. Керісінше, көлеңкелі жерде құммен ойнаса, ұтпасаңыз, ұтылмасаңыз анық. Дамыл-дамыл үзіліс жасап, салқын су ішкізіп, денесін сулап отырыңыз. Газды, тәтті сусынды мүлдем ішкізбеу керек. Үстіне таза, табиғи жүннен тоқылған матадан тігілген жеңіл киім кигізген дұрыс болады.

— Білесіз, баланың терісі өте нәзік болады. Бала күнге күйген жағдайда не істеу керек?

— Баланың терісі нәзік болғандықтан қорғанышы жоқ теріге күн шуағының артық әсер етуі мүмкін. Көбінесе, бұдан күнге қыздырынуды жақсы көретіндер, терісі сезімтал, ақшыл бүлдіршіндер зардап шегіп жатады. Терінің қызарып кетуі, қышуы және өртеніп бара жатқандай сезімде болуы, тіпті, күлдіреу пайда болады. Соңғы белгісі келесі күні байқалады. Бірнеше күннен соң күйген тері қабықтанып, түсе бастайды. Балаңыздың терісі аздап қызара бастаса, көлеңкеге алып кетіңіз. Күю әлсіз болса, күйген жерлеріне майлы емес кремдер жағуға немесе 1 стакан суға 1 шай қасық сода араластырып, компресс басуға болады. Ал егер қатты күйіп, қыши бастаса, күйген бүлдіршінді салқын сүлгімен ораңыз, үйде бірдей мөлшердегі су мен сіркесудан дайындалған ерітіндіге мақта батырып, жайлап сүртіп шықсаңыз болады.

Күюге қарсы майды қолдансаңыз да артық болмайды. Пайда болған күлдіреулерді тесуге болмайды. Ешқашан күю кезінде спиртті ерітінді немесе йодты қолданбау керек.

— Балаға күн көзі қауіпсіз сағаттарды айтып өтсеңіз?

— Жалпы баланы күндіз сағат 10.00-ге дейін және 15.00-ден кейін серуендету керек. Осы екі аралықта күннің температурасы өте жоғары болады. Үйден шығарда күн сәулесінен қорғайтын кремдер, ал егер жағажайда демалғанда әрбір 2 сағат­та судан шыққанда жағу керек. Және де аналарға айтарым, балаңызға міндетті түрде күннен қорғайтын күнқағары бар бас киім кигізіңіз. Күн көзі ең бірінші бастан өтеді.

— Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Кәусар Әбдікерім