Кәсіпкерлікке өріс кең

Кәсіпкерлікке  өріс кең

Қазақстан Республикасы өзінің егемендігін алғаннан кейін экономикалық өсуінің басты көрсеткіші және оны ары қарай дамытушы шағын және орта бизнес болып табылады. Республикада кәсіпкерлікті дамытуға үлкен ден қойылып, бірқатар заңдар мен жарлық, қаулылар қабылданды. Алғашқы құжаттардың бірі болып «Жеке кәсіпкерлікті қорғау мен қолдау туралы» Заңы 1992 жылдың 4 шілдесінде қабылданып, онда кәсіпкерлікті мемлекеттік қорғау және қолдаудың мәні мен мазмұны, басты бағыттары мен мақсаттары айқындалды. 1998 жылғы 27 сәуірде Қазақстан Республикасы Президентінің «Жеке және заңды тұлғалардың кәсіпкерлік қызмет бостандығына меншік құқығын қорғау» туралы №3928 Жарлығы шықты. Осы Жарлыққа сәйкес кәсіпкерлік саласы тез қарқынмен дами бастады.

Бүгінгі күні ауданда 14391 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркелген, ал бел­сенді шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны – 11985, соның ішінде шағын және орта кәсіпорындар – 1746, жеке кәсіпкерлік – 8560, шаруа қожалықтары – 1679, осы салада 28454 адам жұмыс істейді.
Кәсіпкерлік субъектілерінің өндірген өнім көлемі 134,0 млрд.теңгені құрайды. Бүгінгі күні аудан бюджетіне кәсіпкерлік қызметтен 13,0 млрд. теңге салық түсіп, жалпы бюджетке түскен түсімнің 46,1% құрап отыр.
Шағын және орта бизнесті жеңілдікпен несие­леу бойынша жұмыс жалғасуда. Бүгінгі таңда айналым қаражатын толықтыруды қаржыландыру айтарлықтай кеңейді, несие көлемі ұлғайтылды, салалық шектеулер алынып тасталды, микро және шағын бизнес үшін қолжетімді (мөлшерлеме — жылдық 6%) шағын несие берілуде.
«Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарла­ма­сы іске асқаннан бастап жалпы сомасы 16,5 млрд.теңгеге 196 жоба қаржыландырылды, оның ішінде 126 жоба 14,9 млрд.теңгеге пайыз­дық үстемемен субсидияландырылды, 62 жоба 1,1 млрд. теңгенің несиесіне кепілдік алды, 8 жобаға инфрақұрылым тартылды. Тек биылғы жылдың өзінде бағдарлама ая­сын­да жыл басынан бері жалпы сомасы 4,0 млрд.теңгеге 85 жоба қаржыландырылды, 30 жоба 3,4 млрд. теңгеге пайыздық үстемемен субсидияландырылды, 44 жоба 627,0 млн.теңгенің несиесіне кепілдік алды, 11 жоба 23,5 млн. теңгеге грант алды.
«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 2020 жылы басымды жобаларды жеңілдікпен несиелеу бойынша жалпы сомасы 1,6 млрд.теңгеге 9 жоба мақұл­данған. Бүгінгі күні жалпы сомасы 1,9 млрд.теңге тұратын 2 жоба қарауда жатыр.
Осының нәтижесінде биылғы жылдың өзінде 8 шағын және орта бизнес объектісі (2 жанар-жағармай бекеті, дүкен, 2 қоғамдық тамақтандыру орны, ТЖО, сауықтыру кешені, қонақ үй) ашылып, 80 адам жұмыспен қамтылды.
Бүгінгі күні ауданның өнеркәсіп кәсіпо­рын­­дары өндірген өнімінің көлемі 56,0 млрд. теңгені құрап отыр. Жалпы өнеркәсіп саласында 366 өнеркәсіп кәсіпорны бар, соның ішінде 1 ірі, 21 орта және 348 шағын өнеркәсіп кәсіпорындары жұмыс жасап тұр. Соның ішінде полиграфия өнімдерін шығаратын ірі кәсіпорын «Интеллсервис» ЖШС, балалар тағамдарын шығаратын зауыт «Амиран» ЖШС, этильді спирт шығаратын «Талгарспирт» ЖШС, жиһаз жасайтын және пластикалық өнімдер өндіретін «KПK ZETA» ЖШС және «P.T.Z.» ЖШС, мұздатылған жартылай фабрикаттар шығаратын «Барон Фуд» ЖШС, әртүрлі диаметрлі полиэтилен құбырларын, алюминий профильдерін шығаратын «Керуен Плюс» ЖШС, тігін бұйымдары шығаратын «TEXTI MARKET» ЖШС, арнайы киімдер тігетін және курткалар, көрпелер, төсек жабдықтарын өндіретін «CLOTWELL» ЖШС, ерлер костюмы мен оқушылар формасын шығаратын «Glasman» ЖШС, пластикалық бұйымдар шығаратын «ТАЛГАРСКОЕ УППООКОС» ЖШС, сүт пен ет өнімдерін шығаратын «Байсерке Агро» ЖШС, дәрі-дәрмек шығаратын «Сұлтан» ЖШС, қиыршық тас өндіретін «Өзентас» ЖШС, «Асфальтобетон1» ЖШС, «Ақсай Тас Құм» ЖШС және қызыл кірпіш шығаратын «Талғар кірпіш зауыты» ЖШС және т.б.. Жалпы аудандағы өнеркәсіп саласынада өнеркәсіп тауарларының көптеген түрлері шығарылуда. Қазіргі уақытта 67 өндірістік кәсіпорында сапа менеджментінің халықаралық жүйесі енгізіліп, ауданда халықаралық стандартқа сай сапалы өнімдер шығарылуда.
«Талғар-Спирт» ЖШС Қазақстандағы көне кәсіпорындардың бірі. 1886 жылы бірінші гильдияның саудагері Пугасов құрған кәсіпорын өзінің жеке өндірісін сақтап қана қоймай, сонымен қатар оның сапасын әлемдік стандарттар деңгейіне жеткізіп, бәсекеге қабілетті ете алды. Қазіргі уақытта зауыттың ректификацияланған дәнді этил спиртін өндіру қуаттылығы тәулігіне 3000 декалитрге жетті. Этил спиртінің тек жоғары сорттары шығарылады. Этил спиртінен басқа, зауыт қосалқы өнімдер мен алкоголь өндірісінің қалдықтарын шығарады: фузель майы, эфир-альдегид фракциясы, көмірқышқыл газы мен винасса. Ірі тұтынушылар: «Алматы алкогольді сусындар зауыты» АҚ, «Бахус» АҚ, «Реалма» ЖШС, «Арай» ПК, «Елес» ЖШС, «Биос» НПФ ЖШС, «Винзавод Вах» ЖШС, «Жанрос» ЖШС, Есік Шарап зауыты ЖАҚ, Жетісу шарап зауыты ЖШС және т.б. Алкогольдің жоғары сапасы бірнеше гран-при мен медальдармен атап өтілді.
«Интелсервис» ЖШС — республикадағы полиграфия саласындағы ірі кәсіпорын. Компания 1991 жылы құрылған. 2017 жылы кәсіпорында кеңейтілу жүргізіліп, компания заманауи полиграфиялық машиналарды (6 түсті басып шығаратын машиналар, цифрлық баспа машиналары және т.б. өндірісті 1 миллиард теңгеге немесе одан да көбейтуге мүмкіндік берді) орнатты. Бүгінгі күні кәсіпорын сұйық өнімдерге жұмсақ қаптама өндірісін дамытуда. «RUIZE-600A» шыныаяқтарын шығаратын орташа жылдамдықтағы машина сатып алынды, жаңа жабдықтың артықшылығы-шыныаяқтарды желімдеуді интегралды басқара алады. Екі қабатты қағаздан шыныаяқ жасау машинасы — бұл жаңа инновациялық технология. Қағаз орамдарын қайта орауға және кесуге арналған машина — жоғары дәлдіктегі көзілдірікке арналған джумбо орамдарын түбіне дейін ашуға мүмкіндік беретін жабдықты сатып алу арқылы кәсіпорын өндірісте жаңа инновациялық технологияларды игере бастады. Сонымен қоса қағаздан жасалатын түрлі ыдыстар (балмұздаққа арналған) шығарылуда.
Ауданның тағы бір мақтанышы — тәуелсіздіктің алғашқы жылдары «BARON» компаниясы құрылды. Бүгінгі күні «BARON FOOD» ЖШС мұздатылған жартылай фабрикаттарды өндірумен және сатумен айналысады. Өндірістік қуаттылығы жылына 700 тонна. Кәсіпорынның ерекшелігі оның жеке шаруа қожалықтарының болуы, яғни өндіруші оның өнімдерінде нитраттар мен пестицидтердің жоқтығына кепілдік бере алатынын білдіреді. Сонымен қоса жеке мал шаруашылығы да бар.
Сондай-ақ 2016 жылы Талғар қаласында ПВХ профильдерін, құбырлар мен фитингтерді өндіретін «Keruen Plus» ЖШС зауыты ашылды. Мұнда 1,4 млрд тенге шетел инвестициясы тартылып, 150 адам жұмыспен қамтылды. Зауыттың ерекшелігі — ПВХ өнімдерін өндіруде қорғасынды пайдаланбайтын Қазақстандағы бірінші және жалғыз зауыт, қорғасынның орнына мырыш қолданылады. Өндірістік желі соңғы еуропалық технологиялармен жабдықталған және желіде шикізатты жеткізу толық автоматтандырылған.
Ауданымызда балалар алаңдарын және көшеде жаттығатын спорт бұйымдарын шығаратын ЖШС «SOGOL» өнеркәсіп цехы жұмыс жасайды.
2018 жылдан бері ауданда қағаздан жасалған бұйымдарды өңдейтін «NUR KAGAZY» ЖШС зауыты жұмыс жасайды. Зауыттың өндірістік қуаттылығы жылына 4000 тонна қағаз өнімі. Мұнда 2,2 млрд теңге инвестиция тартылып, 170 жаңа жұмыс орындары ашылды.
Талғар қаласындағы ЖШС «CLOTWELL» кәсіпорнында негізінен әскери, медициналық және т.б. арнайы өндірістік киімдер шығарылады. Пластикалық бұйымдар шығаратын «УППООКОС» ЖШС кәсіпорнында кеңейтілу жүргізіліп, жылына 100 шаршы метр гофра картон шығаратын болды.
Сонымен қоса соңғы жылдары бірнеше кәсіпорындар ашылуда. Кеңдала ауылында алмадан жасалатын сусындар шығаратын «Apple City Cider» ЖШС-нің цехы ашылды.
Биылғы жылдың өзінде 4 жаңа өнеркәсіп кәсіпорны ашылды, жалпы тартылған инвестиция көлемі 2,9 млрд теңге: Белбұлақ ауылындағы «Медикар» ЖШС протездік-ортопедиялық бұйымдарды өндіретін өндірісі, 47 жұмыс орны құрылды, инвестиция көлемі — 2,1 млрд.теңге;Панфилов ауылындағы «ТемірСақ» ЖШС металл каркастағы орындықтар шығаратын өндірісі, 90 жұмыс орны құрылды, инвестиция көлемі 450,0 млн. теңге; Белбұлақ ауылындағы «PLAST COM» ЖШС пластикалық терезелер мен есіктерді жасайтын өндіріс, 8 жұмыс орны құрылды, инвестиция көлемі несие алу есебінен 20,0 млн. теңге; Еңбекші ауылындағы «Вектор Строй Монтаж» ЖШС вибросығымдау технологиясы арқылы тротуар плиталарын, сплитер блоктарын шығаратын өндірісі, 27 жұмыс орны құрылды, жеке қаражаты арқылы 316,0 млн. теңге тартылды.
Бүгінгі күні кәсіпорындар өндірісті жаңғыр­туға және цифрландыруға бағыт алып келеді. «Интелсервис» ЖШС екі цифр­лық баспа машинасын өндірісте қол­дануда, ал «Барон Фуд» ЖШС – мұздаты­лған жартылайфабрикаттар өндіруде жоғары­технологиялы цифрлық технологиямен жұмыс жасайды, сөйтіп кәсіпорындардағы өндіріс мейлінше инновациялық сипатқа ие болуда.
Ауданда жалпы аумағы 198 га жерді құрай­тын «Қайрат» индустриалды аймағы салынып жатыр, соның ішінде 67 га аумақта жобалардың жер учаскелеріне инфрақұрылым тарту жұмыстарының құрылысы жүргізілуде. Бүгінгі күні магистральдық сумен жабдықтау құрылысы аяқталды. Теміржол құрылысы да аяқталған. Газ құбырын тарту және кәріз тарту бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал электрмен жабдықтау аяқталды. Аталған аймаққа ірі зауыт пен фабрикалар салынбақшы. Мұнда орналасатын инвестициялық жобалардың жалпы құны – 18,3 млрд.теңге, мыңдағын адамға жаңа жұмыс құрылмақшы.
Қазіргі уақытта «Аль-Сафа» ЖШС шойыннан жасалатын бұйымдарды шығаратын зауытының (жоба құны 330,0 млн.теңге) және «Қазметпродукт» ЖШС болат сым, акку­мулятор­лар шығаратын зауытының (жоба құны 5,8 млрд.теңге) құрылысы басталды. Сонымен қоса келер жылы мұнда Ресейлік «Технониколь» компаниясының энергия үнемдейтін жылу оқшаулағыш материалдарын (тас жүн және XPS полимерлі жылу оқшаулау) шығаратын екі заманауи зауытының құрылысы басталады. Инвестиция көлемі 43,8 млрд. теңге, қуаттылығы жылына 1,4 млн м3. 240 жаңа жұмыс орнының ашылуы күтілуде.
Аймақтық Индустриаландыру Картасына ауданнан кірген 9 жоба жұмыс жасап тұр: «ЮСКО» ЛОГИСТИКС ИНТЕРНЕШНЛ акционерлік қоғамы — көп салалы логисти­ка­лық кешен, «Амиран» қазақ тағамтану академия­сы­ның зауыты» ЖШС — балалар сүт өнімдерін шығаратын зауыт, «Байсерке Агро» ЖШС — ет өнімдерін өңдеу кешені, «Байсерке Агро» ЖШС — сүт өнімдерін өндіру зауыты, «Сұлтан» ЖШС — дәрілік препараттар мен биологиялық активті қоспалар шығаратын зауыт, «Эталон Гидрокорм» ЖШС — балық тағамдарын өндіретін зауыт, «Глазман» ЖШС — Талғар қаласындағы тігін өндірісін жаңарту жобасы (ерлер костюмы мен оқушылар формасы), «Амиранның» сүт тауарлы фермасы ЖШС — балалар сүт өнімдерін шығаратын «Амиран» зауытына арналып салынған Нұра ауылдық округі Қаратоған ауылындағы фермасы, «КазЛифт» ЖШС — Талғар қаласындағы лифт жасау зауытының құрылысы. Индустриалды-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы аясында ауданымызға 15,6 млрд.теңге инвестиция тартылып, жыл сайын 145,5 млн.теңге көлемінде бюджетке түсім түсіп отыр.
Жалпы аудандағы сауда және қызмет көрсету саласында 1310 нысан жұмыс жасайды, оның ішінде 133 қоғамдық тамақтандыру, 8 ресми сауда базарлары, 764 дүкендер мен ірі сауда нысандары, 250 сервистік қызмет көрсету орындары, 155 тұрмыстық қызмет көрсету орындары бар.
Шағын және орта бизнестегі бәсекелестікті көтеру мақсатында қолма қол ақшасыз айналым үлесін көбейту және операциялық қызмет тиімділігін жақсарту бойынша кәсіпкерлермен жұмыстар жүргізіліп келеді.
Бөлшек сауда көлемі 63 млрд теңгені құрап отыр. Соңғы жылдары бірнеше ірі сауда нысандары ашылды, соның ішінде «Талгар City Plaza» ірі сауда орталығының жалпы алаңы 3800 м2, пайдалы алаңы 3500 м2. Сауда орталығында: супермаркет жалпы алаңы 300 шаршы метр, кеңсе, сауда бутиктері (40 бутик), «Sulpak» және «ALSER» компаниялары жұмыс жасап тұр. Мүнда 1,0 млрд.теңге инвестиция тартылды.
Соңғы он жылдары аудан экономикасына ірі көлемде инвестиция тартылып, Алматы облысындағы тау шоғырына бірнеше ірі туристік нысандар орналасты.
Алатау ауылдық округінде шаңғы-биот­лон стадионы салынып, 25 млрд. теңге инвестиция тартылды. Мұнда 2011 жылы Қысқы Азиада өтті.
«Ой-Қарағай Лесная Сказка» ЖШС (ағаштан жасалған курорттық қонақ үй, ағаш үйлер, мейрамханалар, көшпенділер үлгісіндегі киіз үйлер, 20 аспалы жол жүйесі бар ат спорты, альпинистер, жаяу серуендеу, 55 шақырым жолдарымен спорттық-сауықтыру инфрақұрылымы).
Бесқайнарда 55 га аумақты алып жатқан тау шаңғысы курорты «ВСС-ОУСА» ЖШС (Табаган) орналасқан. «ВСС-ОУСА» ЖШС (Табаған) мұнда шаңғы трассасы және демалыс коттедждері орналасқан, сонымен қоса мейрамхана, қонақ үй, альпинистік қабырға, конькимен сырғанау алаңы, футбол алаңы, теннис корты, волейбол алаңы, шаңғымен сырғанау, квадроцикл, пейнтбол мен стрейкболл жазғы трамплин, парапланмен жүзу, ату галереясы, бильярд, форель фермасы, роликтер, велосипедтер бар.
«Akbulak Club Resort» ЖШС (5* қонақ үйлер, гольф клубы, коттедждер мен апартаменттер, мейрамханалар мен кафелер, қонақ үйлер және басқа да сауда, мәдени ойын-сауық нысандары).
Аудан кәсіпкерлеріне мемлекеттік бағарламалар бойынша қолдаулар жалғасын таба береді.

Жанар Амирханова,
аудандық кәсіпкерлік бөлімінің сектор меңгерушісі