Желтоқсан алауы-Тәуелсіздік бастауы

Желтоқсан алауы-Тәуелсіздік бастауы

Жуырда Еңбекші ауылындағы №39 орта мектепте «Желтоқсан алауы-Тәуелсіздік бастауы» атты тақырыпта тәрбие сағаты өткен болатын. Ондағы мақсат – оқушылардың өткен тарихымызға деген ұлттық көзқарастарын қалыптастыру еді. Елді, Отанын сүюге және егемен елімізді сақтауға және оны гүлдендіруге құштар патриоттық күш – қуаты мол жастарды тәрбиелеп, желтоқсанда мерт болған қазақ қыздары мен жігіттерінің рухына, ерлігіне тағзым ету. Тәрбие сағаты шарықтай шырқалған айбынды Әнұранымызбен ашылып, сахна төріне қойылған проектор арқылы тарихтан сыр шертер мағлұматтар берілді.

1986 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің пленумы болып, онда Д. Қонаев бірінші хатшы қызметінен босатылып, орнына Г. В. Колбин сайланған еді. Бұл студент және жұмысшы жастардың бейбіт мақсаттағы шеруіне әкеп соқты. Алматыдағы желтоқсан оқиғасы қазақ топырағына ұлттық санасын, намысын жетелеген жаңа әрі қайсар буынның келгенін әйгіледі.Тәуелсіздіктің түп тамыры «Желтоқсан» оқиғасына тікелей байланысты екендігіне ешкім дау айта алмас. Бейбіт шеруге шығып, билік тарапынан кінәлі деп саналған жастарымыздың бір бөлігі қанды қырғында көз жұмса, аман қалғандары өздері аңсаған азаттықтың қызығын көруде. Тәрбие сағатында алдымен осы Желтоқсан оқиғасы салдарынан қаза болған жазықсыз жастарымыздың рухына бас иіп, бір минут үнсіздікпен еске алды. Әрі қарай жүргізушілер тізгінді қолға алып, жыр жолдарын төгілтіп, Қайрат Рысқұлбеков, Ләззәт Асанова,Ербол Сыпатаев, Сәбира Мұхамеджанова сынды желтоқсаншылардың өмір жолдарынан деректер келтірді. Өнерлі оқушылар Б. Оразбаев пенЖ. Әбдуалиева«Қасқалдақ» әнін шырқаса, А.Үсенова мен Н Шерназар «Отырардағы той» биін мың бұрала биледі. Оқушылар сынып сағатын «Атамекен» әнімен аяқтады.

ТАЛҒАР-АҚПАРАТ