Тәуелсіздік мәңгі жасасын!

Тәуелсіздік мәңгі жасасын!

Биыл Қазақстанның Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толды. Бұл еліміз тарихындағы үлкен дәуір бөлгіштік сипат алатын, ұлы жеңіс болып табылады. Өткен жылдарға назар салсақ еліміз аласадан биікке, қарапайымнан күрделікке, саннан сапаға қарай бой түзеп көптеген жетістіктерге қол жеткізіп, әлем таныған беделді мемлекеттердің біріне айналдық.

1991 жылы Қазақстан егеменді ел болды. Алғаш құрылған жас мемлекет тар жол, тайғақ кешулерді бастан кешіріп, бірте-бірте халық тұрмысы жақсарып, әлемдегі елдермен терезесі теңеліп, өзінің шығар жолын тапты.
Кеңес Одағы кезінде ана тіл, салт-дәстүр, тарих-шежіре, мәдениет, дініміз өз деңгейінде болмады. Тәуелсіздік алған кейін ел қайта түлеп, тарих сахнасынан бой көтерді.
Қазақстанның басына қонған Тәуелсіздіктің бақыт құсы ұлттық құндылықтарымызды қайта жаңғыртып, «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» жақсы заман орнады.

Ата-бабаларымыздың басқан жолы көп тарихи оқиғаларды көз алдымыз­ға елестетеді. Өткенгі аумалы-төкпелі заманда халық «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» оқиғасына кез болып ата- мекен, туған жерінен айырылып, тарыдай шашылып, торғайдай тозып, адам баласы төзбейтін ащы қасірет арқалады. Босқын болған ел аштықтан, аурудан қынадай қырылды. Халық сондада азаттыққа деген күрескерлік рухын жоймай, ұрпақтан-ұрпаққа Тәуелсіздік күресін жалғастыра берді. Халқымыздың мәңгі есінен кетпейтін аса ауыр, зарлы заманды ақиық ақын Мұқағали Мақатаев:
«Қаратаудың басынан көш келеді»,
Қаражорға шайқалып бос келеді.
Қара күнді жамылып, қара қазақ,
Қара түнді басынан кешкен еді
Қара қайғы көрсетпей ештеңені,
Қара жауы қанатын кескен еді.
Шылғау болып қыздардың кестелері,
Талай қара шаңырақ өткен еді, — деп суреттейді.
Ұлтымыздың азаттық үшін жасаған күресі ғасырдан-ғасырға жалғасты. Ата-бабаларымыздың ел мен жерді қорғаған ерен ерлігінің арқасында осынау ұлан-ғайыр кең байтақ жерге ие болдық.
Тарих өз әділдігін жасады. Ата-бабаларымыздың ғасырдан-ғасырға армандаған Тәуелсіздігі жүзеге асты. Алланың көзі бізге түзу болып Тәуелсіздікке қол жеткіздік. Осылайша Қазақстан Тәуелсіздігі тарих бетінде алтын әріппен жазылды.

Елбасы, ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «…Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен гөрі, Тәуелсіздікті мәңгі ұстап қалу одан әлдеқайда қиын. Бұл әлем кеңістігінде ғұмыр кешкен талай халықтың басынан өткерген тарихи шындық. Өзара алауыздық пен жан – жаққа жөнсіз тартқан берекесіздік талай елдің тағдырын құрдымға жіберген» деген кемеңгер сөзін айтқан еді.

«Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы – Қазақ­стан Тәуелсіздігін сақтаудың бірден-бір шығар сара жолы. Тұңғыш Президент ұсынған Мәңгілік Ел идеясының біріктіруші құндылықтары: «азаматтық теңдік, еңбексүйгіштік, адалдық ғылым мен білімге құрмет, зайырлы ел» құру. Біздің мақсатымыз – Қазақстанның тәуелсіздігін нығайту екенін ұрпақтар санасына сіңіру керек. Қазақ халқының маңдайына жазылған Тәуелсіздік– мәңгі жасасын!!!

Махамбет Қасымқанұлы,
“Талғар аудандық кітапханасы” МКМ директоры