Ажал қоңырауы

Ажал қоңырауы

Сырт көзге бір қараған адамға бұл темір музейде неге тұр деген сұрақ туындауы сөзсіз. Бірақ сылдыр еткен бұл қоңыраудың үні сонау зұлмат заманда талай адамның тағдырын шешкенін біреу білсе біреу білмес.

Бұл – ажал қоңырауы. Ажал қоңырауы аталынуы да тектен тек емес. Сонау саяси қуғын-сүргін жылдары абақтыда қоңырау соғылғанда жазаланушыларды атып отырған екен. Сондықтан да дабылды естісімен-ақ дәм-тұзы таусылғанын сезіп, ажалға мойынсұнған. Сол бір зұлмат заман ешкімді де аяған жоқ. Қаншама зиялыларымыз жапа шекті. Қаншамасы «халық жауы» деген атты жамылып оққа ұшса, жарлары, балалары түзеу лагерлерінде болды. Бүтіндей бір ұлттың тағдырына балта шабылды десек те болады. Сан қилы тағдырды басынан өткерген күрескер азаматтарымызды ақтап алу үшін ұрпақтары аянбай еңбек етуде. Әліде зерттелмей, зерттелуді қажет ететін тарихымыз қаншама. Әлихан Бөкейхан «Түзу қалам – қисайған, өткір қалам — мүжілген заман» деп осы заманды айтқан болар. Ендеше музейдегі әрбір зат – біздің тарихымыз, біздің ертеңгі болашағымызға қалдырар бай мұрамыз. Келешек ұрпаққа қалдырар мол қазынамызды көздің қарашығындай сақтау біздің міндетіміз. Сыңғыр еткен әр қоңырау үні тек жақсы жаңалықтың жаршысы болғай.

Ұлбосын Керімбекова,
«Саяси қуғын-сүргін құрбандары» музейінің қор сақтаушысы