Жастарға ең жақын адам

Жастарға  ең жақын адам

Аудандық кітапханада өткен бір шарада жүріс-тұрысы, өзін-өзі ұстауы, сөйлеу мәнері келіскен кеш жүргізушісі назарымды аударды. Шара соңында жанына барып таныстым. Панфилов ауылдық кітапханасының меңгерушісі Нағима Аханова екен. Ол кезде емен-жарқын отырып сұхбаттасудың реті келмеді. Арада біраз уақыт өтіп жұмыс бабымен Панфилов округіне бара қалдық. Кітапханашы апаймен тілдесудің де сол кезде сәті түсе кетті.

1977 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген Нағима Аханова 1996 жылы арман қуып Алматыға келеді. Жасынан өнерге ғашық бойжеткен өзі қалаған білім ошағына оқуға түседі. Өнерге ғашықтығын әдебиет пен мәдениеттің ортасы — Алматы одан әрі айшықтап жібереді. Бірақ 19 жасар сұлу бойжеткеннің тағдырына Жамбыл ауданына келін болып түсу бұйырыпты. Келіндік міндетін атқара жүріп ата-ененің қас-қабағына қарау, жұмысбасты жолдасының жағдайын жасау, кейін ана атанып, бала бағу бал арманынан қол үздіреді. Сағындырған сахнасы сағынышқа айналып қала береді.
2004 жылы жолдасының жұмыс бабымен Талғар ауданына қоныс аударады. Панфилов ауылының тұрғыны атанады. Бала кезден кітапқа құмарлығы бар еді, қолы бос кезде ауылдық кітапханаға барып, кітап жаздыртып оқып жүреді. Сөйтіп жүріп ауылға кітапханашы керек екенін біліп, 2009 жылы кітапхана меңгерушісі болып жұмысқа орналасады. Содан бері тынымсыз еңбек етіп келе жатқан кітапханашы ауыл азаматтарының кітаппен тонның ішкі бауындай жақын болуына үлес қосып келеді. Нағима апайды іздеп кітапханаға бас сұққанымызда қазір кітап оқитын оқырман жоқтың қасы деген көзқарастың теріс екендігін біз де бірден аңғардық. Бірін шығарып салып, екіншісін қарсы алып жатқан меңгеруші қымбат уақытын бізге де бөлді.

– Кітапханада 25 мыңға жуық кітап қоры бар. 700-ге жуық тұрақты оқырманым бар. Оның ішінде мемлекеттік қызметкерлер мен балалар көп. Оқырмандарымыз карантин уақытында да азайған емес дейді. «Мынадай кітап керек  еді» — деп алдын-ала хабарласып, кітапханаға келуге өтініш білдіреді. Карантин талаптарын сақтай отырып оқырманға ұнаған кітабын тауып беруге тырысамыз. І.Есенберлиннің, М.Әуезовтың, О.Бөкейдің кітаптары сұранысқа ие. Және соңғы кездері жарнамасы өтіп тұрған мотивациялық, психологиялық кітаптарды да көптеп сұрап жатады, — деді бізбен сұхбатында.
Осындай еңбекқорлығының арқасында кітапханашы дегеніміз кітапханада кітапты қолға береді деген тар ұғым орнына, кітапханашы мамандығының қажеттілігін мойындататын оң пікірлер мен көзқарастар қалыптастырып келеді. Еңбегінің жемісі ретінде аудандық, облыстық әкімдіктің, сала басшыларының «Құрмет грамотасымен», «Алғыс хаттарымен» марапатталған. «Қазіргі уақытта кітапханашының қызметі мүлдем өзгерді деуге болады. Кітапханашы кітап оқып, уақытын өткізіп, үйіне қайтады деп ойласаңыз, онда қателесесіз. Бүгінгі кітапханашы – менеджер, ол – бағдарламашы, ол – психолог, дәлірек айтсақ, кітапхана ісінің дамуын алға жылжытатын білікті маман болуы шарт. Осы талаптан шығып жүрген Нағима апайымыздың өзі де әдебиеттен алыс емес. Көңілін алабұртқан жайларды қағазға түсіріп, өлең жазады. Әлемді алапат апаттан әдебиет пен әдемілік құтқарады деп сенеді. Міне, өскелең ұрпаққа даналықтың дәнін егіп жүрген Нағима Аханова жастарымыз ертеңгі атар таңдардың жалқын жалына емін-еркін қол артса деген үлкен сеніммен еңбектің қара қазанында қайнап келеді.

Меруерт Мәулет,
«Талғар»