Ескінің көзіндей, жаңаның өзіндей

Ескінің көзіндей, жаңаның өзіндей

Мақалаларыма арқау болған түрлі мамандық иелерінің ішінде өз ісінің майталмандары, нағыз қадірлі де құрметті мамандық иелері ұстаздар туралы жазғанды жаным жақсы көреді. Оның бір себебі өзімнің де мұғалімнің қызы болғандығым болса, екінші себебі, білім мен тәрбиенің тәлімдісін бере білген ұстаздарыма деген шексіз алғыстың белгісі дер едім. Бүгінгі мақалама да дәл сондай «өз уақытын аямай, өзгенің уақытын аялай білген» ұлағатты ұстазды арқау етіп алдым. Ол Талғар ауданына қарасты Жалқамыс ауылындағы №15 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Оспанова Аяулы Ерболқызы.

Алматы облысына қарасты Панфилов ауданындағы жыр дүлділі Дәнеш Рақышев шыққан Үшарал ауылының тумасы Аяулы 2003-2006 жылдары Жаркент педагогикалық колледжінде білім алған. 2006 жылы білімін шыңдау мақсатында Алматыға келіп, жоғары оқу орнының студенті атанады. Сол жылы Талғар ауданына келін атанып, тұрмысқа шығады. Келіндік міндетін атқара жүріп ана да атанады. 2010 жылы алғашқы еңбек жолын №15 орта мектептен бастады. 11 жылдық ұстаздық қызметінде талай шәкірттердің шамын жағып, балдәурен балалық шақтан бастау алатын асыл арманына қанат қақтырып келеді. Солардың ішінде Айару Нұрсадық, Ғазиза Ербол сынды шәкірттері халықаралық білім сынынан жүлдемен оралып жүр.

Аяулы көненің көзіндей, жаңаның өзіндей бола білген ұстаз. Заман талабына сай жаңашыл білім реформасымен жүрсе де бұрынғы сара жолдан да тайып көрмеген. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» (әл-Фараби) деген қанатты сөзді басшылыққа ала жүріп ата-бабамыз ұстанған жолдың орны бөлек екенін бала жадына тоқи жүреді. Мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндердің балаң жүрегі ұлттық рухтың дәнін егіп келе жатқан ұстазға ата-аналар да дән риза.
«Адамның адамшылығы-ең алдымен, жақсы ұстаздан» деген Абай Құнанбаев. Бүгінгі ұрпақ — тарихи кезеңде өмір сүріп, ұлттың, елдің, жердің болашағы үшін үлкен жауапкершілік міндетін арқалап отырған ұрпақ. Аяулымдай ұлтжанды ұстаздарымыз көп болса бабаларымыздың арманына айналған егемендікті еншілеген ұрпақ саналы да, парасатты болып өсетініне күмәніміз жоқ.

Меруерт Мәулет,
«Талғар»