Қымбат болсын жаннан АР…

Қымбат болсын жаннан АР…

Халқымызда —«Еңбек етсең, емерсің» деген аталы сөз бар. Осы нақыл жастардың қаперінде жүрсе деймін. «Еңбек адамды бүтіндейді, жалқаулық адамды түтіп жейді» деген даналықты да дәйім назарда ұстағанымыз жөн.Кәсіпкерлікпен, бизнеспен айналысудың пайдалы екенін жастарымыздың түсінгені абзал.Қазақтың қолынан іс келмей«алма піс, аузыма түс» деп отыра беретін берекесіз болса, осыншама ұланғайыр өлкеге иелік ете алмас еді.

Басқалардың айдауына көніп, барына қанағат ететін бейқам болса, қытайға қорған соқтырып, іргесі сөгілмейтіндей болған КСРО-ның іргетасын бұзып тәуелсіздік алмас еді. Тексіз болса, дуалы ауыз даналар Төле мен Қазыбекті, Әйтекені тудырмас еді. Демек, қазақ ешқашан дана, дара тұлғалардан кемшін болмаған.

Ел боламыз, өркендейміз десек, ұлтжанды да батыр қазақ рухы арқылы бүгінгі жаңа қазақтың жігерін жанып, салт-дәстүрімізге сай тәрбиелеуіміз қажет. Ар-ұжданды ақшадан биік қойып, Отанға, елге деген елжандылықтан айырылмағанымыз жөн.

Тәуелсіз мемлекеттің Туы, мемлекеттік Гимні, Елтаңбасы, төл теңгесі, мемлекттік тілі, астанасы туралы сөз қозғаудан сескеніп, қарадай қуыстанғанымыздың жалғандығы жоқ. Ұлтжанды Көшбасшымыз республика тағдыры өз қолына тиген соң, ғасырлар бойы ұлы арманға айналған, күрмеуі қиын мәселелерді шешуге батыл кірісті.Тәубе! Қазір, қазақ еліне басқалар да байыппен қарайтын болды. Бұл деңгейге жету, әрине оңай болған жоқ.Кеңес дәуіріндегі талқысы мол тіршіліктің сан соқпағында шыңдалып, жоқ нәрсені бар еткен аға буынның ерен еңбегін ескермей кетуге болмайды. Әлемдік тәжірибеге сүйенер болсақ мемлекеттің гүлденуі жастардың жасампаздығына тікелей қатысты болады екен.«Мен жастарға сенемін» деп Мағжан Жұмабаев айтқандай тәуелсіз елдің ертеңі жастардың қолында. «Атадан жақсы ұл туса елінің қамын жейді, атадан жаман ұл туса, елінің малын жейді» деген. Бүгінде елдің қамын жейтін,оның болашағын ойлайтын жастарымыз бар. Мен соған қуанамын.
Жаһанданудың бүгінгі шарты-бәсекеге қабілеттілік таныту. Демек қай сала болсын жігеріңді жанып, біліміңді шыңдауыңды, еңбегіңді еселеп, қайратыңды, қайрауыңды талап етеді. Жастар осы жолды таңдағанда ғана көшіміз көлікті, еліміз көрікті болып, көк байрағымыздың биікте желбірейтіні анық.

Бүгінгі таңда қазақ елі көшінің тізгінін алған, әлемдік саясаттың талай сынынан өткен Қасым-Жомарт Кемелұлы Елбасы салған сара жолды жалғастырып, қазақстандықтарды нұрлы болашаққа жеткізу үшін бар білімі мен біліктілігін арнайтынын білдірді. Әрине бұған ел сенеді. Тәуелсіз елдің ертеңі үшін тер төгетін ұрпағымыз сабырлы, саналы болсын деп тілеймін! Бұл- ұлтымыздың қанындағы ұлы қасиет. Ел ертеңіне алаңдап, халқының қамын ойлаған осындай тұлғалары бар қазақ халқы бақытты. Сондықтан келешегіміздің кемел, ертеңіміздің нұрлы болатынына да сеніміміз мол. Тәуелсіз елдің болашағына әр азаматының жауапты екенін ұмытпайық, ағайын!

Айнаш Әлдибек,
«Талғар»