ҚазАКСР-ның тарихи маңызы

ҚазАКСР-ның  тарихи маңызы

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және де 26 тамыз ҚазАКСР құрылған күніне орай «Саяси қуғын-сүргін құрбандары» музейінде «ҚазАКСР-ның тарихи маңызы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Шараның мақсаты – тәуелсіздік жолында құрбан болған Алаш зиялыларының атқарған еңбектерін жас буынға жеткізу, әр азамат үшін тәуелсіздік басты құндылық екендігін түсіндіру.

Жиын Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің, Ш.Уәлиханов атындағы тарих институтының, Алматы облысының мемлекеттік архиві мамандарының қатысуымен өтті. Қазақ Автономиясы құрылуы, алғашқы төрағасы Сейітқали Меңдешов туралы баяндамамен басталған дөңгелек үстелді гуманитарлық ғылымдар магистрі, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері Еркін Стамшалов жалғастырды. «Қазақ автономиялы кеңестік социалистік республикасы 1925 жылдан 1936 жылға дейін өмір сүрді. Басында бұл автономия «Қырғыз» деп аталып, 1925 жылы ҚазАКСР орталық атқару комитетінің басшысы «қырғыз» сөзін «қазақ» атауымен алмастырып, бұдан былай Қазақ автономиялы кеңестік социалистік республикасы деген атауды пайдалануға енгізді. 1920 жылдың 4 қазанында Орынбор қаласында Қазақ Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасы Кеңестерінің съезі өтті. Съезде РКФСР құрамындағы Қазақ Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасы жарияланып, Қазақ халқының ұлттық мемлекетінің шаңырағы қайта көтерілді. ҚазАКСР-і конституциялық жолмен құрылды. «Декларациясында» республиканың экономикасы, мәдени шаруашылығы ілгері басатындығы айтылды. Қазақтың кеңістік ұлттық мемлекетінің орасан зор маңызы болды. Қазақ халқы ғасырлар бойы арманының орындалуы, отаршылыққа қарсы күрестің нәтижесі ұлттық қайта өрлеу жолындағы алғашқы қадам деп қабылданғаны», — деді Еркін Стамшалов. Тарих ғылымдарының кандидаты, Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының «ХХ ғасырдағы Қазақстан тарихы бөлімінің меңгерушісі» Шәмек Баянұлы Қазақстан одақтас Республика болса да өз заңнамаларын қолдана алмағандығы жайлы сөз қозғады. Филология ғылымдарының докторы, профессор, «Саяси қуғын-сүргін құрбандары» музейінің аға ғылыми қызметкері Ғарифолла Әнес жиынды қорытындылап, 1917 жылы құрылған Алаш Орда үкіметі, одан кейінгі 1920 жылы құрылған ҚазАКСР-і біздің тәуелсіздік алудағы бастаған басты қадамдарымыз екенін, Қазақстанның қазіргі жер аумағын толықтай сақтап қалудағы Әлихан Бөкейханның, Әлихан Ермековтың, Халел Ғаббасов сынды Алаш зиялыларының еңбегін ұмытпай жастарға насихаттау басты парызымыз екенін айтып өтті.

Мейіржан Мұсабаев,
«Саяси қуғын-сүргін құрбандары» музейінің меңгерушісі