Ауылшаруашылығы да назардан тыс қалмады

Ауылшаруашылығы да назардан тыс қалмады

Бүгін жылдағы дәстүрге сай мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауын жариялады. Өз кезегімде мен де, келешекке деген жоспарлы бағдарламалардың барысымен таныс болайын деп көгілдір қорапқа үңілумен болдым. Қос тілде өтетін Жолдаудан көп үміт күтетін ел үшін жағымды жаңалықтарда аз болмады. Десе де, әркім өз саласына қатысты айтылған жаңалыққа елең ете қалары анық. Ауылда өсіп, ауылдың тәрбиесінен шыққаннан кейін болар алдымен ауылдағы елге қатысты мәселелерге ерекше назар қойдым. Ауылдағы жұрттың жәй-күйі жақсы таныс. Биылғы жаз ауыл халқына, шаруаларға оңай соқпағаны баршамызға аян. «Жаным-арымның садағасы, малым-жанымның садағасы» деп төрт түлігінің түгелдігінің арқасында тіршілік жасап жатқан ауылдық елді мекендердегі шаруалардың қолын жем-шөп байлады. Аптап ыстық қуаңшылыққа әкеліп, мал-жанды азығынан айырды. Әлеуметтік желі беттеріндегі басқа өңірлердегі аштықтан белі қайысқан ірі-қараларды көріп қабырғасы қайысқан жұрт ел болып көмек қолын созып жатты.

Бүгінгі Жолдауында Қасым-Жомарт Кемеұлы осы ел басындағы қиыншылыққа да назар аударып, орын алған олқылықтардың астын сызып, нақты қадамдардың жасалу жолын нұсқады. Мәселен, иегерімсіз жатқан шаруашылық мақсаттағы жерлердің қайтарылуын қадағалап «Жем-шөп дайындауға қажетті жер көлемін кеңейткен жөн»- деп көрсетті. Президенттің кесім сөзі жайылымдық жерлерді қоршап алып, қызығын не өзі көрмей, не өзгеге көрсетпей жатқан меншік иелерінің бұл әрекеттеріне өз әсерін тигізеді деп үміттендік. Жергілікті билік өкілдері де шаруалардың қамы үшін қарап отырмас деп сендік.

Сұлтан Нұрдаулетов,

Облыстық мәслихат депутаты.