Тәжірибесі мен тәлімі талайға үлгі

Тәжірибесі мен тәлімі талайға үлгі

Халқымыздың ғасырлар бойы аңсаған арманы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданған сол бір тарихи күнде, 1991 жылдың 16 желтоқсан күні жүзеге асты. Дүниеге жаңа мемлекет – Тә­уелсіз Қазақстан келді. Ел еңсесін көтерген егемендік сан-саланы меңгеріп, жахандық жобаларды жан-жақты зерделеуге жол ашты. Сол тұста өмірге келген бөбек бүгінде өз саласының білікті маманына айналды. Олардың қатарында арманы асқақ, Отанға деген ыстық сезімі бар, өресі биік, мақсаты зор Тәуелсіздік құрдастары жетерлік. Солардың бірі Талғар аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Замира Нұрланқызы.

Ол 2013 жылдан бері ауданымыздың жастарына жігер беріп, көтерген жобаларын қолдап келеді. Қызыл-Қайрат ауылындағы орта мектептің түлегі саналатын Замира, кейіннен Талғар қаласындағы ТАжМК-ге оқуға түсіп, «заңгер» мамандығы бойынша диплом алады. Артынша алған мамандығы бойынша білімін шыңдау мақсатында Тұран университетіне түседі, онымен қоса өзі оқыған колледжде оқытушылық қызметті қатар алып жүреді. Қоғамдық істе белсенді, істе тиянақты бойжеткеннің жұмысына риза болған сол кезде аудан басшылығы қазіргі қызметіне шақырады. Міне, содан бері аудандағы жастар ісінің тасы өрге домалап облыс бойынша топ басында келеді. Жастардан құралған мықты командасының арқасында көптеген елге пайдасы зор жұмыстар атқарып жатқанына куәміз. Соның бірі кешегі пандемияның өршіген уағындағы қайырымдылық жұмыстарына жұмылған еріктілердің үлгі боларлық істері. Деседе Замира Нұрланқызының міндетіне кіретін жұмыстары мұнымен шектелмек емес, ауданымыздағы «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы, аудан әкімшілігі жанынан құралған Қоғамдық кеңестің хатшысы сынды жауапты қыз­меттері қоса бар. Қашанда шынайы еткен еңбек елеусіз қалмасы белгілі, өз кезегінде жастар жетекшісі ел ағаларының бірқатар «Алғыс хат» марапаттарына да қол жеткізген. Жас та болса бас болып қоғамның басты күші жастармен жүйелі жобаларды абыроймен өткеріп келген қыздың көпке үлгі боларлық жөні бар.

Осыны ескерген Талғар политехникалық колледж студенттері біз сөз етіп отырған тәуелсіздік құрдасын кездесуге шақырған болатын. Шараның өтуіне мұрындық болған мекеме басшысы Райхан Нұрмырзақызы келген қонағын күле қарсы алып, сыйын да ұсынды. Еркін форматта ұйымдастырылған бұл кездесуге жастардан бөлек колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жеңісгүл Болатжанқызы қатысып өзінің жүрек жарды лебізін білдірді. Жиын барысында кітапхана меңгерушісі Ырысбике Тоқабаеваның студенттерінің өнері де ортаға салынды. Жоғарғы деңгейде ұйымдастырылған әсерлі кездесуде Замира Нұрланқызы колледж жастарының қойған сауалдарына жауап беріп, кәделеріне жарар кеңестерімен де бөлісті. Сөз соңында кездесу қонағы: «Тәуелсіздік құрдасы болу мен үшін үлкен мәртебе. Мен еліммен бірге өсіп келемін. Жетістікке жетіп келемін. Мен өзімді бақытты жан санаймын. Еліміздің ертеңі баянды болсын»,– дей келе оқу орны басшылығына ризашылыған айтып тарқасты.

Дархан МАҚСАТҰЛЫ,
«Талғар»