«Стритбол» — спортының бапкері

«Стритбол» — спортының бапкері
«Стритбол» – көше баскетболы. Бұл ойынды құрамында үш мүшесі бар кез-келген аула балалары ойнай алады. Қазіргі кезде бұл ойын республикада кең етек жайып келеді. Ал, бұл өнерді мектеп оқушыларына үйретіп, аудандағы ересектер құрамасының сапында өзі де ойнайтын Смағұл Абилғазин есімді мұғалім қаладағы №6 орта мектепте еңбек етеді. Мектептегі оқушыларын баскетбол мен стритбол ойынына үйрететін Смағұл дайындайтын мектеп баскетболшылары үнемі аудан көлеміндегі жарыстарда топ жарып жүр. Қарағанды дене тәрбиесі техникумы мен Семей қаласындағы гуманитарлық университеттің дене тәрбиесі мен спорт бөлімін бітірген Смағұл Абилғазин өте тәжірибелі маман. Ол қасындағы әріптесі Тимур Әзікенов екеуі дайындаған №6 орта мектеп спортшылары жыл сайын 43 спорт түрлерінен өтетін Спартакиада да бас жүлдені басқаларға ұстатпай жүр. Смағұл – стритболдан облыс чемпионы. Баскетболдан ересектер арасындағы құрама команданың сапында ол ойнайтын Талғар құрамасы Қапшағай, Талдықорған, Текелі, Қаскелең қалаларында өткен жарыстарда талай мәрте жүлде алды. Жас ұрпақ тәрбиесінде жүрген Смағұл Абилғазиндей азаматтардың қатары көп болсын деп тілейік!

Тұрсынбек Жалғасбаев,
«Талғар».