Әлеуметтің әлеуетін көтеру керек

Әлеуметтің әлеуетін  көтеру керек

Сайлау-2021

Жуырда аудандық «Nur Otan» партиясының мәжіліс залында Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаттығына үміткерлер Жанна Тельпекбаева мен Данияр Алимбаев, Әлия Әбсеметовалар «ZOOM» платформасы арқылы әлеуметтік бағыттағы қоғамдық ұйымдар өкілдерімен онлайн кездесу өткізді. Кездесуге отыздан аса аудан азаматтары қосылып, тыңдап отырды. Кездесуді «Nur Otan» партиясының аудандық сайлауалды штабының төрағасы Бақыт Күрішбеков ашып, жүргізіп отырды. Алдымен кандидаттарды таныстырып, үгіт-насихат жұмыстарына кезек берді.

Кездесу барысында бірінші болып сөз алған Жанна Тельпекбаева «Nur Otan» партиясының еліміздегі қарқынды дамып, саяси күшке айналған партия екенін тілге тиек етіп, әрдайым халықтың жанынан табылып, қиын да күрделі міндеттерді атқарып жүргенін айтты. Бүгінде партияның өзіндік дәстүрі, жеткен жетістіктері мен қатары қалыңжақтастары бар екенін еске салып, партияның сайлауалды бағдарламасына тоқталды. Оның ішінде ерекше қажеттілігі бар адамдарды қолдау мәселесіне назар аударды. Партияның «Кедергісіз келешек» жобасы аясында көптеген игі шаралар жүзеге асырылмақ. Ерекше қажеттілігі бар жандар үшін пандустар, бейімделген лифтілер, дәретханалар, зағиптарға арналған бағыттаушы белгілермен қамтамасыз ету жұмыстары әрі қарай жалғасатын болады. Мүгедектерді жұмыспен қамту, психологиялық және құқықтық көмек көрсету орталықтары ашылмақ. Азаматты қатыстырмай оның мүгедектігін сырттай белгілеу енгізілетінін айтып, бұл мәселенің сыбайлас жемқорлыққа жол бермей, құжат рәсімдеуін жеңілдететінін жеткізді. Өзі білім саласының маманы болғандықтан мүгедектердің білім алып, жұмыспен қамтылуына да ерекше көңіл бөлмек. Сонымен қатар үкіметтік емес ұйымдардың барлығы түрлі жобалар жазып, гранттар ұту арқылы жұмыс істеп отырғанын алға тартып, осы жолда кездесетін кедергілер туралы сөз қозғады. Азаматтардың сұрақ-сауалдарын тыңдап, жауап беріп отырды. Қаламыздағы «Самға-Н» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Назгүл Рысбаева мүгедек балалардың мектепті бітіргеннен кейін мамандық игеру мүмкіндіктері жайлы сұрағын қойды. «Прогресс» политехникалық колледжінің директоры Жанна Тельпекбаева мүмкіндігі шектеулі балаларды оқытып, мамандыққа машықтандыратын колледж болғандықтан бұл мәселені шешуге ықпалдасатынын айтты. Сондай-ақ жобалар жазып, гранттар ұтуға да өз көмегін беретін болды.
Ал Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаттығына үміткер көпбалалы ана Әлия Әбсеметова да «Нүрия» тұрғын үй кешенінің тұрғындарымен «ZOOM» платформасы арқылы кездесті. Үміткер тұрғындармен онлайн кездесудің де өз ерекшеліктері барын айтып, еліміздегі пандемия салдарынан халықтың амандығын бірінші орынға қойып, қай сала болса да онлайн режимде жұмыс істеуге бейімделіп қалғанымызды атап өтті. Жаңа заманға сай техниканың дамыған уақытында онлайн дидарласуға кез келген азаматтың мүмкіндігінің жететіндігін алға тартты. Содан кейін партияның сайлауалды бағдарламасына тоқталды. Қашанда халық қамын бірінші орынға қойған партияның сайлауалды бағдарламасында ел игілігін еселеп, әл-ауқатын жақсартуға басымдық берілген. Өзі көпбалалы ана болғандықтан алдымен аналардың жағдайын жақсарту бағытында жұмыс істемек. Ана мен баланың денсаулығы мен әлеуметтік жағынан қорғалуына ерекше назар аудартуды көздейтінін айтты. Кездесу барысында партияның басқа да бағыттарына тоқталып, тұрғындарды алдағы маңызды саяси науқанға атсалысуға үндеп, дұрыс таңдау жасауға шақырды.

Перизат Нұрқаева,
«Талғар»

(Материал ақылы,
«Nur Otan» партиясы есебінен
келісім-шарт негізінде төленеді)