Бүгін Тәуелсіздік күні дүниеге келген сәбилерге сый-сияпат берілді

Бүгін Тәуелсіздік күні дүниеге келген сәбилерге сый-сияпат берілді

Бүгін 16 желтоқсан — Қазақстан республикасының Тәуелсіздік күні. 

Тәуелсіздік – бабалар аңсауы, ұрпақтың қолы жеткен киелі кезең. Тәуелсіздік – таңбасы таста, қаны қара жердің тамырында жатқан құдіретті сөз. Оның тері қандай ащы болса, жеңісі де сондай тәтті. Сол себепті әр жыл сайын қазақ елі бұл күнді күліп-ойнап қарсы алады. Себебі бабаларымыз ұрпағының өз жерінде бақытты ғұмыр кешуі үшін, бүгінгі күнді көруі үшін соңына дейін күресіп кетті. Соңғы буын аға-апаларымыз 16 желтоқсан күні ашық алаңға шығып, соңғы демдері қалғанша күресті. Тарих бетінде бұл күн мәңгі қалды. Тарихымыз ұмыт болмасын деп ел басшылары 16-17 желтоқсан күні әртүрлі мәдени-әдеби және басқа да іс-шараларды ұйымдастырып келеді. Соның бірі ретінде  Талғар аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Еркін Тогузаков және аудандық аналар кеңесінің төрайымы Мария Ордабайқызы облыс әкімдігінің арнайы тапсырмасымен аудандық перзентханаға барып бүгін дүниеге келген сәбилерге «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» деген жазуымен тігілген көрпешелерді сыйға тартты. Бұл күні  дүниеге 5 қыз және 3 ұл келді. Яғни 8 отбасында қос қуаныш. Айта кетсек, жыл басынан бері Талғар ауданында 4063 сәби дүниеге келген.
Сәбилеріміздің дені сау, өмір жасы ұзақ болып, қазақ елі үшін қызмет ететін азаматтар мен азаматшалар болып өссін. Сәбилеріміз көп болсын!

Талғар-ақпарат