Көпқабатты тұрғын үй кешендерінің жұмысы бақылауға алынды

Көпқабатты тұрғын үй кешендерінің  жұмысы бақылауға алынды

Облыс басшысының орынбасары Ләззат Махатұлы қазіргі уақытта ауданымызда жүріп жатқан коммерциялық 5 тұрғын үй кешеніне ат басын бұрып, бірқатар нысандардың жұмыс барысымен танысты.

«Алма Тау», «Нұрия», «Аспан Сити», «Турхан», «Көк Алатау» тұрғын үй кешендеріндегі жұмыстардың көңіл толтырмайтын тұстарын айтып, алдағы уақытта олқылықтардың орнын толтыруды міндеттеді.
«Көк Алатау» тұрғын үй кешеніндегі инженерлік коммуникациялық желілер бойынша 2019 жылы 2,5 млрд. теңге бөлінген болатын, қазіргі уақытта барлық құрылыс-монтаж жұмыстары «БАКАД» жобасының келісіміне байланысты тоқтап тұр. Күзет аймағына қарамайтындықтан аталмыш нысандағы қазандықтың құрылыс жұмыстары жүріп, аяқталуға жақындады.
Сонымен қатар қызу жүріп жатқан құрылыс алаңдарындағы басқа да шешуі қиын шаруалардың шешімін табуға көмектесетінін, меморандумға сәйкес «7-20-25» бағдарламасы аясында берілетін тұрғын үйлердің сапасын бақылауда болатынын басып айтты.
Ләззат Махатұлы Талғар қаласы бойынша көпқабатты үйлердің ауласын абаттандыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, өз бағасын берді. Жылу қазандықтарының жұмыс сапасын бақылап, жауапты адамдарға жылу жүйесінің тұрақты жұмыс жасауын назарда ұстауды тапсырды.
Айнаш Әлдибек,
«Талғар»