Жергілікті зауыт Тараз дәріханаларына тәулігіне 30 мың маска жеткізіп тұрады

Жергілікті зауыт Тараз дәріханаларына тәулігіне 30 мың маска жеткізіп тұрады

Жамбыл облысы аумағында коронавирус инфекциясы тіркелген жоқ. Санитарлық-эпидемиологиялық жағдай тұрақты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгін ӨКҚ алаңында Жамбыл облысы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Берік Жарқынбеков Төтенше жағдай кезінде денсаулық сақтау саласындағы профилақтикалық жұмыстар туралы баяндады.

Спикердің айтуынша, Жамбыл облысы аумағында коронавирус инфекциясы тіркелген жоқ. Санитарлық-эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Медициналық ұйымдар коронавирустық инфекциямен ауыратын науқастарды қабылдауға және емдеуге дайын. Барлық медициналық ұйымдарда медицина қызметкерлері үшін жеке қорғану құралдарының, дезинфекциялық препараттардың, дәрілік заттардың қажетті қорының болуы қамтамасыз етілді.

Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов бүгінде дәріханалардағы маскалар мен антисептик тапшылығы туралы сұраққа жауап беріп, арнайы құрылған мобильді топ қаладағы дәріханалардағы маска тапшылығын және баға өзгерісін бақылап отырғанын тілге тиек етті.

«Біз жергілікті «СуперФарм» зауытымен келісімге келдік, Тараздағы дәріханаларға тәулігіне 30 мыңнан астам бетперде жеткізіп тұрады. Бірақ бір шектеу бар — әр адамға тек 5 маскадан ғана сатылады», – деді ол.

Брифинг кезінде карантинде жатқан азаматтар бойынша да мәлімдеме жасалды.

«Бір ұшақта отырған 2 адам анықталды, бірақ олар бірден карантинге жатқызылды», – деді облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау департаменінің басшысы Берік Жарқынбеков. Әзірге нақты қай күні, қандай рейсте болғаны белгісіз.

Марат Жұманқұловтың сөзінше, оқшаулағышта жатқан адамдарды бақылайтын дәрігерлерге қалай жұмыс істеу керектігі туралы түсіндіру жүргізілген. Зиянды ортада жұмыс істегендері үшін оларға 2 айлық жалақы көлемінде еңбекақы төленбек.

Талғар-ақпарат