Құрылыс нысандарын аралады

Құрылыс нысандарын аралады

Күні кеше ауданымызға ат басын бұрған Алматы облысы әкімінің орынбасары Ләззәт Тұрлашов пен облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Данияр Әбдібеков ауданымызға қарасты күре жолдардың бойында орналасқан құрылыс нысандары мен коммерциялық нысандардың, халыққа қызмет көрсететін орындардың құжаттарының заңдылығын, қызыл сызыққа сәйкестілігін, сәулеттік келбеті мен абаттандырылуын тексеріп шықты.

Облыстан келген басшыларды аудан әкімінің орынбасары Дәркен Нұржанов қарсы алып, аудандық сәулет және қалақұрылысы бөлімінің басшысы Жандос Әуелбаев, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Еркін Алдатаев, аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Мадияр Қадыржан мен ауыл әкімдері бастап жүрді.

Рейд барысында «Алматы – Талғар», «Талғар – Бәйтерек» және Бесағаш ауылына қарасты Бухтарминск көшесі бойында, яғни жоғарғы және төменгі күре жолдар бойында орналасқан мейрамхана, базарларға, басқа да сауда-саттық нысандарына жан-жақты тексеру жұмыстары жүргізілді. Әсіресе, жаңадан бой көтеріп жатқан құрылыс нысандарына ерекше назар аударылды. Облыс әкімінің орынбасары Ләззәт Махатұлы құрылыс нысандарының құжаттарының заңдылығы мен нысандарды абаттандыру мәселесіне келгенде ауыл әкімдері мен бөлім басшыларына сын-ескертпелерін айтып, көгалдандыру жұмыстарын тиянақты жүргізу керектігін қадап тапсырды. Базарлар маңындағы сұрықсыз шатырлар мен темір дүңгіршектер де сынға ілінді. Жол бойындағы жабайы сауда орындарын ретке келтіріп, саудагерлердің құжаттарының да заңға сәйкестігін қадағалау тапсырылды. Бұл күні тексерілген 29 құрылыс нысанының екеуінің құжаты жоқ, заңсыз салынып жатқаны анықталды. Бұл нысан иелеріне жергілікті құзырлы органдар тарапынан ескерту ұйғарымы берілгендігі айтылды.

– Өткен жылдармен салыстырғанда биылғы жылы бой көтеріп жатқан құрылыс нысандарының құжаттары заңға сай рәсімделген. Жобасы бар, сараптамадан өткен. Бұл бір жағынан азаматтардың құқықтық сауаттылығының артқанын көрсетсе, екіншіден басшылық тарапынан ұдайы жүргізіліп жатқан тексеру мен қадағалау жұмыстарының жемісі. Облыс әкімінің орынбасары Ләззәт Махатұлының бастамасымен осындай тексеру жұмыстары облыс көлемінде апта, ай сайын жалғасын тауып отыратын болады, – дейді облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Данияр Әбдібеков тексеру соңында. Тексеру жұмысын қорытындылай келе, Ләззәт Махатұлы әкімдер мен бөлім басшыларына тексеру барысында анықталған олқылықтарды бір апта ішінде жойып, тиянақты жұмыс жасауды тапсырды. Сонымен қатар ауыл әкімдеріне өздеріне тиесілі ауылдарды аралап, ауылдағы жаңа құрылысты, басқа да сауда орындарын анықтап, тексеру жұмыстарын жүргізіп тұру керектігін ескертті.

Перизат Нұрқаева,
«Талғар».