БАС ЖОСПАР ТАЛҚЫЛАНДЫ

БАС ЖОСПАР ТАЛҚЫЛАНДЫ

Апта басында ауданымызға Алматы облыстық сәулет және қалақұрылысы басқармасының бас жоспар бөлімінің басшысы Күнесбаев Айдос Күнесбайұлы келіп қайтты. Әкімшілік ғимаратында өткен жиын барысында Талғар қаласының, сонымен қатар ауданымызға қарасты Гүлдала ауылдық округіне қарайтын Жаңа Қуат ауылы және Бесқайнар, Бесағаш ауылдық округтерінің бас жоспарлары талқыға түсті. Аудан әкімі Жолан Ыбырайақынұлының қатысуымен өткен жиында тиісті сала өкілдерінің баяндамалары тыңдалып, бірқатар ескертпелер айтылды. Үш округтен келген мамандарды мұқият тыңдаған әкім аталған ауылдардың жоспарына қатысты әлі де болса шикі тұстарының бар екендігін айтып, жетілдіру керектігін ұсынды.

Облыстан келген қонағымыз Айдос Күнесбайұлы өз кезегінде «Бүгінгі отырыста көтерілген мәселелерді аудандық аппарат жиналыстарына енгізсеңіздер», – деген ойын жеткізді. Және 2020 жылға дейін жан-жақты сараланып, ауданның жобалық сметалық құжатын дайындау керектігін соған сай мемлекет тарапынан қаржы қарастырылатынын да тілге тиек етті.

Осы ретте аудан әкімі мегаполис іргесінде орналасқан ауданымыздың күн санап өсіп жатқандығын қала тұрғындарының ресми саны елу мыңды көрсеткенімен іс жүзінде 80 мыңға жетіп қалғандығын да алға тартты. Осыған сай жаңа мектептер мен әлеуметтік нысандар және қаламызға жаңадан көпір салу керектігі де жоспар-да бар екендігін айтты. Міне сол көтерілген істердің барлығы дерлік қаланың бас жоспарына енгізілетінін жеткізді.

Дархан ӘУК,
«Талғар»