Күміс жүлдегер!

Күміс жүлдегер!

«Талапты ерге – нұр жауар» – демекші, самбо күресінен Қазақстанның бес дүркін чемпионы, биылғы жылы Үндістан мемлекетінде өткен Азия чемпионатында алтыннан алқа таққан, Қазақстанның спорт шебері Ақмарал Бағланқызы осы қазан айында Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында өткен әлем чемпионатында бағын сынаған еді. Алпыс келі салмақта күш сынасқан Талғар қызы ең алдымен Франция елінен келген самбошы қызды үш ұпай артықшылығымен ұтса, екінші жекпе-жегінде Қырғызстанның балуан қызын «қол ауырту» әдісімен тізе бүктірді. Ол үшінші белдесуінде Өзбекстан спортшысымен күш сайыстырды. Жергілікті жанкүйерлердің демеуімен үсті-үстіне шабуылдаған өзбек қызын бір сәті келгенде кеудесіне қондырып алған Ақмарал кейін қарай серпе лақтырып, қос жауырынымен кілемге шегеше қадады. Таза жеңіс. Осы айқын жеңіс оны ақтық сынға алып келді. Алтын жүлде үшін ол Ресей Федерациясының өкілі Маргарита Швайнер деген қызбен шайқасты. Төрт минут бойы бірін-бірі ала алмаған екі самбошының тағдырын ортадағы төреші шешті. Ресей қызына бұра тартқан үш қапталдағы төрешілер бір ұпай артықшылығымен М.Швайнер жеңді деп оның қолын көтерді. Спортта осындай әділетсіздіктердің болып тұратыны қандай өкінішті. Дегенмен, осындай әлем чемпионатынан күміс жүлде алып оралған Ақмарал Бағланқызының еңбегін қалай мақтаса да жарасады. Әлемдік аренада төрт-бес жылдан бері ойқастап, өз күресімен талайды таңдандырып жүрген Ақмарал Бағланқызының өзін көрсетер кезі әлі алда деп білеміз.

Тұрсынбек Жалғасбаев,
«Талғар».