Көпсалалы агрохолдинг – ауданымыздың беткеұстары

Көпсалалы агрохолдинг – ауданымыздың беткеұстары

«Байсерке -Агро» ЖШС құрылғанына 17 жыл

«Байсерке Агро» ЖШС ұжымының құрылғанына биыл 17 жыл толды. «Байсерке Агро» ЖШС Алматы облысы,Талғар ауданы, Панфилов ауылында 2002 жылы қазан айының 28 жұлдызында өз бетінше жеке шаруашылық болып жұмыс бастады. Шаруашылықтың барлық жер көлемі 43332,3 гектар, мұның ішінде негізгі жері табиғи жайылымдық жерлер – 39822, 1 гектар (мал шаруашылығының барлық түрлерін өсіріп, өндіріп, дамытуға, өркендетуге өте қолайлы).

Өндірістік активінде 3600 гектар егістік алқабы бар, соның ішінде 500 гектары тамшылатып суарылады, 114,5 гектар көп жылдық шөптер отырғызылатын жерлер, 29,9 гектар шабындық жерлер бар.

Бастапқыда аяқтанып кету бұл ұжымға да оңай болған жоқ. Бірақ, ЖШС-ны құрған сол кездегі Парламент Мәжілісінің депутаты, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Темірхан Мыңайдарұлы Досмұхамбетовтың табанды еңбегінің арқасында шаруа тез арада дөңгеленіп кетті. Астық тұқымдарына арналған жаңа қоймалар салынды. Осы уақыт аралығында Байсерке шаруашылығының өнімі күрт өсіп, білімді, ғылымды, өндірісті біріктірген көпсалалы ірі холдингке айналды. Егін және мал шаруашылығы салаларын жоғары деңгейге жеткізді. Т.Досмұхамбетов қазақ мемлекеттік дене тәрбиесі институтының спорт бөлімін және әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің заң факультетін бітірген және осы салаларды жетік меңгерген азамат. Педагогика ғылымымен де терең айналысты. Атап айтқанда, алғашқы жылдары Т.М.Досмұхамбетов «Интурист Қазақстан» ұлттық компаниясының бас директоры, «Яссауи» туристік компаниясы акционерлік қоғамының президенті, Қазақстан Республикасының екі мәрте спорт және туризм министрі, Қазақстан Республикасы Президентінің екі рет іс басқарушысы, Астана қаласының әкімі қызметтерін абыроймен атқарып, көптің алғысына бөленді. Қай салада болса да, мөлдірлік пен адалдықты жанына серік еткен, мемлекетіміз бен халқымыздың мүддесін бәрінен биік қоя білген Темірхан Досмұхамбетов «Халықтар достығы», екінші дәрежелі «Барыс» ордендерімен, «Қазақстанның Тәуелсіздігіне – 10 жыл», «Қазақстанның Тәуелсіздігіне – 20 жыл», «Қазақстанның Тәуелсіздігіне – 25 жыл» медальдарымен тағы басқа да үлкенді-кішілі марапаттармен марапатталған.

Моральдық және физикалық тұрғыдан тозығы жеткен бұрынғы одақтың нашар техникасының орнына Еуропадағы озық елдерден жаңа техникаларды алдырып іске қосты. Сиырлар Швейцариядан әкелінген сауын роботтармен сауылуда. Сиыр сауатын бір робот күніне 60 сиырды сауып үлгереді. Бұл дегеніміз, төрт сауыншының еңбегін бір робот атқарады деген сөз. Сиыр сауатын роботтар – «ақылдылығымен» ерекшеленеді. Мысалы, сиыр сауылып жатқан сәтте сүттің майлылығы нормадағы мөлшерден сәл-пәл төмендесе, не сүттің сапасында әлдеқандай кінәрәт пайда болғаны жөнінде белгі берілсе, сүт автоматты түрде басқа түтікшеге ауысып, сонда жиналып, сапасы жоғары сүтке қосылмай басқа ыдысқа құйыла бастайды. Сауылған сүт арнайы құбырмен қасындағы зауытқа барады. Барған сүттен ірімшік шығарылып, Алматыдағы дүкенге күн сайын жеткізіледі. Қазіргі уақытта зауыт өндіретін сүт өнімдерінің атауы «Разия» (сүт, айран, қаймақ, ірімшік, йогурт, сары май, ақ ірімшік).
2012 жылдан бері «Байсерке-Агро» холдингінде «Разия» шұжық өнімдері өндіріліп келеді. Арқабай ауылында орналасқан. Мал тұратын комплексте гигиена мен жалпы санитария жоғары деңгейде. Ветеринарлық қызметті 12 ай бойы үзілмей бақылап тұрады, яғни дезинфекция шаралары қораның ішінде де, сыртында да үзбей жасалынады. Мал тұқымына келсек, ол дүние жүзіндегі алғы шепте тұрған мемлекеттерден эмбриондар алынып, оларды жергілікті суррогат тұқымдарға салу арқылы бұзаулар алады, яғни 100 сиырға 97 бұзау алынған. Қазіргі таңда шаруашылықта ірі қара мал – 4360 бас, жылқы – 969 бас, ұсақ мүйізді мал – 4837 бас, түйе – 220 бас бар. Бұл күнде Байсеркеде арнайы молекулярлық – генетикалық лаборатория салынып, онда Қазақстан-АҚШ келісімшартымен жұмыс атқарылғалы отыр. Соңғы 3-4 жылдың ішінде Қазақстан аймақтарында Байсеркедегідей сүтті, етті сиырлар және басқа да ірі қара дүниеге келді, яғни бұл шаруашылықтан асыл тұқымды бұқалар және қошқарлар сатылып, еліміздің барлық ауыл, аудандарына әкетіліп, асыл тұқымды малдар дамытылып жатыр. Бір ғана эмбрионнан оншақты бұзау алу мүмкіндігі бар. Осы істің барлығын «Байсерке-Агро»-ның басқаруымен атқары-латын болады.

Ірі қара саласы бойынша жеткен жетістіктері ерекше. Серіктестікте асыл тұқымды қазақстандық «Әулие көл», «Қазақтың ақбас сиыры», шет елдің асыл тұқымды «Герефорт», «Арбердан Ангус» сиырлары бағылуда. Серіктестікте желмен жарысқан жылқы саны да артқан. Жылқының қымызы сусын, әрі дертке дауа. Еті мен қазысы да адамға күш жігер береді. Қазір «Көшім» мен «Жабы» жылқылары әкелінуде. Жылқыны күтіп, баптау, қосымша азықтандыру жұмыстарында да ғылым жетістіктері басшылыққа алынған. Мұнда қазақтың талшық жүнді Еділбай қойы өсірілуде. Әр қойдан 3, 4 келіден жібек жүн қырқылады. Жүнге де мемлекет қаржы төлеуде. Мұндағы табыстың сырына «Байсерке-Агроның» ғылыми-өндірістік орталығының ғалымдары басшылық етуде. Оның бас директоры Мұрат Әлиев ғылыми саланы жетік білетін, өндірістік ғылыми жұмыстарды өз уақытысында ұйымдастыратын, қай салада болса да ғылымның арқасында мол жетістікке жететінін нақты білетін білікті маман. Жетекші кадрлардың қатарында – бас зоотехник Жайық Рахметов, бас мал дәрігер Даут Қосаев, мал шаруашылық мамандары: Гүлжанат Кунамбаева, Гүлжан Сагимбаева, Талғат Абдимов, Қуан Байғабылов, Нұрбек Байғабылов қызмет етуде.

Асқар Татиев,
Панфилов ауылдық округінің вет. пункт меңгерушісі.