Діни сауатсыздық – діни экстремизмнің бастауы

Діни сауатсыздық – діни экстремизмнің бастауы

Бүгінгі таңда діни экстремизм мен терроризм сөздерін естімеген адам аз шығар. Баспасөз немесе ғаламтор беттерінен шет елдердегі және Қазақстандағы діни ахуал, соның ішінде діни экстремизм мен терроризм тақырыптарына қатысты мәліметтер жетерлік. Бұл аталған мәселенің ғаламдық деңгейде орын алып отырғандығының белгісі.

Қазақстан әлем елдеріне көптеген конфессиялар мен ұлт өкілдерінің бейбіт өмір сүру мекені ретінде танылғаны рас. Дегенмен, діни экстремизм мәселесі біздің елімізді де айналып өткен жоқ. Діни экстремизм мен терроризм ХХІ ғасырдың ең басты мәселелерінің бірі. Террорлық актілерге итермелейтін дәстүрлі діннен жат ағымдар қатары күннен-күнге өсе түсуде. Бұл ретте Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Қазақстанда терроризм, сепаратизм және экстремизм проблемалары бар. Әсіресе халықаралық терроризмнің кең қанат жайғанын және халықаралық қауымдастық пен аймақтардың саяси-әлеуметтік және экономикалық мәселелермен ұштасып, саясиланғанын ескерсек, олардың тарапынан туындаған қауіп ойдан шығарылған емес, нақты және шынайы өмірлік қауіп» деп атап көрсеткен болатын.

Жуырда Талғар агробизнес және менеджмент колледжінің Мәдениет үйінде «Қазақстан Республикасындағы лаңкестік және экстремизм мәселелерін зерттеу орталығы» қоғамдық қоры мамандарымен «Діни экстремизм және терроризм» тақырыбында кездесу өткен болатын. Оған «Қазақстан Республикасындағы лаңкестік және экстремизм мәселелерін зерттеу орталығы» қоғамдық қорының мамандары, дінтанушы Нұрлан Орынбеков пен Самет Байжұма арнайы шақырылып, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары С.А.Садвакасова, жастар ісі жөніндегі комитет жетекшісі Ж.С.Бекбауов, колледж психологы И.М. Тукусбаевалар қатысып отырды. Сахнаға қойылған проектр арқылы діни экстремизм әрекеттері бейнеленген бейнеролик көрсетіліп тұрды. Зал тола жиналған жастар алдында бірінші болып сөз алған «Қазақстан Республикасындағы лаңкестік және экстремизм мәселелерін зерттеу орталығы» қоғамдық қоры маманы, дінтанушы Нұрлан Орынбеков бүгінгі күні жаһанда 500-дей экстремистік ұйымдардың бар екенін, соңғы жылдары біздің елімізде де дін атын жамылған содырлық әрекеттер орын ала бастағанын, әсіресе, республиканың батыс және оңтүстік аймақтарында орын алған лаңкестік оқиғалардың мемлекет қауіпсіздігіне үлкен қатер төндіретінін тілге тиек етті. Мемлекет діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу үшін ең алдымен оның құқықтық негіздерін жетілдіруі қажеттігін де алға тартты. Дінтанушы Самет Байжұма да осы тақырып аясында ойын ортаға салып, мұндай мәселені шешу ұлттың келбетін сақтаудың кепілі екенін, бір ұлттың діни ұстанымдар негізінде бөлінуі салдарынан тұтас мемлекеттің тұрақтылығы шайқалғандығын айтты. Діни экстремизммен күресте ең маңызды қадам бұл діни сауаттылық екенін, діни сауаттылық ұлттық тарих, дәстүрмен қатар, әлемдік деңгейдегі үрдістерден хабардар болудан құралатынын тарқата айтып өтті. Өз Отанын сүю, дәстүрін ұстану, тарихын қастерлеу діни сауаттылықтың бір қыры екенін айтқан дінтанушы ұлттық дәстүрдің ислам шарттарына қарсы келмейтіндігін, тіпті үндесіп тұратындығын жеткізді. Дінтанушылардың тұщымды әңгімесінен кейін студент жастарға бейнеролик ұсынылды. Экстремизм мен терроризм туралы бейежазбаны мұқият тамашалаған жастар мамандарға сұрақ-сауалдарын қойып, емен-жарқын әңгіме өрбіді.

Перизат НҰРҚАЕВА,
«Талғар».