Өткені өнеге, келешегі кемел

Өткені  өнеге, келешегі кемел

Шежірелі тарихымен ел экономикасының күре тамырына айналып, кәсіби мамандарын дайындап, ел ырысын еселеуге атсалысып, жарқын істерімен танылып келе жатқан білім ордасы – Талғар политехнкалық колледжіне биыл 85 жыл толды. Білім беру көкжиегінде жаңа дәуірдің кемел келбеті мен ізгілік әлеміне жол тартқан оқу орнының алғашқы іргетасы өткен ғасырдың 30 жылдарында қаланды.

Бүгінде колледж статусын абыроймен арқалап келе жатқан оқу орнының жеткен жетістіктері аз емес. Жұмысшы мамандар – еңбек қоғамының негізгі күші. Елімізге қажетті жұмысшы мамандар даярлауда бұл оқу орнының арқалаған жүгі салмақты. Әрбір мемлекеттің дамуы мен болашағы оның білікті, білімді, жаңашыл мамандары мен жастарына байланысты. 85 жыл аз уақыт емес. Осы жылдар аралығында 65 мыңнан астам маман даярлап шығарған білім ордасының түлектері бүгінгі таңда еліміздің түкпір-түкпірінде жұмыс жасап жатыр. Бұл колледж еліміздегі абыройлы білім ошақтарының бірі болып есептеледі. Келешекте де мамандығын мықты меңгерген жастар индустриялды бағытты ұстанған елімізде өндіріске еркін еніп, ел әлеуетін арттыратыны анық.
Жуырда аталмыш оқу орны мерейлі мерейтойын атап өтті.

Бұл мазмұны терең шараға қонақтар көптеп жиналды. Аудан әкімінің орынбасары Дәрменияр Қыдырбек-ұлы, облыстық білім басқармасының бөлім бастығы Амина Төребаева, аудандық «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мейрамгүл Ермағанбетова, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Матан Бекбосынов, ауданымыздың Құрметті азаматы, инновациялық білім беру орталығының директоры Найля Үмбетовалар мен оқу орнын басқарған бұрынғы басшылары мен еңбек еткен ұстаздар, түлектер де арнайы шақырылыпты. Жиылған көпшілік колледж ұстаздары мен студенттері қойған көрмені тамашалап, мамандыққа машықтанып жатқан жастардың қолынан шыққан жұмыстарымен танысты.
Соңғы жылдары мемлекетіміз техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің дамуына, кәсіптік және техникалық мекемелерде оқытылатын кәсіптер мен мамандықтардың алуандануына аса көңіл аударылуда. Елбасымыз жыл сайынғы Қазақстан халқына арнайтын Жолдауларында кәсіптік және техникалық білім берудің кәсіби стандарттарға негізделіп, экономиканың қажеттілігімен байланыстырылуы керек екендігін айтып кеткен болатын. Талғар политехникалық колледжі де бүгінгі еңбек нарығына аса қажетті кәсіби мамандарды даярлап отырған бірден-бір оқу орны. Салтанатты шараны ашқан колледж директоры Райхан Садықова Елбасының арнайы тапсырмасымен кәсіптік лицейлерді әлемдік тәжірибеге сәйкес колледжге айналдыру кезінде колледж болып қайта құрылған оқу орнының сексен бес жылдық тарихында сан мыңдаған жұмысшы мамандарды даярлап, әлемдік деңгейдегі техникалық және кәсіптік білімді басқарудың жаңа жүйесін қалыптастырып үлгергенін тілге тиек етіп, оқу орнының бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстырып, ұстаздар мен студенттердің жетістіктерін мақтан етті. Мерейтойлық ақ тілегін ақтарып, білімді де білікті ұстаздарын марапаттады. Одан кейін сөз алған облыстық білім басқармасының бөлім бастығы Амина Төребаева да мерейтойлық құттықтауын жеткізіп, бірқатар ұстаздарды облыстық білім басқармасы бастығының «Алғыс хатымен» марапаттады. Аудан әкімінің орынбасары Дәрменияр Алғатбекұлы да өз кезегінде колледж ұжымын мерейтойымен құттықтап, жүрекжарды жылы лебізін білдірді. Бірқатар ұстаздар қауымына аудан әкімінің «Алғыс хаттарын» табыс етті. Салтанатты кеште колледжді ұзақ жылдар басқарып, жас маман тәрбиесіне еңбек сіңірген Ахат Солтанқұлов пен Камал Тұрғанбаевтың да ақ тілегін тыңдап, қос басшыға мерекелік сый-сияпаттарын табыстады. Мерейтойлық салтанатта кеш қонақтары аудандық «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мейрамгүл Ермағанбетова, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Матан Бекбосынов, ауданымыздың Құрметті азаматы, инновациялық білім беру орталығының директоры Найля Үмбетова, Талғар медицина колледжінің директоры Жеңіс Досбаев, Талғар агробизнес және менеджмент колледжі директорының орынбасары Сәуле Садвакасова, ардагер ұстаз Рабиға Тазабекова, колледж түлектері ассоциясының төрағасы, жас кәсіпкер Жасұлан Айтқалиевтер де өз құттықтауларын жеткізіп, сый-сияпаттарын жасады. Әрі қарай кеш тізгінін өнерлі жастар алды. Әсем ән мен толқынды би кештің шырайын келтіріп, көптің көңілін көтеріп отырды. Әсіресе, әр мамандыққа арналып жазылған ырғақты әндер мен қызықты қойылымдар көрерменді тамсандырып, колледж қабыр-ғасында оқытылатын мамандықтардың маңыздылығын арттырғандай болды. Колледж әнұраны да шарықтай шырқалып, мерекелік салтанаттың сәнін кіргізді. Мерейтойлық салтанат ұстаздар күні мерекесімен тұспа-тұс келгендіктен ұстаздар қауымының мәртебесі асқақтап, мерейі тасыды. Барлық ұстаздарға колледж ұжымы гүл шоқтарын сыйға тартып, көңілдерін көктем етті.

Перизат Нұрқаева,
«Талғар».