Сүндет той – мұсылманға міндет той

Сүндет той – мұсылманға міндет той

Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы ел дамуының жарқын үлгісі мен нақты қадамдарын көрсететін келелі ой, салиқалы пікір, батыл шешімдерге құрылған маңызды құжат екенін дәлелдеп келеді. Бұл мақаладағы сананы жаңғырту, ұлттық болмыстан, ұлттық кодтан айырылып қалмай, оны әлемдік құндылықтармен үйлестіріп, Қазақстанның игілігіне жарату жолындағы мақсат-мүдделер туралы өзекті мәселелер өз шешімін табуда. Әлемдегі әрбір халықтың өзіндік ұлттық ерекшелігі бар. Мәселен, қазақ халқының көне замандардан бүгінгі күнге дейінгі тарихы, қалыптасу жолдары, материалдық және рухани мәдениеті, салт-дәстүрлері қалыптасқан. Ұлттық ерекшеліктеріміз  тіліміз, салт-дәстүріміз, дінімізбен өзге елдерден бөлек ажыратылатынымыз айтпаса да түсінікті. Осы ұлттық өзгешелікті сақтау үшін әр ұлттың өзіндік болмысы мықты болуы қажет.

Қазақ елі көне замандардан бері өзінің ұлттық салт-дәстүрлерін, ырым жоралғыларын сақтап келе жатқан халық. Оның барлығы дұрыс. Ол ұрпақтар сабақтастығымен жалғасын тауып отыруы керек. Сонда ғана ұлттық жаңғыру болады. Еліміздің рухани жаңғыруы үшін ғасырлар бойы жинақталған құндылықтарын құрметтеу қажет. Ол негізінен материалдық, мәдени, рухани мұраларды сақтау және салт-дәстүрлерді насихаттауға негізделеді.  Өз елінің салт-дәстүрін қадірлеген халық қана келешекте ұлт ретінде сақталып, басқа өркениеттердің тегеурініне түспейді, жұтылмайды.

Жуырда Тұздыбастау ауылының Мәдениет үйінде осы бағдарламалық мақаласы аясында игілікті шара өткен болатын. Ата-салтымызды дәріптеп, өскелең ұрпақтың санасына сіңіру мақсатын көздеген Мәдениет үйінің басшылығы ауылдастарына «Сүндет той» салтанатын өткізді. Игі шараға ауылдың қарттары мен мәдениет саласының мамандары белсене атсалысты.

Иісі мұсылман баласы үшін ұлын сүндеттеу үлкен сауап. Бар жақсысын баласына, ұрпағына арнаған қазақ халқы құрсақ той, шілдехана, бесік той, қырқынан шығару, тұсау кесерден кейін сүндет той жасаған. Ислам дінінде Ибраһим заманынан бері келе жатқан сүндеттеу дәстүрі қазақ жұрты жеке ел болып, мемлекет құрмай тұрып-ақ арғы тегімізден бастау алатыны баршамызға белгілі. Жылт еткен жақсылығы болса жасырып қалмай, жар салып, ағайынға сауын айтып, тойыдың төрінен орын беруге асығатын дарқан көңілді қазақ  «Ашамайлы атқа міндің, мұсылмандық таққа міндің, сүндетке отырғаның — иманды болғаның, тойын той­лап, думанды болғаның,» — деп дүбірлі той жасаған. Бұл күні де Мәдениет үйінің алаңына жиылған көрермен назарына ұсынылған көрісте сүндет тойының мән-мағынасы ашылды.

Сүндет той — ежелгі дәстүрлердің біреуі. Әр заманнан оған өзгешеліктерін енгізгенімен, мұсылмандықтың бұл қадамының діңгегі шайқалған жоқ. Тақ санды кие тұтқан халқымыз да баланы 3 және 5, одан асып кетсе 7 жасқа толтырып барып сүндетке отырғызу қалыптасқан. Тұздыбастау ауылының өнерлі әжелерінен құралған «Аналар нұры» ансамблі ұйымдастырған көрініс тойға қонақ шақырудан басталды. Сүндеттелген Алихан Алматұлы ашамайлы атқа мінбесе де иығына қоржынын асып, ата-әжесімен бірге туған-туыс, ауылдастарын тойға шақырып келді. Ата-дәстүрімізге сай ұлттық әуеніміз әуелете ойнап, зерлі кілемнің үстіне жұмсақ көрпе төселіп, той дастарханы жайылыпты. Ұлттық нақышта киініп, ортаға енген Алиханның тойына Байғабылова Күлсайра әжеміз шашу шашып, Талғар ауданының Құрметті азаматы Әбдіхалық Семетай ақсақал ақ батасын берді. Мәдениет үйі жанынан құрылған «Диана» бишілер тобы мыңбұрала би билеп берсе, мәдениет майталмандары Мұратбек Сарбасов пен Ұлан Мүшіров, «Аналар нұры» ансамблінің өнерлі әжелері ауылдың алты ауызы мен ансамбль жетекшісі Күлиза Рамазанованың әні мен сөзіне жазылған әсем әндерді тамылжыта шырқап тойдың сәнін кіргізді. Игі шараның қонақтары Қызыл-Қайрат ауылдық Мәдениет үйінің директоры Кеңес Баймұханов, Тұздыбастау ауылының Құрметті азаматы Мұқан Тоқаев, зейнеткер-кітапханашы Гүлсім Қартайғановалар өз кезектерін сөз алып, игі шараны ұйымдастырған Мәдениет үйінің директоры Маргарита Исабаева бастаған өнерпаздарға алғыстарын айтып, алған әсерлерімен бөлісті. Жиылған көпшілік той дастарханынан дәм татып, емен-жарқын әңгіме құрып, мәре-сәре болып тарасты.

Перизат Нұрқаева,

«Талғар».