Мемлекеттік қызмет – абыройлы міндет

Мемлекеттік қызмет – абыройлы міндет

Жуырда аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында Мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын насихаттау және Мемлекеттік басқару мен мемлекеттік қызмет көрсету тиімділігін арттыру жұмысы тақырыбында жиын болып өтті.

Жиынға Қазақстан Республикасы мем-лекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Серікбай Нұрғисаев, аудан әкімі Жолан Омаров, аудан әкімінің орынбасарлары мен «Nur Otan» партиясы филиалы төрағасының бірінші орынбасары, Талғар қаласы және ауылдық округ әкімдері, аудандық мекеме, бөлім, басқарма басшылары, білім беру, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері, қоғамдық кеңестің мүшесі, жас мемлекеттік қызметшілер және БАҚ өкілдері қатысты. Аудан басшысы Жолан Ыбырайақынұлы жиынды өзі жүргізіп, Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасында белгіленген ұсыныстары мен бастамалары жалғасын тапқан Жолдауда қоғамның дамуы үшін алдағы кезеңде атқарылуы тиіс жұмыстарға нақты бағыт-бағдар көрсетілгенін алға тартып, межеленген міндеттерді жүзеге асыру мәселесіне жіті тоқталды. Содан кейін алғы сөзді басқару мен мемлекеттік қызмет көрсету тиімділігін арттыру мәселесі бойынша Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Серікбай Нұрғисаевқа берді.

– Жолдау заманауи тиімді мемлекет, азаматтардың құқығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қарқынды дамыған және инклюзивті экономика, әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі, қуатты өңір – қуатты ел деп аталатын 5 басым бағытты қамти отырып, еліміздің әлеуметтік – экономикалық дамуының алғышарттарын айқындап берді, – деп сөзін бастаған департамент басшысы мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында Үкімет пен әкімдерге қойған міндеттерді, Пилоттық жоба ретінде тұрғындар тарапынан жергілікті билік жұмысының тиімділігін бағалау жүйесі енгізілетінін тілге тиек етті. Сонымен қатар көпшілікті толғандырып жүрген тағы бір мәселе мемлекеттік қызметшілердің санының қысқартылуына тоқталды.

– Президент 2020 жылдан бастап мемлекеттік қызметшілердің санын біртіндеп қысқартуға кірісіп, үнемделген қаражатты неғұрлым пайдалы қызметкерлерді ынталандыруға жұмсау керектігін айтты. Жалпы 2024 жылға қарай мемлекеттік қызметшілердің және ұлттық компаниялар қызметкерлерінің санын 25 пайызға қысқарту бойынша тапсырма берді. Бұл жұмыс бүгінгі күні өз бастамасын алды.

Кейбір өңірлерде облыстық басқармалар саны 25-28 бірлікті құраса, кейбір өңірлерде бұл көрсеткіш 10-15 бірлікті құрайды. Сол себепті Президент Әкімшілігімен барлық өңірлердегі жергілікті атқарушы органдар құрылымының біркелкілігін қалыптастыру бойынша нақты ұсыныстар берілді. Осыған байланысты Алматы облысы бойынша басқармалар санын 26 бірліктен 16 бірлікке, ал аудандық, қалалық бөлімдер санын жергілікті жер ерекшелігіне байланысты облыстық құрылымға сәйкестендіру қарастырылуда. Осы жұмыс барысында үнемделген қаржыны қызметкерлердің еңбек ақысын көтеруге бағыттау жоспарлануда, – деді Серікбай Өрікбайұлы. Сондай-ақ Жолдауда айтылған кәсіпкерлік, шағын және орта бизнес салаларына тоқталып, облысымыздағы 22798 бизнес субъектілерінің 126-ы ірі, 500-і орта, 22172-і шағын бизнесті құрайтынын айтып, микро және шағын бизнес саласындағы компаниялар облыс бюджетін айтарлықтай еселеп отырғанын жеткізді.

ҚР Президентінің Жарлығымен бұрынғы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі екі мемлекеттік орган болып қайта құрылған болатын. ҚР мемлекеттік қызмет істері агенттігі және ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі. Серікбай Өрікбайұлы осы орайда агенттікке жүктелген міндеттерді тарқата айтып берді. Агенттіктің өткен жылғы бағалау қорытындысына байланысты көрсеткіштерін сахна төріне қойылған проектор арқылы көрсетті. Жалпы мемлекеттік қызметтерді көрсетудің сапасын бағалау өлшемдері, қызметтерді көрсету сапасына халықтың қанағаттану деңгейін әлеуметтік зерттеулер арқылы анықтау, мемлекеттік қызмет көрсету мерзімдерінің сақталуы, мемлекеттік қызметтердің көрсетілу сапасын қамтамасыз ету бойынша бағалау өлшемдері бойынша облысымыздың көрсеткіштерін тарқатып айтты. Оның ішінде ауданымыздағы мемлекеттік қызмет көрсету бойынша орын алған заң бұзушылықтарды тізбектей жеткізіп, жұмыс барысында салғырттық танытқан бөлім, мекеме басшыларын орындарынан көтеріп, олқылықтардың қайталанбауын қадап тапсырды. Бағалау өлшемдерінің келесісі – мемлекеттік қызметтердің көрсетілу сапасына ішкі бақылау бойынша да бірқатар мекеме басшыларына ескерту жасады.

Жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Талғар ауданының мемлекеттік органдарымен 53174 қызмет көрсетілген. Оның ішінде қағаз түрінде – 9 057, ХҚҚО – 13 697, электронды нысанда – 30 420. Жылдың сонына дейін облыс көлемінде мемлекеттік қызметтердің электронды нысанда көрсетілуін 80 пайызға жеткізу керектігі айтылды. Сөз соңында Серікбай Нұрғисаев Талғар ауданы әкімдігіндегі кадрлық ахуалға тоқталып, мекемелерде өз-өзіне қызмет көрсету бұрыштарын көбейту, меритократия қағидатын қамтамасыз ету, кадрлық тұрақтылықты сақтау және командалық ауысуларды болдырмау, конкурстық комиссияның жұмысы, мемлекеттік қызметшілерге қойылатын біліктілік талаптары, Президенттік кадр резерві мен агенттіктің Алматы облысындағы Әдеп жөніндегі кеңесімен қосымша жүзеге асырылатын бағыттарды жіктей жеткізді. Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді тиісті деңгейде орындау өңірлерде жұмысты тиімді ұйымдастырумен ғана жүзеге асырылуы мүмкін екенін атап өтіп, сөзін аяқтады. Содан кейін аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы, жас мемлекеттік қызметші Абзал Сабалиев сөз алып, Президенттік кадрлық резервке құжат өткізгендігін алға тартып, еліміздің жарқын болашағы үшін адал қызмет ететінін айтты. Жиынды аудан әкімі Жолан Ыбырайақынұлы қорытындылап, жиылған қауымды жұмған жұдырықтай жұмыла жұмыс жасап, аудан экономикасының қарқынды дамуына және халқымыздың әл-ауқатын арттыруға еңбек етуге шақырып, алдағы мақсаттарға жету жолында сәттілік тіледі.

Перизат НҰРҚАЕВА,
«Талғар».