Оқушылар белсене атсалысты

Оқушылар белсене атсалысты

Қыркүйек айының орта шенінде Бірлік ауылындағы Б.Момышұлы атындағы №35 орта мектеп-гимназиясында оқушылардың денсаулығын сақтау және нығайту, спортпен айналысу, салауатты өмір салтын насихаттау үшін «Денсаулық – 2019» фестивалі ұйымдастырылды. Аталған фестивальдің тақырыбы «Белсенді ұзақ өмір – жүз жасты тойлауға кепіл» деп аталды. Оқушылардың және ата-аналардың қатысуымен ұйымдастырылған бұл спорттық шараның басты мақсаты – жастарға салауатты өмір салтын ұстану мәдениетін қалыптастыруды насихаттау еді.

Еліміздің әнұранымен басталған спорттық іс-шара оқушылардың түгелдей сап түзеген жаттығуларына жалғасты. Сөйтіп, мектептің спорт залында салтанатты түрде шымылдығын ашқан фестиваль барысында жас өнерпаздардың орындауында көңіл сергітерлік әндер шырқалып, билер биленді. Фестивальге қатысушы оқушыларды мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Зәуре Елібаева құттықтап, сәттілік тіледі.


Ауылдың үлкен-кішісі белсенділік танытқан бұл күні республикалық «Мектепке жол» акциясы аясында «Жүректен жүрекке» ұранымен «Қайырымдылық жәрмеңкесі» де өтті. Жәрмеңкеге оқушылармен қоса ата-аналар мен ұстаздар да ұйымшылдықпен атсалысты. Әр сыныптың оқушылары үйден өздері пісіріп, дайындап келген тағам түрлері мен түрлі тұрмыстық бұйымдарын саудаға салып, одан түскен қаржыны қорға өткізді. Сөйтіп, «тамшыдан теңіз құралатыны» тәрізді, тиыннан жиналған теңгеге әр сыныптағы әлеуметтік жағдайына байланысты көмекті қажет ететін оқушыларға керекті киім-кешек пен оқу құралдары алынып берілді.

Еліміздің әнұранымен басталған іс-шара оқушылардың түгелдей сап түзеген жаттығуларымен жалғасты. Фестивальдің ең қызықты сәті оқушылардың спорттық ойындарға қатысып, өзара бақ сынасуы болды. Мектептің денешынықтыру пәнінің мұғалімдері оқушыларға қолдау көрсетіп, жарыс қорытындысында жүлделі орындар бойынша тағайындалған бағалы сыйлықтарын табыстады.
«Халық арасында спорттың бұқаралық сипат алуына және спортты насихаттауға ерекше ден қою керек», деп Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында атап айтқандай, өскелең ұрпақ – біздің ертеңіміз болғандықтан олардың спорттық білімдерін арттырып қана қоймай, осындай акцияларды жиі ұйымдастыру жастардың салауатты өмір салтын ұстанудағы белсенділігін арттыруға өз септігін тигізеді деген сенімдеміз.

Гүлзира Исабекова,
Б.Момышұлы атындағы №35 мектеп-гимназияның

бастауыш сынып мұғалімі.