Турнирде топ жарған – жас балуан

Турнирде топ жарған – жас балуан

Талғар ауданындағы спорт мектебінде грек-рим күресінен биік көрсеткіштерге жетіп, Талғар спортын республика көлеміне танытып жүрген балуандар аз емес. Соның бірі-грек-рим күресінен «Спорт шеберлігіне үміткер» аудан, облыс, республика көлемінде өтетін Бақыт Байсабаев, Асқар Кәрібаев, Т.Рысқұлов атындағы турнирлерде бас жүлдені Талғар командасының қоржынына салып жүрген жас балуан Ербол Камалиев.


Ол Кеңдала ауылындағы №42 орта мектептің түлегі. Бесінші сыныптан бастап грек-рим күресіне келген жас жеткіншекті тәжірбиелі жаттықтырушы Бағжан Ұзақов өз тәрбиесіне алып, оған көп нәрсені үйретті. Ұстазы жас шәкіртіне белгілі балуандар, Олимпиада және әлем чемпионы, қазақ күресінің тарланы Жақсылық Үшкемпіров, екі дүркін Олимпиаданың күміс, қола жүлдегері Дәулет Тұрлыханов және спорт көгінде жарқырай көрінген қазақ балуандары туралы көп айтатын. «Еңбек – ердің атасы» демекші, үнемі жаттығулардан қалмай, грек-рим күресінің жамбасқа алу, иықтан асыра лақтыру, кеудеге қондырып алып, басынан асыра тастау сияқты айла-тәсілдерді боз кілем үстінде шебер қолдана білетін Ербол жетінші сыныптан кейін Талдықорған қаласындағы дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-интернатына қабылданған болатын. Ол 2016 жылы Жаңа өзен қаласында өткен республика біріншілігінде бірінші орын алса, 2018 жылы Қызылорда қаласында өткен Қазақстанның ашық чемпионатында бас бәйгені иемденді. Өткен жылдың ақпан айында Щучинск қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы республикалық жарыста барлық қарсыластарын тегіс тізе бүктіріп, «чемпион» атанды. Одан кейін де талай-талай халықаралық турнирлерден жүлде терген Ербол Камалиев осы тамыз айының 4-8 жұлдызы күндері Болгария Республикасының София қаласында кадеттер арасында өткен әлем чемпионатынан қола жүлдені иемденіп, абыроймен оралды. Спорттағы даңғыл жолы енді басталған жас дарын Ербол Камалиевтан ұстаздары да көп үміт күтеді.

Тұрсынбек Жалғасбаев,
«Талғар».