ИМАМДАР оқыту курсын тәмамдады

ИМАМДАР оқыту курсын тәмамдады

Дін адамзат пайда болғалы бірге жасасып келе жатқан аса маңызды рухани, әлеуметтік құбылыс. Ол адам баласының наным-сеніміне, сол арқылы іс-әрекетіне ықпал ететін құдіретті күш. Сондықтан да терең зерделеуді талап ететін дін тақырыбы аса күрделі әрі маңызды дүние болып табылады. Бүгінде әлем халқы мойындаған дәстүрлі діндермен қатар адам баласының ой-санасына теріс ықпалын тигізетін көптеген діни ұйымдар мен ағымдардың да бар екені белгілі. «Сақтансаң-сақтаймын» дегенді естен шығармай, қауіптің алдын алудың маңызы қашан да зор.

Осы аптада Алматы облысы дін істері басқармасы «Жастар жолы» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Талғар қа­ласындағы Д.Қонаев атындағы заң колледжі қабырғасында өткен «Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мәселелері мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес» тақырыбындағы оқыту курсына Алматы өңірі бойынша ұзын саны 80 имам қатысты. Үш күнге созылған оқыту курсының мақсаты: діни сенім бостандығын қамтамасыз етудегі мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары зайырлық тұрғыдан ақпарат беру, Қазақстан Республикаысның «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заң талаптары мен дін саласын реттеуге бағытталған өзге де заңнамалық актілерді орындау бойынша өңірлерде туындайтын мәселелерді жіті түсіндіруде жергілікті биліктің үйлесімді қызмет атқаруын қамтамасыз ету. Сыбайлас жемқорлықпен күресуде қоғамды тарту, төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру. Өскелең ұрпақтың бойына сыбайлас жемқорлыққа қарсы имунитет қалыптастыру үшін барлық діни бірлестіктердің күшін біріктіру және жемқорлықты қабылдамау ахуалын қалыптастыруды нақты мәселе ретінде қарастырып, еліміздегі барлық діндер мен этностардың өзара бейбіт әрекетіне негізделген мемлекеттік саясаттың мәнін түсіндіру болып табылады.

Оқыту курсы жұмысының тізгінін ұстаған Дін саласындағы мәселелерді зерттеу ор­та­лығы КММ-нің директоры Адетбеков Нұрлан Байғожанұлы жиналғандарға өткізіліп отыр­ған іс-шараның мақсатын түсіндіріп, жұмыс жоспарына сай тыңдалатын баяндамалардың тақырыптарымен таныстырды.
Семинар курстың алғашқы күнін фило­со­фия ғылымдарының докторы, Әл-Фа­ра­би Қазақ ұлттық университетінің про­фес­соры Бағдат Бейсенов «Зайырлы мем­ле­кетте имамдарды кәсіби даярлаудың өзекті мәселелері» тақырыбында тұщымды баяндама жасады. «Зайырлылық» ұғымының шығу тарихына, оның классификациясы мен қағидаттарына кеңінен тоқталды. Ата Заңы­мыздың алғашқы тармағында баян­далғандай «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы-адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» екені анық. Зайырлы қоғамның маңызды сипаттық ерекшеліктерінің бірі – діни сенімдері мен көзқарастары әртүрлі азаматтардың бір мемлекет ішінде өмір сүруі, яғни қоғамның рухани саласындағы ой-сананың көптүрлілігі ескерілетіні айтылды. Баяндама­да қам­тылған мәселелерге орай слайдттар арқылы ілеспе түрде нақты мәліметтер мен маңызды материалдар көрсетіліп отырды. «Терроризмге қарсы комитет» Республика­лық қоғамдық бірлестігінің оқу-әдістемелік орталығының жетекшісі, республикалық ақ­параттық-түсіндіру тобының мүшесі, тарих ғылымдарының кандидаты Мирхат Мадияров «Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мен идеологиялық күресу жолдары» тақырыбын жан-жақты талдап берді. Имам­дар назарына «Тагфир – радикалды идеология» атты бейнефильм көрсетілді. Келесі күні оқыту курсында «Сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу және зайырлы мемлекеттегі қоғамдық даму» тақырыбы кеңінен қамтылды. Сыбайлас жемқорлықпен күресу және оның алдын алу бүгінгі күні еліміздегі мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі болып табылатынын алға тартқан баяндамашы, қоғамды іштен ірітіп, тіпті ұлттық қауіпсіздігімізге қауіп төндіріп, ел дамуына зор нұқсан келтіріп отырған жемқорлық кеселімен күресте дін өкілдерінің де ықпалы тиімді болатынын жеткізді. Ислам дінінде де, тіпті қай дінді алсақ та жемқорлық тозаққа апаратын үлкен күнә болап есептеледі. Адам баласына екі дүниеде де опа әкелмейтін қауіпті кеселмен күрес адамның тәлім-тәрбиесіне, сана-сезіміне, ар-ожданына байланысты. Тыңдаушылар да өз ой-пікірлері мен сауалдарын қойып, тақырып мәнін аша түсті.
Теолог маман Бауыржан Ботақараев «Қазақ даласындағы дәстүрлі исламның қалыптасуы», саясаттану ғылымдарының докторы, профессор Шәріпбек Амирбеков «Зайырлы мемлекеттегі діни дәстүрлердің орындалуы мен аймақтардағы ағымдық қайшылықтар», Абай атындағы ҚҰПУ-нің докторанты, з.ғ. магистрі Руслан Сейтқазиев «Түркітанымындағы кие ұғымының зама­науи тенденциялары» тақырыптарында баян­дамалар оқып, тыңдаушыларға мол мағлұмат берді.
Өкінішке орай, бүгінгі таңда жекелеген мемлекеттің ғана емес, жер жаһанға қауіп-қатер төндіріп отырған түрлі экстремистік, террористік топтардың қатыгездік пен қантөгіске негізделген әрекеттері күллі әлем жұртшылығының наразылығын ту­дырып отыр. Жасыратыны жоқ, жазықсыз жандардың өмірін қиып, ажал оғын сеуіп жүрген радикалды экстремистік топтар мен ұйымдардың көпшілігі дінді, оның ішінде қасиетті Ислам дінінің атын жамылып әрекет етуде. Қазіргі таңда әлемде қақтығысқа толы неше түрлі күрделі жағдайлар орын алып отырғанда еліміздің ішкі тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету өте маңызды міндет екені сөзсіз. Бұл орайда дін саласында жүрген имамдардың жан-жақты сауаттылығын көтеруге бағытталған оқу курстарының берері мол.

Білім мен біліктілікті ұштауға негіз­делген іс-шараның соңғы үшінші күні де мазмұндылығымен айшықталды. Талғар ау­дандық ХҚКО-ның маманы Дархан Шин­темиров «e-gov», «telegram bot» мобильді қосымшалары туралы, сонымен қатар мем­лекеттік көрсетілетін қызметтерді элек­тронды түрде алу жолдарын түсіндірді. Электронды үкімет порталы (egov. kz) ар­қылы қызмет түрлерінің көбеюі жаппай қағазбастылықтан арылтып, қызмет көр­се­тудің қолайлы әрі тиімді, жеңілдетілген формасын жүзеге асыруға жол ашқанын жеткізді. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша депортаменты мемлекеттік көрсетілетін қызметтер басқармасының басшысы Жеңіс Андабеков «Digital agent» (сандық агент) мобильді қосымшасы туралы кеңінен түсінік берді. ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің жемқорлықтың алдын алу бас­қармасы басшысы Асқар Садыков «Қоғамдағы парасаттылық қағидатын қалыптастыру» тақырыбында ой өрбітіп, тыңдаушыларды маңызды мағлұматтармен қанықтырды.
Екі күндік оқыту курсына қатысқан имамдар мол мағлұмат жинап, қамтылған тақырыптар аясында білім көкжиегін кеңейтіп қайтты. Оқыту курсының жұмысын қорытындылаған Дін істері басқармассы басшысы Рахмет Есдаулетов, Алматы облысы бойынша өкіл имам Қуаныш Наржанов дәріс оқыған мамандарға, білім нәрімен сусындаған имамдарға алғысын білдірді. Оқыту курсын ойдағыдай тәмамдаған имамдарға арнайы сертификаттар табыс етілді.

Райхан АЗИМОВА,
ТалғарАқпарат