Астана күні мерекесіне орай марапатталды

Астана күні мерекесіне орай марапатталды

Бүгін «6 шілде – Астана күні мерекесіне» орай  Талғар қаласында орын тепкен аудандық Мәдениет үйінде  салтанатты  іс-шара болып өтті. Атаулы шараға аудан тұрғындары мен қонақтары, ардагерлер, депутаттар, үкіметтік емес ұйым төрағалары мен мүшелері, белсенді жастар және БАҚ өкілдері қатысты.

Салтанатты жиын асқақтай шырқалған Әнұранмен басталды.  Жиналағандар алдыңда алғашқы болып құттықтау сөз сөйлеген   аудан әкімі  Рыскелді Сатбаев  Елордамыз  Нұр-Сұлтан күні мерекесі   барша қазақтың тойы, көпке ортақ қуаныш  екенін атап өтті.

— Қазақ елінің тәуелсіздігінің нышаны әсем қаламыз  бой көтергеніне  биыл   21 жыл  толып отыр. Тарих үшін қас-қағым сәт болғанымен осынау аз ғана жылдың ішінде еңсесі биік, мәртебесі жоғары, барша Алаш ардақтаған еліміздің Бас қаласы жаңа дәуірдегі Қазақстанның ұлттың мақтанышына айналғаны ақиқат. Кешегі Астана, бүгінгі Нұр-Сұлтан – халқымыз үшін тәуел­сіздік пен өсіп-өркендеудің жарқын бейнесі. Уақыттан оза шапқан бүгінгі бас қала – тұтас еліміздің ертеңге деген үкілі үміті мен сенімінің көрінісі. Биік армандар мен үлкен мүмкіншіліктердің кепілі. Сондықтан, жас елордамыз көркейіп, гүлдене берсін! Біз баянды болашаққа жол ашқан Нұр-Сұлтанның мәртебесіне сай болуға тиіспіз» деп ой өрбіткен аудан басшысы Р.Сатбаев аудан жұртшылығын атаулы мерекемен құттықтап, ізгі ниетін білдірді. Ел тарихындағы саяси науқан — Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауы аясында жүргізілген үгіт-насихат жұмыстарына белсене қатысқан облыстық, аудандық штаб мүшелері  Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Алғыс хатымен» марапатталды.    Сонымен қатар, Рухани жаңғыру бағдарламасының «Жомарт жүрек» кіші бағдарламасы аясында ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып, жемісті еңбегімен еленіп жүрген  азаматтар  да құрмет биігінен көрініп,  аудан әкімінің қолынан арнайы белгі және мадақтама қағаздарын алды. «Жергілікті аймақтың үздік безендірілуі»атағын алу үшін аумақты,көшелерді және аулаларды абаттандыру бойынша өткізілген байқауда озық шыққан жеңімпаздар арнайы дипломдармен қоса ақшалай (сертификат)  сыйлыққа  ие болды.

Осыдан соң мінберге көтерілген аудандық мәслихат депутаты Наталья Тифанциди,  жастар атынан сөз алған Жандос Әріпбай айтулы мерекенің мән-мағынасын дәріптей келе, жиналған көпшілікті айтулы мерекемен  құттықтап, ақжарма тілектерін ақтарды.

Шара соңы аудан өнерпаздарының тұщымды концерттік бағдарламасына ұласты. Сахна төрінен әуелете шырқалған патриотық әндер,  күмбірлей төгілген күй, толқынды би әр көңілге шуақ шашып, шадыман-шаттыққа бөледі.

Талғар-ақпарат.