Ұлттық рух жас жүректе жана білсін

Ұлттық  рух жас жүректе жана білсін

«Алаш» қозғалысының көсемі Әлихан Бөкейхановтың «Әр ұрпақ өзіне артылған жүкті жетер жеріне апарып тастағаны дұрыс, әйтпесе болашақ ұрпағымызға аса көп жүк қалдырып кетеміз. Кейінгі ұрпақ не алғыс, не қарғыс беретін алдымызда зор шарттар бар» деген сөзін оқып ойға қалдым.

Әр ұрпақтың өмір сүрген уақытына қарай оларға жүктелетін тарихи миссиясы болады екен-ау. Хандық дәуірде қазақ ел болып қалуы үшін жаумен айқасты. Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен елдігімізді сақтап қалды. ХХ ғасырдың басында алаш арыстары да қазақтың ұлттық бейнесін сақтап қалу жолында жанын берді. Ал қазіргі ХХІ ғасырдағы қазақ ұрпағының міндеті не? Меніңше бүгінгі міндет – экономикамызды жолға қоя отырып ұлттық құндылығымызды жоғалтып алмау. Әлемдік өркениетке де ұлттық бет-бейнемізді қорғай отырып кіру.

Жуырда аудандық кітапханаға келген халықаралық «Жанашыр» қоғамдық қор өкілдерінің ұстанған мақсат-міндеттері осы межеде. Қор президенті Жаңыл Әпетова бас­таған алқалы топтың құрамында жазу­шы Баяхмет Жұмабайұлы, энограф, салт-дәстүр академиясының академигі Болат Бопайұлы, халықаралық «Нұр-Мүбәрәк» ис­лам мәдениеті университетінің доценті, та­рих ғылымдарының канди­да­ты Досымбек Қат­ран, ақын, Қазақстан Жазушылар Ода­ғы­ның мүшесі Дәулетбек Байтұрсынұлы бар. Қа­зақстан Республикасы Ақпарат және қоғам­дық даму министрлігі азаматтық баста­маларды қолдау орталығының тапсырысы негізінде жұмыс жасап келе жатқан қоғам­дық қор өкілдерінің ауданымызға келудегі мақсаты – «Рухани жаңғыру» бағдарламасын ілгерілету, «Буккроссинг» (ағылшын тілінен аударғанда «кітаптың айналыста жүруі») жобасы арқылы кітап оқу мәдениетін көтеру. Кітапханамызда биыл жетінші жыл қатарынан жүзеге асып келе жатқан жобаға бірнеше құнды кітаптарын өткізген ғалымдарға кітапхана басшысы М.Хармысов шексіз ризашылығын білдірді. Қай елде, қай заманда болмасын кітаптың құны түспейтінін, осы жоба арқылы жастардың қызығушылығы артып келе жатқандығын жеткізген басшының сөзін көрермендер де қолдады. Өткізілген кітаптардың ішінде Б.Жұмабайұлының «Ою-өрнек әлемі» кіта­бы­ның өзі салт-дәстүрден қанып ішкісі кел­ген оқырман үшін таптырмас қазына болғалы тұр. Бұдан өзге төрт тілде жазылған Ғ.Жайлыбайдың «Сұлубайдың әні» дастаны да талғарлық кітапқұмарлар үшін соны жаңалық болғалы тұр.


Дөңгелек үстел басына өткен қонақтар келелі шаруаның тізгінін өз қолдарына алды. Себебі, лекция тақырыптары ауқымды: «Қазақтану», «Өзгерісті өзіңнен баста», «Ұлы мұра – ұрпаққа аманат». Қонақтарды таныстырып, келудегі мақсаттарын түсін­дірген Жаңыл Амантайқызынан кейін бас­қосуды жүргізуді өз міндетіне алған ақын Дәулетбек Байтұрсынұлы бірден негізгі мәселеге көшіп, рухани жаңғыру әр адамның санасынан бастау алуы керектігін жеткізді. Бөлінген тақырыптары бойынша баяндама жасаған лекторийлер де тамырдан тараған ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын кездің келгенін айғақтап берді. Ғасырдан-ғасырға көшіп келе жатқан халықтың салт-дәстүрі, ұлттық болмысы жаһанданудың көлеңкесінде қалып қоймауы үшін ата-бабаларымыздың жыр-термелерін жаттап, халық әндерін тыңдап, күйлерін насихаттауды кеңінен қолға алсақ ұтылмасымыз анық деген тұжырымға келген қонақтардың әңгімесін жыршы-термеші Әбіш Әбілбекұлы «Күл­тегін жырымен» түйіндеп берді.
Қорытынды сөз алған аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Фа­рида Мамырбекқызы күнде көре бермейтін ағартушы-ұстаздардың өлкемізге арнайы келгеніне алғысын білдірді. Жастар үшін, болашақ үшін айтылған құнды мағлұматтар үстел басында қалып қоймай қоғам ішінде қозғалып жатса нұр үстіне нұр болатынын жеткізді. Кеш соңында халықаралық «Жа­нашыр» қорының президенті Жаңыл Әпе­това осы басқосуды ұйымдастыруға ұйытқы болған мамандар мен белсене атсалысқандарға қордың «Алғыс хатын» табыс етті. «Ұлттық мәдениеттен жұрдай рухта тәрбиеленген ұрпақтан, халқымыздың қажеті мен мүддесін жоқтайтын пайдалы азамат шықпайды», – деп айтып кеткен М.Шоқайдың сөзі еріксіз ойға оралып, шын мәніндегі рухани жаңғырудың бір жарқын көрінісін танытқан тағылымды басқосу тағы болса екен деген үмітпен тарастық.

Меруерт Дүйсенғалиева,
«Талғар».