ҚАПШАҒАЙЛЫҚТАР ЕЛБАСЫ ЖОЛДАУЫН 4 БАҒЫТ БОЙЫНША ІСКЕ АСЫРМАҚ

ҚАПШАҒАЙЛЫҚТАР ЕЛБАСЫ ЖОЛДАУЫН 4 БАҒЫТ БОЙЫНША ІСКЕ АСЫРМАҚ

Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауы аясында Қапшағай қаласының әкімдігі негізгі төрт бағыт бойынша жұмыс істемек. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Қапшағай қаласының әкімі Қайнарбеков Талғат баяндады, — деп хабарлайды talgargazeti.kz сайты.

Бірінші бағыт — өнеркәсіп пен ауылшаруашылық саласы. Қапшағай қаласында 42 өнідіріс кәсіпорындары жұмыс істейді. Олардың ішінде өндірілетін өнімнің 76,1% үлесін 14 ірі және орта деңгейдегі кәсіпорындар  құрайды. Инвестициялық жобаларды жүзеге асырудың және бұрынғы кәсіпорындардың өндірістік  қуатын кеңейту нәтижесінде өндіріс бағытында өткен жылы 237 жұмыс орны ашылып, биылғы жылы инвестиция көлемін 25 миллиард теңгеге ұлғайту жоспарланған. 2017 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткішті 2,2 млрд.теңгеге артық орындау болжануда. Өнеркәсіп саласында 395 жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Екінші бағыт — шағын, орта бизнес пен туризмді дамыту. Өңірде 3778 бизнес субъектілері бар, онда 16,5 мың адам еңбек етеді.  Осы сала өкілдері өткен мерзім ішінде 12,7 миллиард теңгеге өнім өндіріп, қызметін көрсетті. Бюджетке осы саладан түскен қаржы көлемі 4 миллиард  теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 55,3% ұлғайған. Қала аймағында шағын және орта бизнесті қолдау жөніндегі мемлекеттік бағдарламалар белсенді жүзеге асырылуда. Мәселен, «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында 14 жоба қолға алынып, 60 жұмыс орны ашылды.

Қапшағайдың орналасқан жері көл жағасы болғандықтан туризм саласы туралы да айтпай кетуге болмайды. Қапшағай көлінің жағалауында туризмнің 146 нысаны орналасқан, жаз айындағы маусымда 329 850 адам демалады. Туризм саласынан түскен салық мөлшері 440 миллион теңгеге жетті.

Үшінші  бағыт — қаланың тұрғын үй-коммуналдық жүйесі. Қапшағай қаласының тұрғын-үй қорын 238 көпқабатты тұрғын үй құрайды.  Олардың авариялық жағдайда тұрғаны — екі қабатты 30 үй. Оларды бұзып орнына жаңадан үйлер тұрғызу ісі назарда тұр. Биылғы жылы облыстық бюджетен бөлінген қаржыға 8 пәтерлі 2 үй бұзылады, 78 милллион теңгеге 16 пәтер сатып алынып, бұл үйлер 16 отбасына берілді.

Қалада газ жүйелерінің станциясы салынуда. Квартал және аумақ аралық 83 шақырым болатын көгілдір отын құбыр тарту жұмысы белсенді жүргізілуде. Қазіргі күні 8-10 шағын аудандарының 1,2,3,4,5-ықшам аудандарының құбыр желілері жүргізілген. Қазіргі таңда, жеке және көпқабатты үйлерге тартылу ісі жалғастырылуда.

Төртінші бағыт — әлеуметтік сала. Қапшағайда  былтыр 1982 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Есепті кезеңде  371 азамат 6 мамандық бойынша кәсіптік білім алуға жіберіліп, нәтижесінде 239 адам жұмысқа тартылды. Мемлекеттік барлық бағдарламалардың жүзеге асырылуының нәтижесінде былтыр 2545 жаңа жұмыс орыны құрылып, жалпы, жұмыссыздық мөлшері 5%-ға төмендеді.

Сондай-ақ, баспасөз-мәслихатының соңында аса маңызды мәселелердің бірі қаржы ахуалы да сөз етілді. Жалпы мемлекет бюджетіне 17624,4 миллион теңге қаражат түсіп, былтырғы жылмен салыстырғанда 809,1 миллион теңгеге артты. Негізгі капиталға 24,4 миллиард теңге инвестиция тартылып, былтырғы жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 1,8 миллиард  теңгеге өсті. Бұл дегеніміз Қапшағай қаласының әлеуметтік-экономикасы қарқынды дамып келе жатқандығы мен әлеуеті жоғары өңірлердің бірі екеніне дәлел іспеттес. Мемлекеттік бағдарламалар аясында талай ауқымды істі атқарып жатқан іргелі шаһар жылдан-жылға қанатын кеңге жайып өркендеуде.

Талғар-ақпарат