Бас прокуратура сайлау барысындағы сұрау өткізудің тәртібін түсіндірді

Бас прокуратура сайлау барысындағы сұрау өткізудің тәртібін түсіндірді

2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған  Қазақстан Республикасы Президентінің  кезектен тыс сайлауына байланысты  прокуратура органдары конституциялық  өкілеттіктерге сәйкес сайлау  процесіне барлық қатысушылардың  заңдылықты сақтауына жоғары  қадағалауды жүзеге асырады.

Бүгінге сайлау комиссиялары немесе мемлекеттік органдар тарапынан қандай да бір бұзушылықтарға жол берілген жоқ.

Дегенмен, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның (бұдан әрі-Конституциялық заң) 28 – бабы 9-тармағының талаптарын сақтамай, Интернетте қоғамдық пікірге онлайн-сауалнама жүргізу және олардың нәтижелерін жариялау фактілері анықталды, олар бойынша заңмен белгіленген шаралар қолданылуда.

Осындай факті бойынша Алматы қаласының прокуратурасы 2019 жылғы 4 мамырда «Nur.kz» интернет-ресурсының меншік иесі – «Internet portal Nur» ЖШС-не қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 120-бабының 3-бөлігі бойынша әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша іс жүргiзудi қозғау туралы қаулы шығарылды.

Прокуратура 2019 жылғы 6 мамырда бұл қаулыны қарау үшін әкімшілік істің материалдарымен бірге Алматы қаласының Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жолдады.

Бүгінге іс соттың қарауында.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 120-бабының 3-бөлігі бойынша санкциясымен жеке тұлғаларға 15, заңды тұлғаларға 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу түріндегі әкімшілік жауаптылықты көздейді.

Бұдан басқа, мұндай сауалнамалар жеке тұлғалармен жүргізілу жағдайлары анықталды.

Ал, Конституциялық заңның 28-бабының 9-тармағына орай мұндай сұрау салуды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тіркелген, қоғамдық пікірге сауал салуды жүргізу бойынша кемінде бес жыл тәжірибесі бар тек заңды тұлғалар тиісті құжаттардың көшірмелерін қоса беріп, бұл туралы Орталық сайлау комиссиясын жазбаша түрде алдын ала хабардар еткен жағдайда жүргізуге құқылы.

Орталық сайлау комиссиясына жіберілетін хабарламада сауалнама жүргізуге қатысатын және осы салада жұмыс тәжірибесі бар мамандар туралы, қоғамдық пікірге сауалнама жүргізілетін өңірлер туралы, қолданылатын талдау әдістері туралы мәліметтер көрсетіледі.

Бұдан басқа, заңның көрсетілген нормасы бұқаралық ақпарат құралдарында аталған қоғамдық пікірге сұрау салу нәтижелерін жариялаудың тәртібі мен уақыт кезеңіне қойылатын барлығы үшін міндетті бірнеше талаптарды қамтиды.

Конституциялық заңның 28-бабының 9-тармағына сай аталған қоғамдық пікірге сауал салу нәтижелерін жариялаған кезде бұқаралық ақпарат құралдары сауал жүргiзген заңды тұлғаны, сауал жүргізуге тапсырыс берген және оның ақысын төлеген тұлғаларды, сауал жүргiзілген уақытты, ақпарат жинау әдiсiн, сұрақтың нақты тұжырымын, сауал салынғандардың саны мен сауал салу нәтижелерінің қателiк коэффициентiн көрсетуге мiндеттi.

Қоғамдық пікірге сауал салу нәтижелерiн, сайлау, сайлауға байланысты өзге де зерттеулер, дауыс беру нәтижелерiнiң болжамдарын дауыс берiлетін күннің алдындағы бес күн ішінде және дауыс берiлетiн күні бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға жол берілмейдi.

Сайлау күнi дауыс беруге арналған үй-жайда қоғамдық пiкiрге сауал салуды жүргізуге тыйым салынады.

Заңның осы талаптарын бұзу Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 120-бабының тиісті бөліктері бойынша жауаптылыққа әкеп соғады.

Бас прокуратура барлық жеке және заңды тұлғаларды, бұқаралық ақпарат құралдарын сайлау процесінің бұзылуына жол бермеуге, оның ішінде сайлауға байланысты қоғамдық пікірге сұрау салу жүргізу кезінде заңды бұлжытпай сақтауға шақырады.

ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі