Болашаққа деген сенімі еселеніп қайтты

Болашаққа деген сенімі еселеніп қайтты

Алматы облысының Мәдени күндері бас қаланың 20 жылдығына орай Астана қаласында өткізілгендігінен хабардармыз. Айтулы шараға облыс беделін көтеріп, ұйымшылдықпен үндесе білген жастар делегациясы да барып қайтты. Делегаттардың ішінде  Талғар ауданы жастар ресурстық орталығының бас кеңесшісі Мөлдір Абатайқызы да болып, бас қаланы туған күнімен құттықтап қайтты. Мөлдірді әсерімен бөлісуге әңгімеге тартқан едік, көрген-білгенін, танып-түйсінгенін аса бір патриоттық сезіммен айтып берді.

  • «Мың рет айтқаннан, бір рет көрген артық» деген рас екен. Сұлуланып, қайта жаңғыра түскен Астанамыз шынымен көз тартар көрікті қалаға айналған. Жаңадан ашылған түрлі ғимараттар, демалыс кешендері, саябақтар, айта берсек ажары мен әсемдігі жетіп артылады. Біз – Алматы облысынан 11 жас аттандық. Дәстүр бойынша бас қаланың туған күніне орай жетісулықтар «Арай» саябағын қайта жаңғыртып, «Жетісу» деп атап, астаналықтарға жаңа келбетте тарту еттік. Орталық қазақстандықтар тұрмақ өзіміз көріп, көзайым болып жүрген Шарын шатқалы, Балқаш көлі, Таңбалытас, Есік қорғандары бұл саябақта ерекше сұлулықпен үндесе түскендей көрінді. Келушілер қуанып, суретке түсіп, әсем табиғаты бар Алматы облысына сүйсіне әрі қызғана қарады десем болады. Облыс басшысы Амандық Ғаббасұлы саябақты салуға атсалысқан мамандарды, өз ісінің шебері – мүсіншілер мен сәулетшілерге «Құрмет грамоталарын» табыстауы шараның шырайын кіргізіп жіберді. «Қазақстан» спорт кешенінің жанында өткен  Алматы облысы тауар өндірушілерінің ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне баша астаналықтар асыға келді десем қателеспеймін.  Бұл жәрмеңкеге облыстың 17 ауданы мен 3 қаласының шаруалары өз өнімдерін төмен бағада ұсынып, бас қаланың тұрғындарына үлкен мүмкіндік сыйлай білді. Жетісулық өнер ұжымдарының концерттік бағдарламасы да өз деңгейінде өтті. Олардың қатарында М.Төлебаев атындағы халық аспаптар оркестрі, «Алтынай» мемлекеттік халықтық би ансамблі, «Сүйінбай сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі, «Жерұйық» тобы, «Үшқоңыр» триосы да болды.

Қашан да жаңалықтың жаршысы бола білетін біз-жастар іссапарды пайдалана отырып, Астанадағы әріптестерібен кездесіп, алдағы мақсат-міндеттерді бірге талқыладық. Еліміздің болашағы мен өсіп-өркендеуіне, рухани жаңғыруына сеп болу —  әрқайсымыздың жүрегіміздегі басты талап деуге толық қақым бар. Қалай десек, бас қаланың мерейтойына атсалысқаным өзімді бақытты сезінуіме себеп болды.

Иә, Мөлдірдің сөзінен түсінгеніміз,  Астанамызбен бірге өсіп келе жатқан жастардың арман-мақсаты да Елордамызбен астасып жатыр екен. Ел болашағына деген сенімі еселеніп жастар өздеріне жүктелер жауапкершілік жүгі білім мен  тынымсыз еңбектің арқасында ғана  жүзеге асатынын жүректерімен сезініп қайтты.

М.Бөлек