АБАЙ БҮКІЛ АДАМ АТАУЛЫҒА БЕТТЕП БАРАДЫ

АБАЙ БҮКІЛ АДАМ АТАУЛЫҒА БЕТТЕП БАРАДЫ

Ұлы ақындардың бір рет қамтуға сыймайтын қасиеттері қашаннан белгілі. Абай да сондай. Еліміз өскен сайын ол үлкейе береді. Біліміміз артып, көзіміз ашыла түскен сайын бір ақынның өзі туралы, өз басының жеке күйін шерткен күйлерінен адам, адамдық қоғам туралы сырларды көбірек көре түсеміз. Өйткені оның зерттеушілерінің көбейе беретініне таңдануға болмайды. Өйткені ақын өз ұлтынан артылып, бүкіл адам атаулыға беттеп барады. Ал Абайдың туған күні жайлы даулы пікір бар. Ақын ескі жыл қайыру бойынша 10 тамызда туған. Ал 1917 жылдан бастап, бұл 23 тамызға сəйкес келеді екен. Астана жұрты мен Семей өңірі соңғы 3-4 жылда ақынның туған күнін 23 тамызда атап өтуді дəстүрге айналдырған.
Себебі, 1917 жылдан кейін əлемдегі күнтізбе 13 күнге жылжыған. Яғни, қазіргіше — 23 тамыз. Ал 10 тамыз деген дата Абайдың ұрпағы Кəкітайдың ұлы Əрқамның естелігіне сүйеніп айтылып келген. Абайтанушылардың пікірі 10 тамыз да, 23 тамыз да қате емес дегенге саяды. Ақынның 100 жылдық, 150 жылдық мерейтойлары осы күні тойланған. Қалай десек те, ұлыларымызға жыл он екі ай тағзым етіп, ұлықтау артықтық етпейді. Ал олардың тап қай жылы, қай күні туғаны туралы тереңірек айту деректі фильмдер, болмаса ток-шоу бағдарламаның еншісіндегі дүние деп түйдік.

Абай атамен рухани сұхбат

Ретроспективалық сұхбат – өмірден өткен тұлғалармен сырласуға бағытталған сұхбат түрі. Кейіпкердің шығармалары арқылы оқырман сауалына жауап іздеу. Сұхбаттың осы түрі көптен жүрген ойымды жүзеге асыруға себеп болды. Абайдың қасиетті қара сөздері арқылы санамдағы сансыз сауалдардың жауабын жүйелеп жазып шықтым. Байқасам, адамның кезкелген мəселесіне Абайдың қанағаттанарлық жауабы дайын. Ақын атамыздың ақындық шығармашылығының негiзгi бөлiгi жас жеткiншектерді бiлiмғылым негiздерiн меңгеруге шақырса, қара сөздері қазақ халқының тұтас философиялық концепциясын құраған. Ерінбей, оқып шығыңыз! «Бізді не қыласың, ана сөзді ұғарлықтарға айт!».

– Абай ата, «жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, əйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық — əурешілікті көрекөре қажыдық, жалықтық; қылып жүрген ісіміздің баянсызын, байлаусызын көрдік, бəрі қоршылық екенін білдік. Ал, енді қалған өмірімізді қайтіп, не қылып өткіземіз?»

– Соны таба алмай өзім де қайранмын. Ел бағу? Жоқ, елге бағым жоқ. Бағусыз дертке ұшырайын деген кісі бақпаса, не албыртқан, көңілі басылмаған жастар бағамын демесе, бізді құдай сақтасын! Мал бағу? Жоқ, баға алмаймын. Балалар өздеріне керегінше өздері бағар. Енді қартайғанда қызығын өзің түгел көре алмайтұғын, ұры, залым, тілемсектердің азығын бағып беремін деп, қалған аз ғана өмірімді қор қылар жайым жоқ. Ғылым бағу? Жоқ, ғылым бағарға да ғылым сөзін сөйлесер адам жоқ. Білгеніңді кімге үйретерсің, білмегеніңді кімнен сұрарсың? Елсіз-күнсізде кездемені жайып салып, қолына кезін алып отырғанның не пайдасы бар? Мұңдасып шер тарқатысар кісі болмаған соң, ғылым өзі — бір тез қартайтатұғын күйік. Софылық қылып, дін бағу? Жоқ, ол да болмайды, оған да тыныштық керек. Не көңілде, не көрген күніңде бір тыныштық жоқ, осы елге, осы жерде не қылған софылық? Балаларды бағу? Жоқ, баға алмаймын. Бағар едім, қалайша бағудың мəнісін де білмеймін, не болсын деп бағам, қай елге қосайын, қай харекетке қосайын? Балаларымның өзіне ілгері өмірінің, білімінің пайдасын тыныштықпенен керерлік орын тапқаным жоқ, қайда бар, не қыл дерімді біле алмай отырмын, не бол деп бағам? Оны да ермек қыла алмадым. Ақыры ойладым: осы ойыма келген нəрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ. [1]

– Абай ата, жалданбалы бірлік пен ит тірлікті жоқ қылатын қасиетті қазақтан таптыңыз ба?

– Қазақ ойлайды: бірлік — ат ортақ, ас ортақ, киім ортақ, дəулет ортақ болса екен дейді. Олай болғанда байлықтан не пайда, кедейліктен не залал? Жоқ, бірлік — ақылға бірлік, малға бірлік емес. Малыңды беріп отырсаң, атасы басқа, діні басқа, күні басқалар да жалданып бірлік қылады! Бірлік малға сатылса, антұрғандықтың басы – осы. Ағайын алмай бірлік қылса керек, сонда əркім несібесін құдайдан тілейді, əйтпесе құдайдан тілемейді, шаруа іздемейді. Əуелі бірінебірі пəле іздейді. Не түсін, не ажарын, не өкпесін бұлдап, ол болмаса, бір пəле салып, қорғалатып, əйтеуір бірін-бірі алдаудың амалын іздеседі. Мұның қай жерінен бірлік шықты? «Ырыс алды – тірлік» дейді, ол қай тірлік? Ол осы жан кеудеден шықпағандық па? Жоқ, ондай тірлік итте де бар. Ондай тірлікті қымбат көріп, бұлдаған адам өлімді жау көріп, ахиретке дұшпан болады. Айтқан тірлік олар емес. Көкірегі, көңілі тірі болса, соны айтады. Өзің тірі болсаң да, көкірегің өлі болса, ақыл табуға сөз ұға алмайсың. [2]

– Ел ішінде тентек көбейді. Тыюдың жолы бұрын да табылмаған екен, бүгін де табылмақ емес. Не істемек керек?

– Осы бір ұры, бұзақы жоғалса, жұртқа ой да түсер еді, шаруа да қылар еді. Бай барын бағып, кедей жоғын іздеп, ел секілденіп талапқа, тілеуге кірісер еді. Енді жұрттың бəрі осы екі бүлік іске ортақ, мұны кім түзейді? Анттың, серттің, адалдықтың, ұяттың бір тоқтаусыз кеткені ме? Ұрыны тыю да оңай болар еді, бірақ осы бұзақының тіліне еретұғын, азатұғын байларды кім тыяды? [3]

– Адам баласының ең жаманы қандай?

– Адам баласының ең жаманы — талапсыз. Талап қылушылар да неше түрлі болады. Һəм талаптың өзі де түрлі-түрлі… Талаптың ішінде адам баласы көбінесе басына қадір іздеп, сол талапта болады. Біреу мал қуып жатыр. Сараңдықпен, арамдықпен, əйтеуір мал тапсам, «Мал тапқан ердің жазығы жоқ» дейтұғын, «Малдының беті жарық» дейтұғын мақалға сеніп, халықтың түріне қарай, ит те болса, малдыны сөге алмайды деп, бұл мал һəм пайда, һəм қасиет болады бойыма дейді. – Осы күнгілер өзге мінезге осы өрмелеп ілгері бара жатқанына қарай сол аталарымыздың екі ғана тəуір мінезін жоғалтпай тұрсақ, біз де ел қатарына кірер едік. [4]

– Ата-бабаларымыздың қай мінезінен ада болдық?

– Аталарымыздың екі ғана тəуір мінезін жоғалтпай тұрсақ, біз де ел қатарына кірер едік. Сол екі мінез жоқ болған соң, əлгі үйренген өнеріміздің бəрі де адамшылыққа ұқсамайды, шайтандыққа тартып барады. Ол екі мінезі қайсы десең, əуелі — ол заманда ел басы, топ басы деген кісілер болады екен. Көш-қонды болса, дау-жанжалды болса, билік соларда болады екен. Өзге қара жұрт жақсы-жаман өздерінің шаруасымен жүре береді екен. Оны зор тұтып, əулие тұтып, онан соң жақсылары да көп азбайды екен. Бəрі өз бауыры, бəрі өз малы болған соң, шыныменен жетесінде жоқ болмаса, солардың қамын жемей қайтеді? Екінші мінезі — намысқорлық екен. Ат аталып, аруақ шақырылған жерде ағайынға өкпе, араздыққа қарамайды екен, жанын салысады екен. Кəнеки, енді осы екі мінез қайда бар? Бұлар да арлылық, намыстылық, табандылықтан келеді. Бұлардан айырылдық. Ендігілердің достығы — пейіл емес, алдау, дұшпандығы — кейіс емес, не күндестік, не тыныш отыра алмағандық. [5]

– Қазақтың ішінде кімді жақсы көріп, кімді қадірлейсіз?

– Байды қадірлейін десең, бай жоқ. Бай болса, өз басының, өз малының еркі өзінде болмас па еді? Ешбір байдың өз малының еркі өзінде жоқ. Кей бай өзі біреумен күш таластырамын деп, жүз кісіге қорғалауықтығынан жалынып, малын үлестіріп жүр. Ойлайды: жалынтып бердім деп, ақымақтығынан. Жоқ, өзі жалынып беріп жүр. Қайыр да емес, мырзалық та емес, өз елімен, өз жерімен ойраңдасып, ойсыздарға қойнын ашып, малын шашып жүр. Кей байлар, елдегі құттылар, сүттілер берекелесе алмаған соң, кеселді қулар көбейіп кетіп, көп қорқытып, іздеген нəрсесі жоқ, еріксіз кім болса соған жеміт болып жүр. Мырзаларды қадірлейін десең, осы күнде анық мырза елде жоқ, мал бергіш мырза иттен көп. Біреу бір пайдама келтірем деп мырза болып жүр. Біреулер к…не құрым киізді тұзға малшып тыққан соң есі шығып, мырза болып, еріксіз кім болса соған талтайып емізіп жүр. Болыс пен биді құрметтейін десең, құдайдың өзі берген болыстық пен билік елде жоқ. Сатып алған, жалынып, бас ұрып алған болыстық пенен биліктің ешбір қасиеті жоқ. Мықтыны құрметтейін десең, жаманшылыққа елдің бəрі мықты, жақсылыққа мықты кісі елде жоқ. Есті кісіні тауып құрметтейін десең, əділет, ұят, нысапқа есті кісі елде жоқ. Қулық, сұмдық, арамдық, амалға елдің бəрі де есті. Ғаріп-қасар бишараны құрметтейін десең, жатқан түйеге міне алмаса да, ол момындыққа есеп емес. Егер мінерлік жайы болса, бірдемені ептеп ілерлік те жайы бар. Енді қалды қу мен сұм, олар өзі де қуартпай, суалтпай тыныштық көрер емес. Жə, кімді сүйдік, кімнің тілеуін тіледік? Өзі құрттанып шашылған болыс-билер тұра тұрсын. Енді, əлбəттə, амал жоқ, момындығынан «Ырыс баққан дау бақпас» деген мақалмен боламын деп, бергенінен жаға алмай, жарымын беріп, жарымын тыныштығымен баға алмай, ұры, залым, қуларға жеміт болып жүрген шын момын байларды аямасаң һəм соның тілеуін тілемесең болмайды. Сонан басқаны таба алмадым. [6]

– Көп адамдар «мен туа біткеннен осындаймын, менің мінезім еш өзгермейді»,- деп жатады. Осы адам баласының мінезін өзгертуге бола ма?

— Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім. [7]

– Мұсылман адам үшін ғылымның маңыздылығы қандай?

– Ғылымсыз ахирет те жоқ, дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған хаж, ешбір ғибадат орнына бармайды [8].

– Өкінішіңіз бар ма?

Жасымда ғылым бар деп ескермедiм,

Пайдасын көре тұра тексермедiм

Ержеткен соң түспедi уысыма,

Қолымды мезгiлiнен кеш сермедiм. [9]

– Сөз соңында оқырмандарға тілегіңіз?

– Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мəртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың? [10]

 

Пайдаланғандар: [1] Бірінші сөз;

[2] Алтыншы сөз;

[3] Он бірінші сөз;

[4] Қырық төртінші сөз;

[5] Отыз тоғызыншы сөз;

[6] жиырма екінші сөз;

[7] Отыз жетінші сөз;

[8] Оныншы сөз;

[9] «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» өлеңі;

[10] Он бесінші сөз;

Меруерт ДҮЙСЕНҒАЛИЕВА,

«Талғар».