Талғарлықтар Астананың туған күнін тойлады

Талғарлықтар Астананың туған күнін тойлады

«Талғар жұртшылығының ұйымшылдығы мен ауызбіршілігі мені қатты таңқалдырды. Тайлы-таяғы қалмай, еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін орталық алаңға жиналып, Астананың туған күнін бірлесе тойлап жатыр. Бәрі де емен-жарқын, бейбіт заманға шүкіршілік етіп, бүгінгі күннің басты мерекесін бірауыздан атап өтуге ниеттеніп келгендей. Жоғары көңіл-күймен жүрген жандар нағыз мереке екенін бізге де сездіргендей».

Бұл пікірді аудан орталығына қонаққа келген Айман Дуанбекқызының аузынан естідік. Астананың 20 жылдығына арналған «Елімнің, Отанымның бас қаласы – жарқырап, жайнай берсін Астанасы» деген атпен өтіп жатқан мерекелік шараға жұртшылық шынымен де көптеп жиналыпты.  Барлығы да көтеріңкі көңіл-күйде. Алаңның бір бұрышында қолөнер көрмесі қойылып, халықтың қызығушылығын тудырса, келушілердің басым көпшілігі балаларға айналған ойыншықтар мен тәттілер сатылып тұрған шатырдың қасына шоғырланып үлгеріпті.

Халық көптеп тұтынатын ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі де мерекеге орай ұйымдастырылған екен, ол жерден де  талғарлықтар керегін алып жатыр. Енді бір жарқын отбасы буы бұрқырап жаңа піскен кәуапты ортаға алып, асыр салып ойнаған балаларына бір уақыт көз қырын салып қойып нағыз мерекелік күймен өздерінше думандатуда. Осы қуаныштың басылмауын, халықтың тыныштығын қадағалаған аудан сақшылары да жұмыстарына аса зор жауапкершілікпен кіріскен.

 

Алғашқы жылы лебізді білдіріп, мерекемен құттықтаған аудан әкімі Рыскелді Ахметқалиұлының ақ тілегіне келіспеу мүмкін емес.

Қазақстанның жарқын болашағы іспетті жарқырап, жайнай түскен Астанаға қарап өзге өңірлердің бой түзейтінін ескерсек, Талғар да әлеуметтік-экономикалық жағынан алға шығып келе жатқан көрікті мекен. Осы және өзге де мәселерді тілге тиек еткен өңір басшысы бір топ азаматтарды «Астананың 20 жылдығы» медалімен марапаттады.

Жарқын тілегін білдірген азаматтар да еліміздің, жеріміздің тыныштығын тіледі. Аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен тәмамданған кеш бас қаланың бет-бейнесін айқындап, болашағына деген сенімділікті нығайтты.

Меруерт ДҮЙСЕНҒАЛИЕВА

Талғар-ақпарат