Сөзге қалған Шымкент әкімі тек мемлекеттік тілде сөйледі (видео)

Сөзге қалған Шымкент әкімі тек мемлекеттік тілде сөйледі (видео)

Кеше Шымкент қаласы Қаратау ауданының әкімі Ғабит Мәуленқұлов халық алдында үшінші рет есеп берді. Бұл қорытынды есеп беру кездесуіне қала әкімі Нұрлан Сауранбаев арнайы қатысты деп хабарлайды Rgmedia.kz ақпараттық порталы.

Материалдың түпнұсқасын назарларыңызға толық ұсынып отырмыз.

Ғабит Патшаханұлы 15 минуттық баяндамасын 100 пайыз мемлекеттік тілде жасады. Аудан әкімі өткен жылы атқарылған жұмыстарды жіліктеп, алдағы уақыттағы жоспарларымен бөлісті. Кездесуге келген тұрғындар тарапынан оның атқарған жұмысына бірыңғай 5 деген баға берілді. Халық айтса қалып айтпайды. Расында да әкім болғанына бар болғаны 1,5 жыл толған Ғабит Патшаханұлы осы қысқа мерзімде көптеген оң істерді атқарғанын айта кету керек.

Жиын соңында қала әкімі Нұрлан Сауранбаев:

– Құрметті қауым! Сіздердің алдарыңызда Елбасы тапсырмасы бойынша аудан әкімі бүгін өз есеп баяндамасын жасады. Баяндамасында жыл бойы жасаған жұмыстарын көрсетті. Менің ойымша, негізі көп жұмыс жасалды. Бірақ, көбісі айтып жатқандай, алдымызда тағы көп жұмыс бар. Оған енді тек қана қаражат керек. Содан кейін бірлік керек. Осы жерде көбісі отырғандар – Асар тұрғындары. Асар деп ойлағанда еске келетін сөздер ол – бірлік, ауылдас, рулас деген… Осылай бірлесіп жұмыстың бәрін атқарайық. Рахмет сіздерге! – деп ойын мемлекеттік тілде қорытындылады.

Кездесуде мемлекеттік тіл – қазақ тілінің мәртебесі асқақтағанына бізде, тұрғындар да қуанып қалды, дейді сайт тілшісі.  Себебі, кеше Әл-Фараби ауданы әкімі Бауыржан Қалжанов есеп бергенде тосын жайт орын алған еді. Жергілікті бір тұрғын (өзінің айтуы бойынша 1944 жылы дүниеге келген — автор) баяндаманы мемлекеттік тілде жасаған аудан әкіміне «Конституцияның бір бабын бұздыңыз» деп ескерту жасаған болатын. Яғни, аудан тұрғыны Бауыржан Ахметәліұлының баяндаманы қос тілде (мемлекеттік және ресми — автор) жасағанын қалаған. Аудан әкімі бұл сынды жылы жауып қойған еді, бірақ, қала әкімі Нұрлан Ермекұлы:

– …Баяндама жасағанда тағы да ішінде или дополнение или неғып обязательно неғылыңдар. Ол жағынан я думаю что это правильное замечание от жителя города была. Вот… Поэтому эти вопросы я думаю что надо обязательно соблюдать, — деп оған кішігірім ескерту жасады. Қала әкімі Елбасы Жолдауда екі сұраққа қазақша, екі сұраққа орысша жауап бергенін айтып, мемлекет басшысынан үлгі алу керектігін айтты. Барлық іс-шаралар қос тілде (қазақ тілі және орыс тілі — автор) өту керектігін де нығарлап айтты. Әл-Фараби ауданы әкімінің есепті кездесуі осымен тәмәм болды. Бірақ, барлық қызық алда еді…

Ойлана келе біз қала әкімінің сөзін қаз-қалпында беруді жөн деп таптық. Егер қазақ тіліне аударсақ қала әкімдігі тарапынан «сөзді  бұрмалап аударыпсыңдар» деген сынға қалуымыз мүмкін бе еді? Сонымен, Rgmedia.kz сайтына жарияланған біздің ақпараттан кейін бірқатар сайттарда, телеарнада, әлеуметтік желілерде резонанс туындап, соңы қызу пікірталасқа ұласты. Олардың бірқатары этиканы сақтап біздің ақпаратқа сілтеме жасап өз көзқарасын білдірсе, енді біреулері өзі көзімен көріп келгендей біреудің еңбегін көрсетпей ешбір сілтемесіз жекешелендіріп ала қойғанына ептеп қынжылғанымыз да рас. Қалай болғанда да біздің ақпаратқа сілтеме  жасасын, жасамасын Тәуелсіздіктің басты тірегі –Тіл мәселесі  күн тәртібіне көтерілгенде  ең жаманы жаныашымастыққа, жайбарақаттыққа, саплғырттыққа салынбай осыған ой қосқан, ортақ көзқарас біріктіргендердің барлығына алғысымыз шексіз.  Кезінде мемлекеттік құрылымдарда ірі қызмет атқарған тұлғалар да тіл мәселесіне келгенде сабыр сақтап отыра алмады. Мысалы, Білім және Ғылым министрінің орынбасары, Мәжіліс депутаты болған Мұрат Әбенов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында:

– Конституцияда ресми тіл деген ұғым жоқ! Ата заңымызда ресми тіл деген бөлек статус жоқ, болмаған да. Бізді ең басынан жаңылыстырып сендіріп қойған. Шын мәнінде тек мемлекеттік тілде міндетті түрде жауап беру керек деген талабы бар. Қосымша түсіндірме: Конституцияның 7 бабында мемлекеттік ұйымда қазақ тілімен қатар ресми түрде орыс тілі қолданылады деген сөз, ол «ресми тіл статусы» емес. Онда статус жоқ. Тек сол ұйымдарда қазақ тілімен қатар пайдалануға болады делінген. «Тіл туралы» заңының 11 бабы бойынша азаматтардың барлық қойылған сұрақтарына тек қазақ тілінде жауап беруге құқылы. Орыс тілінде жауап беру бірде бір құжатта міндеттелмеген, — деп Констиуцияны жіліктеп тұрып түсінідіріп берді. Бұдан түсінгеніміздей, Әл-Фараби ауданы әкімінің есеп беру кездесуінде жергілікті тұрғын «Конституцияның бір заңын бұздыңыз» деп Бауыржан Ахметәліұлын негізсіз айыптаған. Десе де, қала әкімі аудан тұрғынының ескертпесін орында деді. Ал, шындығында «заңды бұздыңыз» дегені орынсыз шықты.

Сонымен қатар, қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан да үнсіз қалғанды жөн көрмеген:

– Қымбатты Нұрлан! Конституцияда «ресми тіл» деген түсінік жоқ. Шенеуніктер өзіне қай тілде сұрақ қойды, сол тілде жауап беруі керек және бұл дұрыс. Бірақ, олар әрқашан екі тілде сөйлеуге міндетті емес, әсіресе Шымкентте. Шымкентте қазақша түсінбейтіндер бар ма? Елімізде бір ғана мемлекеттік тіл – бұл қазақ тілі. Және бүкіл шенеуік оны білуге міндетті. Егер сіз орыс тілі мәселесін принципті тұрғыда қарасаңыз, онда қазақ тілі мәселесіне де осылай қарайық. Мемлекеттік тілді білмейтін барша шенеунікті ұстайық! Және бұны сізден бастайық, құрметті Шымкент қаласының әкімі. Сіздің сөзіңізге қарай отырып, сіз тек шалақазақ тілін меңгергенсіз.

Қоғам белсендісі осылай деп қала әкімінің іс-әрекетін мүлдем құптамай, жазалау керектігін айтты, тағысын тағылар.

Міне, қала әкімі кешегі жиналыста қиыс кеткенін сезген болуы керек, әлде басқа біз білмейтін себептері болды ма, бүгінгі кездесуде 100 пайыз қазақ тілінде сөйледі. Десе де, қысқа ғана сөйледі. «Он пәленің тоғызы тілден» дейді емес пе, Нұрлан Ермекұлы сөзден апат болмауды ойлаған секілді. Ең бастысы ол мемлекеттік тілге немқұрайлы қарамады. Сіз бен біздің, Елдің  сынынан қорытынды шығара білді. Біз қала әкімінің кешегісі мен бүгінгісін сарапқа салып отырғанымыз, оны  сынауды әдейі мақсат тұтпаймыз, орынсыз мақтаудан, ақтаудан  да аулақпыз-тек барды бар, жоқты жоқ деп жазсақ дейміз.

Мемлекеттік тіл өлген жоқ…

Халық тұрғанда өлмейді де…