Талғар қаласында Жолдау талқыланды

Талғар қаласында Жолдау талқыланды

Қыркүйектің 6-сы күні Талғар қалалық №6 мектепте Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылдың қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауын түсіндіру, талқылау мақсатында халықпен кездесу өтті. Бұл жиынға Талғар қаласы әкімінің орынбасары Мәден Бақтыбаев, Талғар қалалық №6 мектеп ұстаздары, ата-аналар қатысты.

Жиында сөз тізгінін ұстаған аудан әкімінің орынбасары қазақша және орысша екі тілде Жолдаудың маңызын түсіндіріп, президенттің мына сөзін дәйек етті:

«Қуатты ұлттың діңгегі – халық. Ең бастысы, азаматтардың денсаулығы мықты, білімі терең болуы керек. Кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұру керек. Осындай азаматтар елімізді дамытады. Өскелең ұрпақ Қазақстанда ғана емес, өзге елдерде де бәсекеге қабілетті болуы керек. Шын мәнінде, біз мұны жете түсінетін ұрпақ тәрбиелеуіміз керек. Идеология жұмысында осыған баса мән берген жөн. Мектеп – білім ордасы болғандықтан мұнда үйренушіге де, үйретушіге де еңбекқорлық керек. Еңбекқор сөзінің астарында табандылық, қайсарлық, ізденгіштік секілді ізгі қасиеттер бар. Ұстаздың да, шәкірттің де бойында бұл қасиет табылса, ел ертеңінен алаңдамауға болады. Ұрпақ – ел ертеңі. Осы тұрғыда президент ел ертеңі үшін өте батыл қадамдар жасады. Атап айтсақ «Ұлттық қор – балаларға», «Жайлы мектеп» сынды өскелең ұрпақтың ертеңін қамтамасыз ететін игі істер жасалуда. Осыған орай жемқорлықпен айыпталған лауазымды тұлғаның кері қайтарылған ақшасы мектеп салуға жұмсалады. Жасөспірімдердің алаңсыз, сапалы білім алуы үшін үш ауысыммен оқитын, апатты мектептердің орнын алмастыратын «Жайлы мектеп» жобасын ұсынып отыр. Мұғалімдердің жалақысын арттырып, мәртебесін көтеру мақсатында көптеген жұмыстар атқарылды. Осы арқылы мемлекет басшысының ел ертеңі үшін қажетті іс жасап отырғанын аңғару қиын емес», – деді Мәден Бақтыбаев.

«Халық пен халықты, ұлт пен ұлтты теңестіретін нәрсе – білім» деп Мұхтар Әуезов айтпақшы, бәсекеге қабілетті жас ұрпақтың басты қаруы – білім. Сондықтан білім саласы әрқашан басты назарда.

Талғар ауданы әкімдігінің бас маманы Жанар Ордабаева өз кезегінде президент сайлауы туралы түсіндіріп, оның қараша айына жоспарланғанын айтты. Осы сайлауда ұстаздардың, жалпы аудан тұрғындарының белсенділік танытуын сұрады. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ел дамуының жаңа кезеңіне аяқ басқан шағында жасаған Жолдауы елімізің ары қарай дамуы үшін бірқатар маңызды бағыттар айқындалып, нақты тапсырмалар берілгенін атап өтті. Халық үніне құлақ асатын мемлекет екендігін тағы да дәлелдеп, тұрғындар көтерген әлеуметтік-маңызды мәселесі бар салаларға да тың серпін беретін жобаларды ұсынғанын да тілге тиек етті.

Қоғамдық игіліктердің жоғары деңгейіне және халықтың әлеуметтік осал санаттарын, оның ішінде ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды қолдауға кепілдік беріледі. Жолдауда Президент әдеттегідей, қазақстандықтардың ең өзекті сауалдарына нақты жауап айтты. Бұл – бастау алған саяси өзгерістердің жалғасы. Мемлекет басшысы президент мандатын қысқарту және оның ұзақтығы 7 жыл болатын бір мерзіммен шектеу жөнінде бастама көтерді. Мұның бәрі реформалар бағытының дәйектілігін және оның елдегі демократияны нығайтуға бағытталғанын көрсетеді. Мемлекет басшысы өз Жолдауында халықты толғандыратын барлық өзекті мәселені қамтыды. Бұл су ресурстарының жетіспеушілігі, жол жөндеу, ауылдағы медицинаны дамыту, игерілмеген жерлерді қайтару және тағы басқалар. Жолдауды жете түсінген азаматтар осы Жолдау аясында алда атқарылатын игі істерге өз сенімдерін білдірді.

 

Зорагүл Әбдіқадір