ҰЛТ САУЛЫҒЫ ТАЛҚЫҒА ТҮСТІ

ҰЛТ САУЛЫҒЫ ТАЛҚЫҒА ТҮСТІ

Қыркүйектің 15 күні Панфилов ауылдық округі әкімшілігінің ұйымдастыруымен №17 мектепте президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіру, талқылау мақсатында халықпен кездесу өтті. Бұл жиынға ауыл тұрғындарынан тыс, ауылдық әкімдігі аппаратының қызметкерлері, ауыл әкімінің орынбасары Сәуле Мықтыбаева және №17 мектеп ұстаздары қатысты. Кездесуде сөз тізгінін ұстаған ауыл әкімінің орынбасары мемлекет басшысының осы жолғы Жолдауы арқылы өз халқына үлкен мүмкіндіктер беріп отырғанын айтты.

Сөзінің дәлелі ретінде: «Ұлт сау­лығы жақсы болса ғана қоғам орнықты дамиды. Денсаулық сақтау саласында біраз реформа жүргізілді. Дегенмен оның жағдайы мәз емес. Ұлтық жоба аясында 32 аудандық аурухана заманға сай жаңарып, ауданаралық көпбейінді мекемеге айналды. Сонымен қатар инсульттен емдеу орталықтары, хирургия, жансақтау және оңалту бөлімдері ашылды. Телемедицина бағытын дамытамыз. Сол арқылы шалғайда тұратын халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетілетін болады. Медициналық инфрақұрлымды кешенді түрде жақсартуға баса назар аударылады», — деді президенттің үндеуін жеткізіп.

Мемлекет басшысы Жолдауда Үкіметке денсаулық сақтау саласын және әлеуметтік саланы қаржыландыру жүйесін қайта қарауды тапсырған. Денсаулық сақтау саласына біраз реформа жүргізілгенімен, әлі де қордаланған мәселелер көп. Жылдар бойы шешімін таппаған түйіткілдер аз емес. Осы жағдайды шешу үшін, алдымен, қаржыландыру жүйесін ретке келтіру керек екенін атап көрсеткен. Статистикаға сенсек, елімізде 650 елді мекенде емдеу мекемесі жоқ. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл туралы да сөз қозғап, алдағы екі жылда амбулаториясы жоқ ауылдарда медициналық және фельдшерлік-акушерлік бөлімшелер ашылып, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілетінін де атап өтті. Бұл ауыл халқы үшін өте жақсы жаңалық болды. Қазақ­станның әрбір тұрғыны ауылда болсын, қалада болсын, мұндай мүмкіндікке қол жеткізе алуы керек. Дегенмен ауыл тұрғыны Гүлшара Мырзағалиқызы былай деді:

«Денсаулық сақтау саласы жылдан-жылға дамып келе жатқаны рас. Алайда бұл саланың олқылығы әлі де көп. Ауылдық жерлерде медицина қызметкерлерінің жетіспеуі, емдеу мекемесінің жоқтығы өз алдына, кейде, тіпті, жұмыс істеп тұрған дәрігердің алдына бара алмай жатамыз. Осы жылдың көктем айында асқазаным қатты ауырып жергілікті ауруханаға бардым. Олар мені аудандық емханадағы гастроэнтеролгтың қабылдауына кезекке жазды. Науқастар үшін қиямет қайым осы жерден басталады. Кезегің бір аптада келсе, қуана бер. Болмаса, осы айға орын жоқ деп тұрады. Жарайды, әупірімдеп кезегіңді күтіп, дәрігердің алдына жеттік делік. Бірақ қандайда бір медициналық құрылғы арқылы тексеруден өту керек болса, онда да сабырлықпен күтуге тура келеді. Бұл тексеруден соң қолыңа ұстатқан бір жапырақ қағазбен бірден тексерілуге тиісті маман дәрігеріңе бара алмайсың. Ақ халаттылардың алдына бару үшін тағы да кезек күтесің. Осылайша диагноз қойылып, ем қабылдағанша бір айға таяу уақыт өте шығады. Өзіңіз ойлаңыз, айға жуық уақыт ем ала алмай сандалса, ауруың асқынбай қайтеді?! Тіпті соңғы кездері қан сараптамасын жасатудың өзі қиын болып кетті. Ол үшін, алдымен, бір күн бұрын жазылу керек. Сенбі күні барып, дүйсенбі күнге қан сараптамасын жасатуға жазылатын десең, орын болмайды. Бұған не шара?… Осы жазда немеремнің құлағы ауырып, ауруханаға апардым. Аудандық емханадағы дәрігердің қабылдауына кезегіңіз келесі апта деп шығарып салды. Балам жылап шыдамаған соң қолымыздан келген ем-домды жасадық. Медицинаның дамығаны керегі не, уақытымен дәрігерге бара алмасақ? Бұл күнде адамдар жұмысбасты. Қарапайым сараптама үшін осынша сандалса, олар қалай емделе алады? Медициналық қызмет халыққа қолжетімді және қолайлы болуы керек. Президентіміздің осы жолғы Жолдауынан дәл осындай қордаланған мәселелер шешімін табады деп сенеміз», – деді ауыл тұрғыны Гүлшара Мырзағалиқызы.

Мемлекет басшысы ұлт саулығын тек сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде жақсарту үшін халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету керек екенін айта отырып, өз Жолдауында тың бастамалар жасады. «Тәні саудың, жаны сау» демекші, ұлт сапасын жақсартуда денсаулық сақтау саласының маңызы зор. Алайда бұл салада қордаланған мәселе аз емес. «Ауруын жасырғанмен, өлім әшкере қылады» дегендей, ауыл тұрғынының пікірін жоққа шығара алмаймыз. Жиналған қауым да Гүлшара Мырзағалиқызының сөзін қоштап, өз ауылдарында сақталған жолдың, судың, мектептің мәселелерін айтып, ауыл әкімінің орынбасары Сәуле Мықтыбаеваға көкейдегі сұрақтарын қойып, жауап алуға тырысты. Бұл ретте жолдауды талдап-тақылауға қатысқан қалың жұртшылықтың болашаққа деген нық сеніммен тарқасқаны анық.

 

Зорагүл ӘБДІҚАДІР