ТАЛҒАРЛЫҚТАР ӨРТТЕН ЗАРДАП ШЕККЕН ҚОСТАНАЙ ТҰРҒЫНДАРЫНА 8 МИЛЛИОН СЕГІЗ ЖҮЗ МЫҢ ТЕҢГЕНІҢ КӨМЕГІН ЖІБЕРДІ

ТАЛҒАРЛЫҚТАР ӨРТТЕН ЗАРДАП ШЕККЕН ҚОСТАНАЙ ТҰРҒЫНДАРЫНА 8 МИЛЛИОН СЕГІЗ ЖҮЗ МЫҢ ТЕҢГЕНІҢ КӨМЕГІН ЖІБЕРДІ

Қостанайдағы өрт салдарынан үйінен айырылған тұрғындарға ауызбіршілігі жарасқан Талғар ауданының тұрғындары 8 миллион 805 мың теңгенің көмегін жөнелтті. Гумантарлық көмек жинауға ауыл, аудан әкімдігі қызметкерлері мен «Аманат» партиясы бір кісідей ат салысты. Жеке кәсіпкерлер мен компаниялар қомақты ақша аударса, бірнеше мемлекеттік орган қызметкерлері, әрі колледж ұстаздары бір күндік еңбекақысын ойланбастан зардап шеккен халыққа аударды.

«Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын!» деген қазақ. Сонау Қостанайға жыл жіберген жүрегі мейірімге толы жандардың атын атауды қажет деп санаймыз. «Ой-Қарағай» демалыс кешенінің басшылығы 3 миллион теңге аударса, «Нұрия» тұрғын үй кешенін салушылар 2 миллион теңге берген. Ал «Асфальтобетон» зауыты 1 миллион теңгеге 2 тонна азық-түлік жөнелтті. Баспанасынан айырылған халық тоңбасын деп «Барон Фуд» компаниясы 700 мың теңгеге, ал «Тексти Маркет» ЖШС 500 мың теңгенің киім-кешегін, атап айтқанда, шалбар, жейде, қалың күртешелер, аяқ киімдер жіберді. «Зета» компаниясы 300 мың теңгенің жиһазын, тұрмыста қажетті ыдыс-аяғын берді. ИП «Халықов» 270 мың, ПКФ «Жұлдыз» 250 мың, пластикалық құбыр шығаратын «Керуен Плюс» компаниясы 200 мың теңге, «Тәуіп» базары 180 мың, ал «Ауған» сауда үйі мен «Интеллсервис» ЖШС екеуі қосылып, 220 мың теңгеге жастық, көрпелер сатып алып берді. Ал «Талғарирригация» ұжымы болса, өрт зардабын тартқан тұрғындарға бір күндік жалақыларын аударды. Агробизнес колледжі ұжымы да бір күндік жалақысын Қостанайда өрттен зардап шеккендерге аударды.

Сонымен қатар «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры да алапат өрттен зардап шеккендерге көмек көрсетеді. «Апат салдары жойылып, залал көлемі анықталғаннан кейін «Қазақстан халқына» қоры жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, өңір тұрғындарына қайырымдылық көмек көрсету тетігін пысықтайды. Қор болған жағдайды қадағалап, зардап шеккендерге қолдау мақсатында барлық қажетті шараны қабылдайды», – деп мәлім етті қоғамдық қордың баспасөз қызметі. Парламент Сенатының депутаттары да қолдау шараларынан шет қалмады. Депутаттар көмек ретінде бір күндік жалақыларын аударатын болды. «Қостанай облысынан сайланған сенаторлар жедел штабтың жұмысына атсалысып жатыр. Сондай-ақ Сенат депутаттары зардап шеккендерге көмек ретінде бір күндік жалақыларын аударады. Осындай жағдайда бірлігімізді танытып, жұдырықтай жұмылу аса маңызды. Зардап шеккендердің сауығып кетулерін және жағдайдың тезірек тұрақталуын тілейміз», – деп жазды ҚР Парламенті Сенатының спикері Мәулен Әшімбаев әлеуметтік желідегі парақшасында.

Қазақстандықтар жаппай көмек көрсете алуы үшін құрылған қор мәліметтері мынадай:

«Қайырымдылық KZ» ҚҚ
БИН 220640046689
ИИК KZ82601 A22100 1568 401
«Қазақстанның халық банкі» АҚ БИК HSBKKZKX
Кбе 18

Зардап шеккендерге көмек беруді желеу етіп, қаражат жинауда алаяқтық әрекеттерді болдырмау үшін жергілікті әкімдік осы көрсетілген реквизиттерге ғана аударымдар жасауды сұрайды.