ТАЛҒАР АУДАНЫНДА ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНДА ЖАҢА МЕКТЕП ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

ТАЛҒАР АУДАНЫНДА ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНДА ЖАҢА МЕКТЕП ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Талғар ауданында 49 700 бала оқу жылын бастады. Өткен жылмен салыстырғанда биыл мектеп табалдырығын аттаған бала саны көп. Талғар ауданы әкімдігі білім бөлімінің мәліметі бойынша, бала саны екі жарым мыңға артқан. Дегенмен 11-сыныпқа өткен оқушы саны аз. Биылғы түлек саны – 1 686, былтыр 11-сыныпты 1 702 оқушы аяқтаған. Ал бірінші сыныпқа өткен балалардың саны, керісінше, өскен. Биыл 5300 бала оқушы атанып, бірінші мәрте алғашқы қоңыраудың үнін естіді. Ал былтыр Талғар ауданында 5 214 бала бірінші сыныпқа қабылданған болатын.

Биыл жаңа оқу жылын Талғар қаласының 600-ге жуық оқушысы жаңа мектепте бастады. Білім күні мерекесінде аудан орталығында су жаңа 1200 балаға арналған №25 мектеп-гимназиясы оқушыларға есігін айқара ашты. Жаңа мектептің ашылуына аудан әкімі Қайдар Әбдіханов пен Алматы облысы білім басқармасының басшысы Салтанат Бесбаева, облыстық білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының меңгерушісі Алуа Қабдулова және аудандық білім бөлімінің басшысы Қарлыға Сәдуақасова, аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Фарида Бегенбаева қатысты. Осы жаңа мектептің арқасында биыл ауданда 3 ауысыммен оқытатын мектептердің саны азайған. Талғар аудандық білім бөлімінің басшысы Қарлыға Айсабекқызының айтуынша, былтыр ауданда 7 бірдей мектепте балалар 3 ауысыммен оқыған. Енді биыл №25 мектеп-гимназиясы пайдалануға беріліп, 3 ауысыммен оқытатын білім ошағының саны біреуге қысқарды. Талғар қаласында 3 ауысыммен жұмыс істейтін тек 2 мектеп қалды. Дегенмен аудандық білім бөлімі басшысы тағы 2 мектеп 3 ауысымға өтуі мүмкін деп отыр. Өйткені бала саны жылдан жылға артып келеді.

Білім күнінде басына ақ бантик байлаған балауса қыздар көктемнің көрікті гүлдеріндей көз сүйсіндірді. Жүздері бал-бұл жайнаған балалар мен құшағы гүлге толған ұстаздар мерекенің шырайын келтірді. Бақытты балалық шақтың куәсіндей болған бұл күн жыл сайын ерекше аталып өтетіні белгілі. Мерекелік шараның шымылдығы мың бұралған қыздардың әдемі биімен ашылды. Жаңа мектептің табалдырығын аттаған оқушылар мен ұстаздар оң қолын жүрек тұсына қойып, еліміздің Әнұранын шырқады. Мектеп табалдырығын енді аттаған тәп-тәтті бүлдіршіндер тақпақ орындап, бала тілімен баршаны тәнті етті. Әнші балапан Гауһар Досанқызы «Мектебім» әні арқылы мектебі мен аяулы ұстаздарына деген бала махаббатын, шынайы құрметін білдірді.

Бүгінгі мерекеге арнайы келген аудан әкімі Қайдар Әлиханұлы жаңа мектебіне асыға жет­кен жеткіншектерді білім күнімен шын жүректен құттықтады. Мектеп табал­ды­ры­ғын аттаған балалар мен еңбек жолын бастаған ұстаздардың алдағы жо­лына табыс, қажымас қайрат тіледі. Президентіміз айтқандай, «еңбекқор, отансүйгіш» болуға шақырып, бүгінгі күн білім берудің маңызды қадамының басталуы деп атап өтті. «Арман қуған әр бала болашаққа сеніммен нық қадам басу үшін білім нәрімен терең сусындап, ізденіс жолынан таймауы керек» деп жас жеткіншектере үлкен сенім артты. Облыстық білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева «заман талабына сай салынған зәулім ғимаратта жаңа оқу жылының ашылуын тарихи кезең» деп бағалады.

«1-қыркүйектен бастап жап-жаңа зәулім ғимарат ел игілігіне беріліп, өз жұмысын бастады. Осындай аумалы-төкпелі заманда біздің балапандарымыз бейбіт елде, берекелі отбасында, өркениетті ортада білім алуының өзі еліміздің орнықты, бейбіт жолмен дамып келе жатқанын білдіреді. Осындай еңселі білім ордасынан елге қызмет етер азаматтар көптеп шығады деп үміттенем», — деп сенім білдірді Салтанат Беспаева.

1200 балаға арналған мектеп-гимназияның ашылуына ғимаратты салған мердігер компанияның өкілдері де келді. «Bi Global» ЖШС директоры Тимур Уразбаев мектеп директорының м.а. Ақнұр Бестерековаға мектеп кілтін та­быстап, жаңа оқу жылына сәттілік тіледі.

Осылайша, жаңа білім оша­ғының ашылуы үш ауысыммен оқитын мектептер мәселесін жеңілдетіп, балалардың алаңсыз білім алуына жол ашып берді. Айта кету керек, жаңа мектепте бірінші сыныпқа 140 бүлдіршін қабылданған.

«Бір елдің ертеңін көргің келсе, бүгінгі жастарына қара» демекші, бүгінгі ұрпақтың келбеті – ертеңгі ұлттың айнасы. Сондықтан да білім беру қашанда басты назарда. Бүгінгідей жаһандану дәуірінде ұлт ретінде жоғалып кетпеу үшін немесе өзге дамыған елдермен иық теңестіріп тұра алу үшін біздің ұрпақ қашанда білім мен өнердің, ғылымның биігінде мен мұндалап тұру керек.

Зорагүл ӘБДІҚАДІР