ТАЛДЫБҰЛАҚ АУЫЛЫНЫҢ ЕМХАНАСЫ НЕГЕ ҰЗАҚ ЖӨНДЕЛІП ЖАТЫР?

ТАЛДЫБҰЛАҚ АУЫЛЫНЫҢ ЕМХАНАСЫ НЕГЕ ҰЗАҚ ЖӨНДЕЛІП ЖАТЫР?

2015 жылы Талдыбұлақ ауылының амбулаториясына су жаңа нысан қолданысқа берілген. Ауыл халқы заман талабына сай, жап-жаңа емханаларына кіріп, мәре-сәре болған еді. Алайда ел игілігіне берілгеніне екі-үш жыл өтер-өтпес құрылыстың қабырғасы сөгіліп, сылағы түсе бастаған.

Өткен жылы емдеу мекемесі күрделі жөндеуден өткенше «А-Сlass Medical» атты қазақстандық медициналық компаниясы Талғар күре жолының бойында орналасқан «Алатау» дәмханасын жалға алып, халыққа медициналық қызмет көрсетуді сонда жалғастырған болатын. Тойға арналған үлкен залда бір жылға таяу жұмыс жасаған емхана қызметкерлері ешқандай шағым айтпағанымен тұрғындар өздерінің ауыл орталығында орналасқан емханаға кіруін асыға күтіп жүргенін жасырмайды. Осы ауылда туып-өскен зейнеткер Бақытгүл Надирбаева:

«Дәмханада арнайы кабинет жоқ. Медициналық жабдықтармен жабдықталмаған. Үстіңгі қабатын меншік иесі жекелеген отбасыларға жалға берген. Үлкен күре жолдың бойында орналасқандықтан сәбилерін жетелеген аналар мен үнемі емхана жағалайтын қарт кісілердің жолдан өтуіне де қолайсыз. Мектеп оқушыларын ата-аналары өз бетінше жібере алмайды», – деп мұңын шақты.

Ауыл тұрғыны Оңалхан Сейітқанқызының да бұл жағдай жанына батқан.

«Жазда, тіпті, ауа жоқ. Үлкен залдың бір жағында науқастарға система қойылып жатса, екінші жағында біреуге диагноз қойылып жатады. Тіпті, әйелдерді қарайтын бөлек орын жоқ. Жәй ғана қалқалай салған. Олар бір шетінде киініп, шешініп жатады. Әр әйелді қарап болған соң акушер дәрігер залдан шығып, оқшау тұрған кабинетке барып қолын жуу үшін де уақыт кетеді. Осындай жағдайда ұзын-сонар кезекте тұрған адамдардың шыдамы шытынамай қайтсын? Тіпті, дәмхананың құрылысы да сын көтеретін хәлде емес. Төбесі түсіп кетпеу үшін бірнеше жерінен тіреу қойылған. Дегенмен осында қызмет атқарып жатқан медицина қызметкерлерінің біліктілігі мен жұмыс сапасына еш шағымым жоқ», – деп өз ойын ашып айтты Оңалхан Сейітқанқызы.

Соңғы статистикаға сенсек, Талдыбұлақ ауылы тұрғындарының саны бес мың сегіз жүз адам. Алайда бұл елді мекенде тұратын жан саны бұдан әлдеқайда көп болуы бек мүмкін. Алматыдай үлкен мегаполистің тура іргесіндегі Талдыбұлаққа республикамыздың түкпір-түкпірінен келіп, үй жалдап, қаладан ырызғысын тауып жүргендер аз емес. Еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін ауруына ем іздегендердің бәрі осында сабылады.

Ал ауылдық емхананың жөндеу жұмыстары болса әлі жүріп жатыр. Қолдануға дайын емес. Бір жылға созылған жұмыстың қашан бітетінін және неге ұзаққа созылғанын білу үшін Талғар аудандық медициналық қызметтерді және ішкі аудиттің сапасын бақылау бөлімінің басшысы Меруерт Жүнісовамен сұхбаттастық. Бөлім басшысының айтуынша, «А-Class Medical» Талғар аудандық орталық ауруханасын қарамағына алғаннан оған қарасты ауылдардағы барлық амбулаторияларды он бес жылда жөндеуге келіскен.

«Бірақ компания ауруханалардың жағдайының төмен екенін, дәрігерлердің нашар жағдайда қызмет етіп жатқандарын көріп, жөндеу жұмыстарын ертерек қолға алып, бір-екі жыл ішінде аяқтауды жоспарлаған. Жасалуға тиісті 29 амбулаторияның ішінде Талдыбұлақ, Белбұлақ, Нұра ауылдарының механаларына қатысты рұқсат қағазы кеш шыққан себепті жұмыс кешігіп басталды. Жұмсалған барлық қаражатын жеке компания өз есебінен шығарып отыр», – деп сөзін түйіндеді.

Талғар ауданы орталық ауруханасы директорының алғашқы медициналық санитарлық көмек көрсету бойынша орынбасары Тимур Ақмырзаұлы да пікірін білдірді.

«Құрылыс әуел басында сапасыз салынған. Сыртын жылтырата салғанымен, көп өтпей сыны кеткен. Ауданымыз қауіпті сілкініс аймағы болғандықтан құрылыс сапасына қатты мән беріп жатырмыз. Қақыраған қабырғаларды құлатып, қайтадан ірге тасынан бастап қалап, қандайда бір сын-қатерге төзімді болуын қадағаладық. Тіпті, құжат жұмыстарының да шикілігі көп. Жөндеу жұмысының ұзап кетуінің тағы бір басты себебі – инфляцияның өсуі. Халықаралық жағдайдың тұрақсыздығына байланысты шекаралар жабылып, шетелден келетін құрылыс заттарының бағасы тым шарықтап кетті. Сондықтан құрылыс жұмысы баяу жылжып жатыр. Сақталған мәселелер бар екені рас. Алайда бәрі уақытша. Ауыл халқы сабырлықпен күтсе, жыл соңына қарай жөндеу жұмысы аяқталып, сапалы, жап-жаңа нысанға кіреді. Әрі амбулаторияға қосымша штаттар бөлініп, шағын медициналық аппараттар беріледі. Жедел жәрдем көлігі де іске қосылып, аурухана тарихында болмаған тың жаңалықтар болады», – деп сендірді Тимур Ақмырзаұлы.

Яғни, Талдыбұлақ ауылы амбула­то­рия­сының күрделі жөндеу жұмысы жа­қын арада аяқтала қоймайды. Бұл дегеніміз дертіне дауа іздеген ауыл тұрғындары бәрі бірдей бір дәмхананың ішінде көрінуге әлі де мәжбүр болады деген сөз.

Зорагүл Әбдіқадір