МҰХАРРАМ АЙЫНЫҢ ҚАНДАЙ КЕРЕМЕТ ҚАСИЕТІ БАР?

МҰХАРРАМ АЙЫНЫҢ ҚАНДАЙ КЕРЕМЕТ ҚАСИЕТІ БАР?

Бүкіл мақтау-мадақ әлемдердің Раббысы Аллаһқа болсын! Екі дүние сардары, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға Алланың салауаты мен сәлемі болсын! Биыл 2022 жылы 30 шілде Мұхаррам айы кіреді. Мұхаррам айы – мұсылманша жыл басы. Ислам жыл санауы «һижра жыл санауы» деп аталады. Себебі бұл жыл санау һижрадан – Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Меккеден Мәдинаға қоныс аударуынан басталады. Барша мұсылман қауымын үстіміздегі кіріп келген қасиетті Мұхаррам 1444-ші һижри жаңа жыл басымен құттықтаймын! Күллі мұсылман қауымы үшін мүбәрәк болғай! Жаратқан Алла ауыртпашылық пен қиыншылықтарды ескі жылдың еншісінде қалдырып, һижри жаңа жылында Раббымыз әрбір шаңыраққа құт-береке, бақытты ғұмыр сыйлап, тұғырлы еліміздің егемендігін баян­ды етіп, бастарынан таршылық пен тауқымет кешіп жатқан мұсылман елдеріне тыныштықты нәсіп еткей!

Хасан әл-Басри (р.а.): «Шын мәнінде, Алла жылды Мұхаррам айы­мен бастап және осы аймен жылды аяқтайды» деген. «Мұхаррам» сөзі «қасиетті», «тыйым салынған» дегенді білдіреді. Бұл ай Құран Кәрімде айтылған қасиетті төрт айдың бірі. Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Мұхаррамды «Алланың айы» деп атаған. Әбу Һурайрадан (оған Алла разы болсын) жеткен риуаятта Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Рамазан оразасынан кейінгі ең абзал ораза – Алланың айы мұхаррам айында тұтылған ораза», – деген. Мүслім риуаят еткен. Мұхаррам айының оныншы күні – Ашура күні деп аталады. «Ашура» сөзі араб тілінде «ъашара» он санынан шыққан. Бұл күн Мұхаррам айының оныншы күніне сай келгендіктен «Ашура», яғни, оныншы күн деген атау берілген.

Алла қаласа биыл 30 шілде Мұхаррам айы кірсе, 8-ші тамыз Ашура күні күтілуде. Ашура күні – орны бөлек қасиетті күн. Оның қасиеті көнеден мәлім. Бұл күні көптеген пайғамбарлар а.с. ораза тұтқан. Әбу Һурайра (р.а.): «Ашура күні пайғамбарлар ораза тұтқан. Сендер де ораза тұтыңдар», – деген хадис риуаят еткен. Пайғамбар (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) Мадинаға келгенде яһудилердің Ашура күні ораза тұтқанын көрді. Оларға Алла елшісі: «Сендер ораза тұтып жатқан бұл қандай күн?» – деп сұрады. Олар: «Бұл – ұлық күн. Алла бұл күні Мұса мен оның қауымын құтқарып, перғауын мен оның қауымын суға батырған. Мұса шүкіршілік ретінде осы күні ораза тұтқан. Біз де ораза тұтамыз», – деді. Сонда Алла елшісі (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын): «Біз сендерге қарағанда Мұсаға әлде қайда жақынбыз», – деп, ораза тұтты және басқаларға да ораза тұтуды бұйырды делінген. Рамазан оразасы парыз болмастан алдын Пайғамбар (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) және мұсылмандар бұл оразаны тұтатын. Рамазан оразасы парыз болған соң Алла елшісі (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын): «Ашура – Алла күндерінің бірі. Кім қаласа тұтсын, кім қаламаса тұтпасын», – деген. Яғни Рамазан айында ораза парыз болғаннан кейін, Ашура күні ораза ұстау ерікті болды, қалаған адам Ашура күні ораза ұстасын, қаламаған адам ұстамасын.

Мүслім риуаят еткен хадисте Алланың елшісі с.а.с. бұл күнде ораза тұтудың артықшылығы жайында: «Ашура күнінің оразасы өткен жылғы күнә-қателіктер үшін кәффарат (өтем)», – деген. Мүбәрәк хадис шәріпте Пайғамбар с.а.с. : «Келер жылы тоғызыншы күні де ораза тұтармын», – деген. Өйткені Алланың елшісі с.а.с. әрбір ісін яһудилердікіне ұқсатпауға тырысқан. Алайда Пайғамбар (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) келесі жылы дүниеден озды. Ибн Аббастың (р.а.) айтуынша, Алланың Елшісі с.а.с.: «Ашурада ораза тұтыңдар және яһудилерге кері іс жасап, алдыңғы не кейінгі күнді де қосып тұтыңдар», – деген. Ахмет риуаят еткен. Ханафи мазһабындағы атақты пәтуа жинақтарының бірі «әл-Фәтәуә әл-Һиндия» кітабында «Ашура күнімен бірге оның алдындағы Мұхаррам айының тоғызыншы күнін бірге тұту сүннет. Ал Ашура күнін жалғыз тұту мәкрүһ» делінген. Дегенмен өзге мазһабтарда Ашура күнін жалғыз тұту мәкрүһ іске саналмайды. Жалпы алғанда шариғат ғұламалары Ашура оразасын ұстаудың үш деңгейін ұсынады. Ибн Хажар әл-Асқалани «Фатхул-Бари» кітабында былай дейді: «Ашура оразасы үш деңгейлі: ең азы сол күнді ғана тұту; екіншісі оның алдындағы күнмен бірге тұту; ең көбі алдындағы және артындағы күндермен қосып үш күн етіп тұту». Яғни ең азы 1 күн, ең көбі 3 күн. Мысалы, биыл 8-ші тамыз Ашура күні болса, оған бір күн алдын немесе бір күн кейін етіп екі күн ұстаған абзал немесе 7,8,9-шы тамыз үш күн ораза ұстау, тіпті, жақсы.

Алла Елшісі с.а.с. өзінің мүбәрәк хадисінде: «Қандай да бір пенде Алланың жолында бір күн ораза тұтса, Жаратушы сол күннің құрметіне оның жүзін жетпіс жылға тозақ отынан алыстатады», – деп нәпіл оразаның мәртебесін ұлық етіп көрсеткен. Ашура күнінде ерекше айтулы, әрі маңызды оқиғалар болған. Фақиһ Әбу Ләйс Самарқанди (р.а.) айтуы бойынша, Ашура күні болған оқиғалардың кейбірі мыналар:

– Адам (ғ.с.) пайғамбардың жаратылуы, жұмаққа кіруі және жұмақтан шығарылғаннан соң тәубесінің қабыл болуы.
– Ибраһим (ғ.с.) пайғамбардың дүниеге келуі. «Халилуллаһ» мәртебесіне көтеріліп, Нәмруттың отынан құтылуы.
– Ыдырыс (ғ.с.) пайғамбардың аспанға көтерілуі, Әюб (ғ.с.) пайғамбардың ауруына шипа табуы.
– Юнус (ғ.с.) пайғамбардың балықтың қарнынан шығып, Сүлеймен (ғ.с.) пайғамбарға салтанат пен мал-мүлік берілуі.
– Иса (ғ.с) пайғамбардың дүниеге келуі. Өзіне қастандық ойлаған яһудилердің қолынан құтылып, аспанға көтерілуі.
– Мұса (ғ.с.) пайғамбар мен  үмметі, перғауынның зұлымдығынан құтылып, перғауынның суға батуы.
– Нұх (ғ.с.) пайғамбардың кемесі Жуди тауына тоқтап, жерге аяқ басуы.
– Хз. Хусейіннің (р.а.) шәһид етілуі.
– Қиямет күні де, осы Ашура күні болады, – делінген.

Пайғамбарымыз с.а.с.: «Кім ашура күні отбасына кеңшілік көрсетсе, Алла оған жыл бойы кеңшілік көрсетеді», – деген (Суюти, «әл-Жамиғ ус-Сағир»). Олай болса, ұлық айдың қадір-қасиетін ескеріп, оған ерекше ден қойғанымыз жөн болмақ. Әрине, ұстайтын оразамыз, жасайтын жақсылығымыз, қылар тәубамыз мұның барлығы айналып келгенде өзіміз үшін. Дегенмен сауаптар еселей түсетін қасиетті Мұхаррам айы мен Ашура күнінің жақсылықтарынан құр қалмай, отбасы, ағайын-туысқанға да кеңдік көрсетіп, осы айдың қадір-қасиетін жеткізгеніміз жөн болар.

Заманымыз тыныш болсын, жылдан жылға аман есен жете берейік құрметті, қадірменді ағайын бауырлар.

Бақтияр Жақсылықов, қари