ДҮКЕНШІЛЕР НЕ СЕБЕПТІ КASPI QR-ДІ ӨШІРІП ТАСТАУДЫ ӘДЕТКЕ АЙНАЛДЫРҒАН?

ДҮКЕНШІЛЕР НЕ СЕБЕПТІ КASPI QR-ДІ ӨШІРІП ТАСТАУДЫ ӘДЕТКЕ АЙНАЛДЫРҒАН?

​Жуырда Талғар қаласының орталық базары маңындағы бір дүкенге кіре қалдым. Әлгі дүкен ғимараттың тұтастай бір қабатын алып жатыр. Көбіне осы дүкеннен сауда жасап үйреніп қалғанбыз. Өйткені бұл жерде өзге сауда орындарына қарағанда заттардың бағасы арзандау, сатып алуға тиімдірек. Оның үстіне Кaspi QR-мен төлесең, жұмсаған ақшаңа қарай бонус та жинай аласың. Алайда бұл жолы кассадағы қыз: «Кaspi QR істемей тұр. Мына нөмірге аудара салыңыз», – деп телефон нөмірін ұсынды. Көрсетілген сумманы әлгі нөмірге аудардым. Әйтсе де, көңілімді бір күдік мазалай берді. Себебі телефонымда «Бұл дүкенде Кaspi QR-мен сауда жасай аласыз» деп шығып тұрған хабарлама күдігімді молайта түсті. Содан дүкен әкімшілігіне жолығып, мән-жайға қанықпақ болдым.

Әкімшілік іс басқарушысы жап-жас қыз екен. Оған мән-жайды айтып:

– Кaspi QR-ларыңыздың істемей тұрғаны тұтынушылардың құқығын бұзу болып табылмай ма? – деп сұрадым.

– Аға, жасыңыз үлкен, түсінігіңіз бар адамсыз ғой. Біз де пендеміз. Қай дүкеннің қожайыны болса да, өне бойы тапқан табысын өзгемен бөлісе бергісі келмейді ғой. Кейде осылай «Кaspi QR істемей тұр» деп айтуға мәжбүр боламыз. Оған түсіністікпен қарасаңыз, – деді.

Іс басқарушы қыздың мына сөздері мені одан сайын қызықтыра түсіп:
– Сонда мұнда тұрған қандай құпия бар? Сырларыңызбен бөлісе аласыз ба? – деп сұрадым.

– Бөлісуге болады. Бірақ бір шартым бар.

– Шартыңды айта ғой…

– Шартым – аты-жөнім мен дүкен құпия болып қалсын.

– Жарайды.

– Онда сізге бір сауал қояйын. Өзіңіз Кaspi Gold-іңізден басқа банктің карточкасына ақша аударғанды жақсы көресіз бе?

– Мүмкіндігінше аудармауға тырысамын.

– Неге?

– Өйткені басқа банк карточкасына аударған кезде белгіленген пайызды ұстап қалмай ма?

– Міне, біздегі мәселе де осыған ұқсас. Өзім банк саласын соншалықты жақсы біле бермеймін. Дүкеніміздің бухгалтері бізге не істеу керектігін ескертіп отырады. Сол кісінің айтуы бойынша біршама жайды ұққандай болғанмын. Енді өзіңізге сол мәселелер жайында айтып берейін, – деп сөзін жалғап кетті. – Қазіргі кезде кез келген дүкенде Кaspi QR немесе өзге банктердің посттерминалы болуы міндеттелген. Бізде Кaspi QR бар. Алайда біз мұны жыл бойы толығымен пайдалана алмаймыз. Себебі біз оны күн сайын пайдаланатын болсақ, айлық, жылдық айналым есептеледі. QR-ға түскен ақшаның барлығы таза табыс емес. Оның ішінде тауардың құны, тасымалға, жүк тиеушілерге, қыз­меткерлерге төленетін жалақы да бар. QR-ға түскен ақша екі түрлі жолмен ұсталады. Біріншісі – белгілі бір шекке дейін, ол мүмкін жылына шаққанда 8 миллион теңгеге дейін болуы мүмкін, түскен қаржының 1 пайызы банк есепшотына кетіп отырады. Бұл банкінің көрсеткен қызметі үшін ұсталатын ақша. Мұны төлеу соншалықты қиындық туғызбайды. Екіншісі – осы аталған шектен сомаңыз асып кететін болса, банктің ұстайтын пайызы артып кетеді. Бұл біздің тауып отырған табысымыздан да көп болып шығуы мүмкін. Біз сататын тауарларымыздың үстіне бар-жоғы 10 пайыз ғана қосамыз. Өйткені одан көп қосатын болсақ, тұтынушылардың қалтасына ауырлық туғызады. Осы себепті де бізге келіп сауда жасайтындардың қарасы мол. Талғар ауданының, Есік қаласының да тұрғындары біздің дүкенге жиі келеді. Дүкеніміздегі тауарлардың өзге жақтағыларға қарағанда арзан екенін бәрі де мойындайды. Егер біз QR арқылы сауда жасап, белгіленген шектен асырып жіберсек, тауар құнының үстіне қосып отырған 10 пайызымыз банкіге кетіп қалады. Кім болса да табыс табу үшін жұмыс жасайды емес пе? Тауардың үстіне қосқан 10 пайызды банкіге жіберсек, қожайын қызметкерлеріне, өзіне табысты қайдан алмақ? Мұның сыртында дүкеніміз ИП болып тіркеліп тұрғандықтан төленетін салықтарымыз, зейнетақы қорына аударылатын қаржымыз және бар. Ал енді тауардың үстіне 10 пайыз емес, 20 – 25 пайыз қосатын болсақ, ол тұтынушылардың қалтасына ауырлық тигізеді. Ондай жағдайда клиенттерден айрылып қалу қаупі туады.
– Егерде сіздер тек қана кассалық аппаратпен жұмыс жасасаңыздар ше?

– Кассалық аппаратпен жұмыс жасау біз үшін тиімді. Өйткені біз сол арқылы тікелей салықтарымызды ғана төлеп отырамыз. Әйткенмен тұтынушылар Кaspi QR беретін азын-аулақ бонусқа үйреніп алған. «QR-мен төлеймін» деп тұрып алатындар жеткілікті. QR-ға түсетін ақша бізге салмақ салады.

– QR-дан бас тартуға болмайды ма?

– Олай мүмкін емес. Өйткені оның болуын міндеттеп қойған. Өзге банкілер қызметтерінің ақысын 1,5 , 1,8 пайызға дейін көтеріп қойған. Бұл пайыздар табыстан емес, айналымдағы ақшадан алынады. Яғни, бір затты 2000 теңгеге сатсаңыз, осы 2000 теңгенің 1 пайызы ұсталып қалады. Дүкен қожайынының беретіні мұнымен ғана шектелмейді ғой. Мемлекетке төлейтін салығы, қызметкерлерге беретін айлығы деген секілділер толып жатыр. Үстінде өз отбасын асырау үшін табыс та қалуы керек. Ішіндегі ең арзаны осы болғандықтан, көпшілігі Кaspi QR-ды қойдырып алған, – деп ағынан жарылды іс басқарушы қыз.

Іс басқарушы қыздың айтқан әңгімесінен кейін менің де санама аздап болса да саңылау енгендей болды. Кез келген жерде банкілер өздерінің қосымшаларын күндіз-түні тынбай жарнамалап, жұртты бонустарымен қызықтырып жататынының астарында осындай қаржы көздері жатқандығын енді сезінгендеймін. «Елдегі тауарлардың қымбаттауына, қарапайым көпшілікке қолжетімсіз болып бара жатуына банк қызметтерінің айтарлықтай-ақ үлесі бар екен» деген ойда қалдым. Бұл тұрғыда Сіздер не айтар едіңіздер, оқырман қауым?

Кенжеғали СЕРІКБАЙҰЛЫ