АУДАН АТЫН АЛЫСҚА ТАНЫТҚАН АЛТЫНШЫ СЫНЫПТАҒЫ БАТЫР

АУДАН АТЫН АЛЫСҚА ТАНЫТҚАН АЛТЫНШЫ СЫНЫПТАҒЫ БАТЫР

Нұра ауылы мектебінің оқушысы анау-мынау емес, әскери жекпе-жектен Қазақстанның чемпионы атанды! Жас та болса жігері мен шеберлігінің арқасында өзге аймақтың мықтыларын мойындатқан Дияр Даниярұлын біреу білсе, біреу білмес. Қанжығасы майланып, жүлделі келген кезде алдынан шығып, күтіп алған тек ауылдастары еді. Енді, міне, жас батырмен жақын танысу үшін біз ауылына ат басын бұрдық. Барған бойда өзі жаттығатын Нұра ауылдық Мәдениет үйі ғимаратының ішіндегі жаттығу залына кіріп, чемпионның қалай жаттығатынын көріп қайттық.

Чемпионның жаттықтырушысы Дмитрий Ромащенконың айтуынша, Диярдың жекпе-жекпен шұғылданып жүргеніне бір жыл ғана болған. Бұған дейін еркін күреспен айналысыпты. Соған қарамастан, аз уақытта жекпе-жектен Алматы қаласының чемпионы, қала ішіндегі жарыстардың жүлдегері атанып үлгерген. Ал соңғы мәрте 11-13 наурыз аралығында Қостанай қаласында өткен республикалық чемпионатта әскери қоян-қолтық ұрыс түрінен бірінші орын алып, чемпион атанды! 300-ге жуық бала қатысқан жарыста 33 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, бес қарсыласын айқын басымдылықпен жеңген жерлесімізге ешкім тең келе қоймаған. Жарыс қорытындысы бойынша Дияр 6-мамырда Санк-Петербургте өтетін байрақты бәсекеге жолдама алды. Десе де, Дияр ел намысы сынға түсетін додаға бармас бұрын, 6-сәуірде болатын Қазақстан чемпионатына қатысып, шеберлігін бір сынап көрмек.

-Мен осы спорт түріне үлкен қызығушылықпен келдім. Болашағымды жекпе-жек өнерімен байланыстырғым келеді. Арманым түрлі тұжырымдар бойынша чемпион атану. Спорттағы еліктейтін адамым — Дамир Исмагулов,

-дейді жеңімпаз.

Небәрі алтыншы сыныпта оқитын чемпионның ата-анасы ұлдарының осы спортқа келуіне еш қарсылық танытпай, керісінше, қолдаған. Дамир жаттығатын жерде өзі секілді жүзге тарта қарадомалақтың барын білдік. Жаттықтырушының айтуынша, спорт секциясына келетін балаларды жас ерекшелігіне қарай үш топқа іріктейді. Сегіз жастан асқан балаларды қабылдайтын бұл спорт үйірмесінде қырық баладан жаттығатын екі топ, жиырмаға жуық спортшы жаттығатын бір ересектер тобы бар.

-Олипиадалық спорт түріне жатпайтын болғандықтан, спорттың осы түріне жасалған арнайы бағдарламалар жоқ. Сол себепті де, өзімізді-өзіміз қаржыландыруға тура келеді. Біздің клубқа келіп жаттығу үшін әр баладан ай сайын 3 мың теңдеген аламыз. Десе де, ауылдық жер болғандықтан, «қызығушылығы бар, бірақ жағдайы жоқ кейбір балаларға қол жетімсіз болып қалмасын» деп ыңғайына да қараймыз,

-дейді Дамирдің жаттықтырушысы.

«Туған жерге туыңды тік» демекші, бапкер Дмитрий осы Нұра ауылында туып өскен. 2013 жылдан бері жекпе-жек өнеріне бет бұрған ол бүгінгі таңда жат -тықтырушылықтан бөлек, Алматыдағы «Тrum Fite» спорт клубында жаттығып, жекпе-жек және греплинг бойынша жарыстарға шығып тұратын көрінеді. Қоржынында ауыз толтырып айтарлықтай Қазақстан Республикасының екі дүркін чемпионы сынды олжалар бар. Міне, осындай тәжірибесін өзінен кейінгі інілерімен бөлісуді міндеті санап келеді. Айта кететін тағы бір жайт, ұлты орыс болса да, мемлекеттік тілде ойын айтып, сұраған ақпаратымызды қиындықсыз ұсынып тұрған Дмитрийге қарап қайран қалдық.

– Алғаш осы залды ашып, жұмысты бастағанда бізге ешкім сенбеді, бірақ балалардың бір жылдың ішіндегі жеткен жетістіктерін көріп, ойлары өзгерді деген ойдамын. Шыны керек, өзімнің ауылым болғаннан кейін барымды салып келемін. Өзім де осы залда Сабырбаев Еркебұлан ағамыздың қолында жаттығып, үлкен спортқа келдім. Сөйткен еңбегім де ақырындап ақталып келеді. Шәкірттерімнің аяқ-алыстары өте жақсы, көңіл қуантарлық. Алдында, Дияр жүлдемен оралғанда, Нұра ауылының тұрғындары құрметтеп, күтіп алды. Ал енді аудан тарапынан ешкім елеген жоқ демейміз. Себебі, бұл батырдың болашағы әлі алда, талай биікке шығады. Құрметке бөленетін күн алда,

— дейді ол.

Осылайша, жасаған жұмысын міндетсінбей, ауылы үшін аянбай еңбек еткен жігіттің Дияр Даниярұлындай шәкірт-терінің көп болуын тілеп қайттық.

Дархан МАҚСАТҰЛЫ, тілші
@darkhan_auk