«Желтоқсанға тағзым» белгітасы бой көтерді

«Желтоқсанға тағзым»  белгітасы  бой көтерді

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығына орай ауданымызда тағы бір игі шара өткен болатын. Тарихи құндылықтарымызды халыққа жан-жақты таныту, әрі мемлекеттік рухты көтеру мақсатында ауданымыздағы ескерткіштер саны жағынан тағы бір тарихи ескерткішке толықты. 16-желтоқсан күні қаламыздағы «Жеңіс» саябағында «Желтоқсанға тағзым» белгітасы бой көтеріп, ашылу салтанаты өтті.

Аталмыш жиында алғашқы сөзді аудан әкімі Қайдар Абдыханов алып, еліміздің өткен тарихынан сыр шертіп, желтоқсаншылардың ерлігі мен өрлігі туралы сөз қозғады. Одан кейін «Желтоқсан ақиқаты» РҚБ-нің төрағасы Бейсенғазы Сәдуұлы мен қоғам қайраткері Дос Көшіммен бірге белгітастың лентасын қиды. Лег-легімен белгітасқа жақындаған аудан басшылары, желтоқсаншылар, Ауған соғысы ардагерлері мен жастар гүл шоқтарын қойып, желтоқсан көтерілісінде қаза тапқан боздақтардың рухына тағзым етті. Белгітас алдында естелік суретке түсті.

Қаншама зобалаң жылдарды бастан өткерген қазақ халқының айтқан зары, кешкен мұңы, жүріп өткен тар жолдары – бәрі-бәрі бүгінгі ұрпақтың құлағында, жүрегінде, мәңгі есінде сақталатыны сөзсіз. Өткен ғасырдың соңында ызғарлы желтоқсанда қазақ жастары сыннан сүрінбей өтіп, ұлттық намысты патриоттық сезіммен қорғап қала білді. «Қазақстан» деп аталатын мемлекеттің бар екенін, оның қожасы «Қазақ» деген халық екенін бүкіл әлем елдері мойындады. Бұл желтоқсанға қатысқан қазақ жастарының жетістігі. Сондықтан да ел тарихында Желтоқсан көтерілісі алтын әріппен жазылып қалатыны анық. Ал желтоқсандық боздақтарға арналып қойылған белгітасқа талғарлық жастар тағзым етіп тұратын болады.

Перизат Нұрқаева,
«Талғар»